Жамбылдық полицейлер такси жүргізушісін өлтірген қауіпті қылмыскерді ұстады

Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері анықтағандай, жәбірленуші, Алматының 62 жастағы тұрғыны өзінің «Мерседес-Бенц 320С» жеңіл көлігімен Алматы-Бішкек және кері бағыт бойынша жолаушылар тасымалдаумен айналысқан.
Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, облыстың барлық бекеттері мен полицейлік патрульдері шетелдік көліктің ұрланғаны туралы хабардар етіледі және қылмыскерді ұстау туралы бұйрық алады. Көп ұзамай ол Мерке ауданындағы «Тәтті» бекетінің маңында тәртіп сақшыларының көзіне түседі.
«Тәтті» бекетінде біз оны күтіп тұрдық. Бірақ ол тоқтамастан, кері бұрылып, Рысқұлов ауданына қарай қашты. Біз оның ізіне түстік. Кенеттен ол Абай ауылына қарай бұрылып, ашық тұрған қақпалардың біріне кіріп кетті», - дейді жол-патруль қызметі бөлімінің үшінші взводының командирі, полиция аға лейтенанты Бағдад Қожахметов.
Қарулы қылмыскер машинаны тастап, бау-бақшалардың ішімен тау жаққа қарай қашқан. Ізіне түскен командир, бірнеше шақырымнан кейін оның өкпесін өшіріп барып, қолға түсірген. Қашқыннан ішінде екі травматикалық тапанша бар жол сөмкесі табылды, әлгі тапаншаның біреуі зардап шеккен такси жүргізушісінікі болған.
Ұсталған азамат Алматыдағы «Сайран» автовокзалында қарт жүргізуші мінген «Мерседес» көлігіне көзі түскенін, сөйтіп одан Қордай ауылына жеткізіп тастауды өтінгенін мойындады. Жол бойында ол «Streamer» травматикалық тапаншасынан жүргізушінің желкесінен атып, оны салоннан лақтырып тастаған.
Зардап шеккен такси жүргізушісі екі тәуліктен кейін ауруханада есін жимастан көз жұмды. Қарулы шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.
Жедел мәліметтерге қарағанда, жамбылдық полицейлер 2010 жылы 85 қарулы шабуылдың бетін ашқан, оның 16-сы - көлік жүргізушілеріне жасалған қарулы шабуылдармен байланысты.