Жамбылдық тәртіп сақшылары арасындағы атышулы жанжалға қатысты сот отырысы басталды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық сотында Жамбыл облысы ІІД басқарма басшыларының арасындағы атышулы жанжалдың сот процесі басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі құқық қорғау ведомствосына сілтеме жасап.
Айта кетейік, тамыздың 9-нан 10-на қараған түні жамбылдық полиция қызметкерлері Тараз қаласындағы мейрамханалардың біріне барған. Үстел басында-ақ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма басшысы Мұрат Үмбеталиев, криминалды полиция басқармасының басшысы Ерлан Бектұрғанов және бұрынғы полиция қызметкері, қазіргі уақытта Байзақ ауданындағы ХҚКО-ын басқарып отырған Марсел Жетпісбаевтың арасында жанжал туындаған.
Бұл оқиға «Арай-Плаза» мейрамханасына орнатылған бақылау камерасына түсіп қалған. Бейнекөріністе Бектұрғанов пен Жетпісбаевтың Үмбеталиевке жабылғаны, ал оның пышақ шығарып шабуылдаушыларды жарақаттағаны көрсетілген.
Осыдан кейін М.Жетпісбаев ауыр жағдайда аурухананың жансақтау бөліміне түсті, Е.Бектұрғанов уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынып, М.Үмбеталиевке іздеу жарияланды. Қылмыстық іске қатысты екі полиция қызметкері ішкі істер органындағы қызметінен босатылып, дәрежелерінен айырылды.
Болған оқиғаға байланысты Жамбыл облыстық ІІД-інің басшылығы мен 132 қызметкері де жауапқа тартылды. 10 күн өткеннен кейін кінәсін мойындаған М.Үмбеталиев табылды. Оған ҚР ҚК-інің 24-бабында көзделген «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» әрекеті бойынша 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатыр.
Тергеу шараларрын ҚР бас прокуратурасының жедел-тергеу тобы жүргізді. Бұғанға дейінгі сот отырысы 9 қарашада болған. Сот талқылауының бірінші күнінде сот жәбірленуші жақты тыңдады.