Жамбылдық құтқарушылар ұшақ апатынан тірі қалған «Балқаштүстімет» қызметкерінің хал-жағдайы туралы хабардар етті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Шу ауданындағы АН-2 ұшағының апаты кезінде тірі қалған жолаушы әйел ауыр жағдайда шұғыл түрде «Төле би» жедел құтқару бригадасымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады Жамбыл облысының ТЖД-інің баспасөз қызметінен.
None
None

«Қазір зардап шегуші ауыр күйде апат болған жерден 60 шақырым қашықтықтағы Шу қаласында орталық аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның аяқтары көп жерінен сынып, ондаған жарақаттар алған», - деді ҚазАқпарат агенттігінің тілшісіне Жамбыл облыстық ТЖ департаментінің бастығы міндетін атқарушы Бағдат Данилов.

29 жастағы Әсем Шаяхметова «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас геологы болып қызмет атқарады. Естеріңізге сала кетейік, 20 қаңтар күні сағат 15:40-та Жамбыл облысының Шу ауданында, Төле би ауылынан шығысқа қарай 45 шақырым жерде Балқаш-Шатыркөл кен орны бағыты бойынша ұшып келе жатқан АН-2 ұшағының апаты орын алды. Оның салдарынан «Қазақмыс» корпорациясының үш қызметкері: техникалық даму департаментінің директоры Г.Т.Төлеубаев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас механигі Е.Б.Ибраев, «Балқаштүстімет» ӨБ-інің техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы У.Х.Есмағанбетов апат орнында көз жұмды, ал «Балқаштүстімет» ӨБ-інің бас геологы Ә.А.Шаяхметова ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ барлық экипаж мүшелері - АН-2 командирі В.Г.Клюшев, екінші ұшқыш В.П.Савельев және борт механигі В.И.Литвинов қаза тапты. Ұшақ құлаған ауданға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Шатыркөл» кен орны қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, Қарағанды және Жамбыл облыстары Төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқару бөлімшелері және Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы жіберілген.

Соңғы жаңалықтар