Жамбылдық дүкендерде отандық тауарлар барлық сатылымның 80 пайызын құрайды

Тараздағы ең ірі «Арзан» және «SMALL» супермаркеттерінің иелері Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері әрқашан да өзінің жоғары дәмдік қасиеттерімен жоғары сұранысқа ие болып келеді, ал соңғы кездерде импорттық тауарларды едәуір ығыстыра түсті, деп атап өтті.
«Меркеден, Қордайдан және Жуалыдан ірімшік, сүт, айран, сүзбе өнімдерінің бірнеше сорты келіп түседі. Басқа аудандардан жергілікті шұжық өнімдері жеткізіледі, - деді «Арзан» супермаркетінің басшысы Тимур Халелов. - Жарма және ұн өнімдері бағалары 15 пайызға арзандады. Жамбылдық барлық тауарларға сұраныс үлкен».
Бүгінде облысқа республиканың басқа өңірлерінен қалбырлар, өсімдік майы және сарымай, кәмпит, арақ-шарап, темекі өнмдері, жұмыртқа, төсек-орын келіп түседі.
Супермаркет қызметкерлерінің айтуынша, шетелден тауар импорттау тиімді емес, өйткені қазақстандық өнімдердің бағасы сатушының ғана емес, сатып алушының да көңілінен шығып отыр.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар супермаркеттерді және коммуналдық дүкендерді аралап шығып, қазірдің өзінде жамбылдық дүкендердегі отандық тауарлар үлесі барлық өнімдер түрінің 80 пайызын құрайды деген тоқтамға келді.
Тараздық зейнеткерлердің пікірінше, коммуналдық дүкендердегі бағалар көңілден шығады. Ұнның 1 келісі 68 теңге, сәбіздің келісі - 50 теңге, он жұмыртқа - 180 теңге, 1 келі қияр - 300 теңге.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда жасалған» акциясын іске қосуды ұсынған болатын.