Жамбылдық мақсары майын шығаратын зауыт өз өнімдерін экспортқа шығаруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы экологиялық таза мақсары майын шығаратын зауыт енді өз өнімдерін Қытай, Голландия және Бельгия нарығына шығара бастады.
None
None

Сұраныс артқандықтан, кәсіпорын мемлекеттен алған 115 миллион теңгеге жаңа құрал-жабдықтар алып, өндіріс қуатын еселеді. Енді өнім сапасын арттыру арқылы экспорт көлемін де ұлғайтпақ, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл зауыт ескі астық қабылдайтын мекеме базасында ашылған. Кәсіпорын бастапқыда жұмысын 2000 тонна мақсары өңдеу мүмкіндігі бар қондырғымен бастаған еді. Уақыт өте келе сұраныс артып, алғашқы әкелінген жабдықтардың өнімділігі жеткіліксіз болды. Сондықтан Қытайдан қуаттылықты еселейтін жаңа жүйе сатып алынды. Нәтижесінде зауыт тәулігіне 30 тонна мақсары сығатын мүмкіндікке ие болды. Қазір өндіріс орнының жұмысшылары арнайы оқытылып, заманауи технологияның тілін жетік меңгеріп алған.

«Бірінші температураны көтереміз. Содан кейін ары қарай ыстық леп жібереміз. Арнайы пеште температура қосымша көтеріледі. 100 градусқа дейін көтереміз. 100 градусқа көтергеннен кейін мақсары қызады. Мақсары қызса, майды да жақсы береді»,- дейді аппарат маманы Нұрмахан Балтабаев. Ал оператор Нұрғазы Қалмұрзаевтың айтуынша, былтыр мұнда 7 мың тонна мақсары өңделген. Оның жартысынан көп бөлігі шикізат күйінде экспортқа жөнелтіліпті. Ал қалғаны зауытта сығылып, 150 тонна май шығарылған. Келесі жылы бұл көрсеткішті 2 есеге көбейтпек. Ол үшін көктемде тәулігіне 70 тонна май сыға алатын қосымша жартылай автоматтандырылған қондырғы орнатылмақ. Ал отандық өнімге негізгі тапсырыс беруші көрші Қытай елі екен.

«Дән күйінше Қытайға 5300 тоннаға жуық, Голландияға 300 тонна жібердік. Ал Қытайға 120 тонна, Бельгияға 60 тонна жібердік. Қазіргі күнге 40 тонна май дайындап қойдық. Оны біз Голландияға жіберейін деп жатырмыз. Зауытқа қажетті дән жекелеген шаруалардан қабылданады»,-дейді зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Әнуарбек Сағындықов.

Биылдан бастап кәсіпорын мақсарыны өздері екпек ниетте. Ол үшін Тұрар Рысқұлов, Сарысу және Жуалы аудандарынан 8 мың гектар жер дайындалған.

Соңғы жаңалықтар