Жан қиналмай, жақсы драма жазылмайды

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Нұрлан Нұрахметұлы/ - Біз белгілі жазушы, кейінгі жылдар бедерінде драмалық туындыларымен ерекше көзге түсіп, баспасөз беттерінде жақсы пікірлер айтылып жүрген Жолтай Әлмашұлымен бүгінгі драматургия, режиссер һәм театр туралы сұхбаттасқан едік.
None
None
- Жолтай Әлмашұлы, сізге драматург ретінде бірді-екілі сұрақ қойсам деп едім. - Әдеби ортада «жас» саналып, оның үстіне көп аталмай, елеусіз өмір сүріп жатқан қаламгерлердің бірінен санаймын өзімді. Драматургия туралы сауалды тәжірибесі мол, ел таныған дара дарын, қарымды драматург ағаларымызға қойғаның жөн-ақ болар. - Сізді жас дейтін 60-70 жастағы алдыңғы толқын ағалар шығар. Әйтпесе біз үшін орта буын өкілісіз. Екі роман, елуден аса әңгіме жазып, алуан тақырыптағы он шақты пьесаны дүниеге әкелген қаламгерді елеусіз десек, ол да шындыққа жанаса қоймас. Тым елеусізбін деуіңізбен келісе алмас едім. Бұдан біраз уақыт бұрын Ыстықкөл жағасында өткен Ортаазиялық театр фестиваліне қатысып, бір пьесаңызға сертификат алдыңыз. Оның бер жағында, 2006 жылы маусымда Астана күні қарсаңында қала меценаттарының тәуелсіз сыйлығының «драматургия» аталымы бойынша арнаулы жүлдесін еншілепсіз. Біздіңше, бұл аз табыс емес. - Меценаттардың тәуелсіз сыйлығы «Керемет» деп аталады. Тұңғыш рет ұйымдастырылған екен. Әдебиет саласы бойынша проза, поэзия және драматургияға жеке-жеке жүлделер берілді. Өзгесін айтпағанда, менің «Бәйтерек басындағы кездесу» деген психологиялық драмам 2005 жылы Астанада сахналанды. Соны ескерген болар. Ал, Ыстықкөл фестиваліне арнайы шақырту алсам да, жұмыс ыңғайымен бара алған жоқпын. Қазақстандық делегация екі пьесамды қатыстыруға алып кеткен еді (орысша аудармасын), соның ішінде «Бала бейнелі бақа» деген психологиялық драмаға сертификат бұйырыпты. Енді ол шығарма Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан театрларының сахналарында қойылатын болар деген үміттемін. - Драматургия саласында қол жеткізген осы жетістіктердің өзі-ақ көңіл қуантарлықтай емес пе? - Ұстазымыз, сатира сардары Темірбек Қожакеев айтқандай, «Болмай жатып Белинскиймін, тындырмай жатып Толстоймын» деу қаламгер үшін асқақтық, тіпті ұят та. Алдымызда драматургияның да, оның теориясының да майын ішкен небір майталман ағалар тұрғанда, көсіле сөйлей бергеніміз қалай болар екен деп кей-кейде сұхбат беруден қашқақтайтын әдетім бар. - Сіз Мағжан ақын туралы «Абақты-ғұмыр» деген тарихи-поэтикалық драма жаздыңыз. Ол Түркістан театрында сахналанды. Біз оны 2006 жылғы сәуір айында Түркістан театрының Астана қаласына тұңғыш рет гастрольдік сапармен келген кезінде тамашаладық. - Бұл драмада Мағжан ақын өмірінің бір ғана сәтін, бір ғана үзігін тілге тиек еттім. Жалпы, осы жерде айта кетейін, мен қазақ қаламгерлерінен Мағжан мен Әуезовті көбірек қаузап, зерттедім. Содан да болар, осы екі әдебиет жұлдызы туралы екі пьеса арнадым. Бірі ? «Абақты-ғұмыр», екіншісі ? «Дос - жүрек дос»... Алғашқысы ? сахнаға шықты, соңғысы - әзірлік үстінде. - Ақиық ақын өмірінің орта жолда үзілуіне кім кінәлі? Қоғам ба, әлде, адам ба? - Арқалы ақын туралы осы пьесаны жазбас бұрын оған үлкен дайындық жасадым. Бірнеше ғылыми-зерттеу мақаласын жазып, кітаптар мен еңбектер оқыдым. Сосын ғана барып «жазуға болмайтындай күй» кешкен соң, ақын өмірінің соңғы сәттерінде бастан кешкен көңіл-күйін, жан толғанысын драмалық шығармаға айналдыруға құлшына кірістім. - Пьесада кейіпкерлер тым аз сияқты. - Драмалық шығарманың жақсы, сәтті болуы үшін кейіпкерлердің көп болуы шарт емес. Мағжан өмірінің елеулі белестерін, шығармашылық жетістігін сомдауда небәрі үш кейіпкер алынды. Қойылымдағы негізгі кейіпкерлер - Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов. Ал қосымша - Ақ елес, Қара елес бейнелері арқылы «Абақты-ғұмыр» драмасының көтерген жүгі, алға қойған мақсаты ? бәрі де композициялық жинақылыққа қызмет етеді. Меніңше, артық деталь, көп сөзділік ? драманы босаңсытады. - Сөйтіп, «Абақты-ғұмыр» сәтті сахналанды ғой. - Иә, Мағжан ақын ? сахнада. Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Астана, Қарағанды және басқа қалалардың жұртшылығы күллі түркі дүниесінің шашасына шаң жуытпас шайыры, ұлтымыздың лирик ақыны Мағжанмен соңғы үш-төрт жылда сахна арқылы қайта табысу бақытына ие болды. Бұл пьесаны Түркия театрлары да қызығушылық байқатып отыр. Жақында рұқсат сұрады. - Өткен ғасырдың 37-жылдар ойранын зерделеп, сол салада біршама еңбек еткеніңізді білеміз. Қазақтың кемеңгер ұлдары М. Жұмабаев, Н. Төреқұлов, С. Қожанов, т.б. жарыққа шығардыңыз. Дегенмен, олардың көркем мұраларын зерттеп-зерделеу бір басқа да, ал драмаға айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. - Әрине, зерттеу кітаптармен шектелуге болар еді. Бірақ, өзің де тарихтан жақсы білесің, 1937-38 жылғы зобалаң ? біздің ұлт үшін ең ауыр, ең зор қайғы әкелген, ұлт жанына өшпестей жара салған жылдар. Оны айтып тауысу еш мүмкін емес. Көп ойлана келе, тәуекелге бел буып, әуелі Мағжанды драма тілімен сөйлетіп көрдім. Біршама сәтті болған сияқты. Сосын, Нәзір Төреқұловтың дипломатиялық қызметіндегі бір сәтін қағазға түсірдім. Ол «Сана дерті» деп аталды. Бір айта кететін жайт ? бұны да сол Түркістан театры ұнатты, аттай қалап алды. Бұл драма-элегия 2006 жылғы күзде Түркістанда Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер, марқұм Райымбек Сейтметтің ағамыздың режиссерлігімен сахналанды. Бір сөзбен айтқанда, аталған қойылымда алаштың ардақтыларын баудай қырқып түсірген сталиндік зұлматтың қанды шеңгеліне түскен Нәзір Төреқұловтың шырғалаң тағдыры, өлім мен өмір тоғысындағы сезім иірімдерін мейлінше нанымды беруге тырыстым. Сосын белгілі мемлекет қайраткері, 37-жыл құрбаны Садықбек Сапарбеков пен Сәкен Сейфуллин арасындағы шынайы достыққа құрылған «Фрустракция» деген драма-реквием дүниеге келді. Бұдан соң Сыр бойындағы кәмпеске, һәм репрессия сойқаны туралы «Сүю серті» деген тарихи драма жазылды. Басты кейіпкері палуан жігіт - Қалдан. Кезінде Қажымұқанның батасын алған алып күш иесі. Ол да репрессия құрбаны (Бұл ? «Күлкі мен көз жасы» деген роман-дилогиямның ізімен жазылды). Енді байқап қарасам ? осы төрт драма (ақын, дипломат, қайраткер, палуан) бір үлкен тақырыпты, зұлмат жылдардың картинасын көрсетеді. - Бүгінгі қазақ театрларының хал-ахуалы қандай деңгейде деп ойлайсыз? - Республика театрларының репертуарлары әркелкі. Бәріне бірдей тәуір пьеса жете бермейтіні байқалады. Белгілі драматургтер ақысыз жазғысы келмейді. Осы мәселе жайлы дабыл қаққан режиссерлер де бар. Сосын жергілікті «жазғыштар» көбейіп бара жатыр. Мұндайда, әрине, сапа төмендейді. Мұны театр зерттеушілері әлі айта жатыр. Мен театртанушы емеспін ғой. - Бүгінгі драматургияға көңіліңіз тола ма? - Толады немесе бәрі керемет десем, өтірік сөйлегенім болар. Толмайды десем, аузымды құр шөппен сүрткендей болғаным. Басы сонау Майлин, Әуезов, Мүсірепов, Ахтанов, Мұхамеджановтардан басталатын ұлттық драматургия осы күні тұралап қалды десек, ол өтірік. Мысалы, Ә. Тарази, Қ. Ысқақ, Д. Исабеков, Н. Оразалин, Т. Нұрмағамбетов, И. Оразбаев, И. Сапарбаев, С. Балғабаевтар драма жүгін едәуір көтеріп келе жатқан қаламгерлер. Олардың бірқатарының пьесалары Қазақстаннан асып, алыс-жақын шетелдерде қойыла бастағанын айту ләзім. Мысалы, Д. Исабековтың пьесасы Санкт-Петербургте, С. Балғабаевтың пьесасы ? Қырғызстанда сахналанды. Жалпы айтқанда ? бүгінгі драманың негізгі ұстанған бағыты ұлт рухын көтеру, ұлт құндылықтарын барынша әуелету болып жатса, нұр үстіне нұр. Менің түсінгенім: жан қиналмай, жақсы драма жазылмайды. - Драматургия саласында қалам тербеп жүрген жастар туралы айтсаңыз? - Драматургияға кейінгі толқынның келуі сирек құбылысқа айналды. Қазіргі кезде жемісті еңбек етіп жүрген жастар арасында мен білетіндерден: С.Асылбеков, Е. Аманшаев, Р. Отарбаев, Р. Мұқанова. Бірақ бұлардың алды елуден асып, соңы қырыққа жақындағандар. - Қаламгерлер драматургияға неге аз барады? Оның сыры неде? - Өзім де бұл жайлы ылғи ойлап жүремін. Бәлкім, өте қиын, рахатынан азабы көп, күрделі жанр болғандығынан шығар... - Сонда деймін-ау, драма жазу повесть, роман жазғаннан да қиын болғаны ма? - Солай деуге негіз бар. Драма - өте ауыр да қалтарысы көп қиын жанр. Тақырыпты тереңірек қазып, көрерменді тез, бірден баурап, өзіңе тартып, оның әсіресе көңіл кілтін дөп баса білмесең, есіл еңбегіңнің бос кеткені дей беріңіз. Жазғаның драма емес, дүбара болып шығады. - Басқа қандай драмаңыз сахналанды? - Қызылорда облыстық сазды драма театры «Сүю серті» атты тарихи-психологиялық драмамды сахналады. 2005 жылы Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ сазды-драма театры «Бәйтерек басындағы кездесуді» (психологиялық драма) қойды. - «Бәйтерек басындағы кездесу» - тапсырыспен жазылған дүние емес пе? - Тапсырыспен жазу деген сөзді екі түрлі түсінуге болады. Бірі - әйтеуір қойылады ғой деп күлдібадам дүние тудыру, екіншісі ? қоғам қажет еткен тақырыпты түпкілікті қаузап, ел көретін тәуір дүние жазу. Мен бұл пьесаны тек Астана туралы шығарма деп есептемеймін. Мұнда тағы да адам тағдыры бар. Айталық, осындағы Исатай мен Дабыр ? сонау 1937 жылдары дос болған жігіттер, кейін тағдыр тәлкегімен бір-бірінен көз жазып қалған. Кейіннен екеуі де жастары тоқсанға жеткенде Астанада, «Бәйтерек» басында немерелерімен серуендеп жүріп, кездейсоқ кездесіп қалады. Екеуін табыстырған ? уақыт, тағдыр. Исатай ? «халық жауы» болып ұсталып кетіп, кейін ақталып, елге оралған адам. Дабыр ? саясаттың сойылын соққан солқылдақ мінезді адам. Міне, осы кездесу үстінде екеуі бүкіл қоғам сырқатына баға береді. Әуелі ащы басталған әңгіме аяғында жаймашуақтанып, бүгінгі тәуелсіз еліміз туралы жылы әңгімеге ұласады. - Сізді әдеби орта күні кешеге дейін жазушы һәм ғалым ретінде танып келді. Жазушы дейтіні ? роман, әңгімелер жаздыңыз, ғалым дейтіні ? Мағжанның, Әуезовтің, Нәзір Төреқұловтың шығармашылығын зерттедіңіз. Енді драматургияға бет бұруыңыздың себебін білуге бола ма? - Сырт қарағанда, мені аз білетін кісіге солай көрінетін шығар. Тегінде, мен драма жазумен студент кезімнен айналысқанмын. Бірақ, ол кезде қағаз бетіне түскен бір-екі пьесам достарымның сынынан өтпей қалды. Жастық па, жоқ әлде турашылдық па, білмеймін, сол драмаларды қайта қарап шығып, жетілдірудің орнына, шалт қимылдап, жыртып тастаған едім. Ашуға ерік беріп, «енді драма жазбаймын» дегенім есімде. Сөйтіп, шынымен-ақ жиырма жыл бұл салаға бет бұрмаппын. Соңғы жылдары тәуекелге бел буып, қолға қалам алдым. Алғашқы пьесаларыма жазушы-драматург һәм сыншы ағаларым Т. Әбдіков, Мұрат Әуезов, Д. Исабеков, А. Смайыл, Ә. Сығайлар оң баға берді. Әрине, кемшіліктерін де көрсетті. Сосын марқұм Р. Сейтмет және Х. Теміров, Ж. Хаджиев, О. Сәрсенбек, т.б. режиссер ағалар оқып, сахналауға болады деген пікірлерін айтты. Мені осы сөздер қанаттандырды. - Жақсы драмалық шығармалар дүниеге көптеп келу үшін қандай ұсыныс білдірер едіңіз? - Жыл сайын драмалық шығармалар байқауын тұрақты түрде өткізіп тұру керек. Шығармаларды талқылау кезінде адал бағалау қажет, шын пікір білдіру керек. Әсіресе, драматург пен режиссер арасында тығыз шығармашылық байланыс орнамай, іс бәрібір алға жүрмейді. Өнер үшін ол аса қажет. Сосын, әрине, пьесаға төленетін қаламақыны да шешетін уақыт жетті. Еңбектің қандай түрі де ақысыз қалмауы тиіс. Ең бастысы ?шығармаларды талдайтын арнайы комиссия құрылмай болмайды. Сонда ғана сан емес, сапа артады. - Байқау дегеннен шығады, Ыстықкөл фестиваліне қатысқан драмаңыз туралы бір-екі ауыз сөз айта кетпейсіз бе? - Ол өзі қысқа ғана дүние. Бас-аяғы 24 бет. «Бала бейнелі бақа» деп аталады. Ауруханаға түскен екі келіншектің жан сыры. Ішкі ой-сезімі арпалысы... Адам жанының кей-кейде өзіңе бағына бермейтін құпиясы туралы әпсана. - «Тірі жан» деген пьесаңыз республикалық жабық бәйгеде жүлде алғанын білеміз, оның тағдыры не болды? - Ол - өзімде. Тақырыбы ? шетелге бала сату. Міне, осы төңіректегі трагедия. Оны сахналаймын деген театр болса, шығармамды ұсынуға әзірмін. - Тағы да пьеса жазасыз ба? - Жоспар көп, алайда уақыт тапшы. Мен мемлекеттік қызметтегі адаммын. Оның өз жауапкершілігі бар. Өзіңді-өзің кеңсе жұмысына көндіруің керек. Кейде, жасыратыны жоқ, қызмет әуресімен қаламгер екеніңді ұмытасың. - Қаламгерлік еркіндіктің ең басты шарты не деп ойлайсыз? Ол қаржыға ғана тәуелді ме? - Қаржы жағы шешілсе болды, қаламгер еркіндік алды деу қате пікір. Жазушы һәм драматург ең алдымен өз жазғанының шын бағасын алуы қажет. Дүниеге келген әрбір талантты туынды ? ұлттық қазына деген ұғым қалыптастырмай болмайды. Ең басты шарт, меніңше, осы. Міне, содан кейін барып, қаламгерге қанат бітеді. Өзінің не үшін жан қинап жүргенін түсінеді. Екінші шарт ? жарық көрген жақсы кітап мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынып, елге мейлінше молынан таратылуы тиіс. Тиісінше насихатталуы қажет. Драмалық шығарма сахналанып, ел назарына ұсынылса құба-құп. Гастрольдік сапармен ел-елді араласа, ел жүрегіне жетеді. Сосынғы шарт - қаламгердің жеке басының қоғамдағы ролі, абыройы, беделі, халыққа қызметі жан-жақты айтылып отырғаны абзал. - Драмалық шығармаларыңыз жинақталған кітап шықты деп естідік? - Өткен жылы министрлік жоспары бойынша «Өлке» баспасынан «Тірі жан» деген пьесалар жинағым жарық көрді. Естіп-білген театр мамандары қызығушылық танытып отыр. - Әңгімеңізге рахмет!
Соңғы жаңалықтар