«Жаңа адамдар» белсенділері & елорда әкімдігі: заңсыз тасталған қоқыспен күрес
АСТАНА. KAZINFORM — «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Астанада заңсыз тасталған қоқыс үйіндісін жоюға қол жеткізді.

Биыл сәуірде «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Астанадағы Ұлы дала даңғылы бойында орналасқан «Айва» тұрғын үй кешенінің жанында құрылыс және тұрмыс қалдықтары заңсыз төгілген қоқыс алаңын анықтады. Қоқысты белгісіз адамдар күн сайын әкеліп төгіп отырған, ал сол жердегі жұмысшылар қоқысты жай ғана топырақпен араластырып көмген. Салдары экологиялық қауіпке алып келді.
Жаңа адамдар белсенділері жүргізген тергеу жұмыстары БАҚ пен әлеуметтік желілерде дау тудырды. Алайда белсенділер мұнымен шектелмей, жағдайға араласу ұсынысымен әкімдікке жүгінді.
23 сәуірде «AntiTrash Астана» азаматтық науқаны Есіл ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Жұмабайұлымен қоқыс үйілген жерге барды. Әкімдік өкілдерімен бірге тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, аумақ пен көлді кең көлемде тазарту басталды. Алғашында шамамен 70 000 шаршы метр жер тазартылды, камаздар қоқысты алып кетіп жатыр. Жауапты тұлғалар іске қосылды, сең қозғалды.
— Шынын айтқанда, мұндай қоқыс алаңдары өте көп. Тек Астанада ғана емес. Олар өздігінен пайда болған жоқ, өйткені кейбір ел тұрғындары үшін Қазақстан — жеке жауапкершілік аймағы емес. Егер бәріміз өзгеруді бастамай, елге өз үйіміздей қарамасақ, ештеңе өзгермейді. Әділетті Қазақстанда өмір сүргіміз келе ме? Ол өздігінен пайда болмайды. Ел тек біз өзгергенде ғана өзгереді, — деді «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Бауыржан Аманов.
Еске салайық, жыл басында Президент «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі.
Айта кетсек, сәуірде елорданың Есіл ауданында бір жерге бес рет заңсыз қоқыс тастау фактісі тіркелгені туралы жазған едік.