Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын-үй құрылысына бөлінген қаражат қатаң бақыланатын болады - Ө.Шөкеев
Осыған орай бүгін ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев еліміздің ресми бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, дағдарысқа қарсы қолға алынған іс-шаралардың негізінде әзірленген тұрғын-үй саласын дамытудың жаңа бағдарламасы туралы айтып берді.
- Өмірзақ Естайұлы, ең бірінші, Үкіметтің 2007-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасының нәтижелері туралы қысқаша айтып берсеңіз?
- Бүгінгі таңда біз нарықтық экономикасы бүкіләлемдік жүйеге кірігіп жатқан мемлекет болып саналамыз. Сондықтан Қазақстан әлемдік үдерістерден бөлек дами алмайды. Әрине, ондай авторитарлық елдер бар. Бірақ олардың бүгінгі жағдай мәз емес. Біздің жолымыз - әлемдік экономикаға толыққанды еніп, жалпыға бірдей нарықтық заңмен даму. Ал біртұтас жүйеге кіргеннен кейін, дағдарыс бізді де айналып өтпеді. Қазіргі кезде біз осы дағдарыстан шығып келе жатырмыз. 2007 жылы Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қор әлемдік дағдарыстың кері әсерін қайтаруға мүмкіндік берді. Осы сияқты ұлттық қор жинақтаған елдер бар. Бірақ сол қаржыны дер кезінде ұлттық экономиканың еркшеліктеріне қарай арнайы бағдарлама әзірлеп, қаражатты тиімді пайдалану үлкен шеберлікті қажет етеді. Сондықтан Елбасының тікелей араласуымен 2007 жылы елімізде дағдарысқа қарсы бағдарлама даярланып, дағдарысқа қарсы іс-шараларды бес бағытта іске асыру міндеті қойылған. Соның ішінде ауқымды әрі өзекті бағыт - тұрғын-үй саласындағы қалыптасқан жағдайды түзету болды. Оған Ұлттық қордан 400 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Ол қаражатты «Самұрық-Қазына» қоры екінші деңгейлі банктер мен құрылыс компаниялар арқылы тиімді пайдалана білді. Сол кезде елімізде қиын жағдайға тап болған 60 мыңнан астам үлескер болған. Бүгінде олардың 50 мыңы өз үйлеріне кірді. Енді, қалған 10 мың үлескер ағымдағы жылдың аяғына дейін өз пәтерлерін алады деген ойдамыз. Жалпы шектен тыс ұсыныстарды алып тастау біздің дағдарысқа қарсы бағдарлама аясындағы негізгі мақсатымыз болды. Қазіргі кезде ұсыныстың көлемі төмендеп, сұраныстың деңгейі көтеріліп жатыр. Осылай жалғаса беретін болса, биылғы жылдың аяғында құрылыс нысандарының саны азайып, келесі жылы осы саладағы ұсыныстың көлемі де төмендейтін болады. Біз жылына 6 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беретін болсақ, ендігі жылы бұл көрсеткіш 3 млн.-ға дейін түсіп кетуі мүмкін. Осының нәтижесінде бағалар өсіп, несиелер көбейіп, бұл жағдай қайтадан дағдарысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан Елбасының бүгінгі «Нұр Отан» ХДП-ның он үшінші Съезінде берген тапсырмасына сәйкес, біз тез арада арнайы бағдарлама әзірлеп, бұл саладағы жұмысты жандандыруға кірістік.
- Бұл бағдарламаның бұған дейінгі құжаттардан айырмашылығы қандай?
- Бұл бағдарлама екі бағытта өрбитін болады. Бірінші бағыты - әкімшілік ресурстар, ал екінші бағыты - банктер. Бірінші бағыт бойынша біз жергілікті әкімдіктерге мемлекеттік несие беріп, қаржыландыратын боламыз. Осы қаражатқа әкімдіктер жер телімдерін бөліп, ол жерлерге тиісті коммуникациялармен қамтамасыз ететін болады. Сөйтіп, тұрғын-үй құрылысын өзі бастап, атқаратын болады. Өз кезегінде «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы пәтер алам деушілердің тобын құрып, 50/50 жүйесі бойынша несиелейтін болады. Азаматтар пәтер сатып алады, ал әкімдіктер болса, мемлекеттен алған несиені қайтарады. Екінші бағыт біздің дағдарыс кезінде жинақтаған тәжірибемізге негізделіп отыр. Оған сәйкес, Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына арнайы несие беретін болады. Ол өз кезегінде бұл ақшаны екінші деңгейлі банктерге депозит ретінде орналастыратын болады. Банктер бұл қаражатқа құрылыс нысандарын қаржыландырады. Пәтер аламын дейтін азаматтар банк депозитіне пәтер құнының 20 пайызын жинаса, қалған 80 пайызын Үкімет пен банктің өзі төлейтін болады. Аталған екі бағыттың тиісті ерекшеліктері бар. Ол туралы біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы егжей-тегжейлі түсіндіретін боламыз.
- Жаңа бағдарламаны іске асыру механизміне тоқталсаңыз?
- Осы орайда бағдарламының негізгі ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Бұған дейін үлескерлердің қаржысын құрылыс компаниялары жинаған еді. Шыны керек, олардың ішінде құрылыс саласына мүлдем қатысы жоқ компаниялар болды. Бұның бәрін біз ескеріп, біріншіден, «Үлескерлік құрылыс» заңына қатаң талаптар енгіздік. Бүгінде бұл нарыққа кез келген компания кіре алмайды. Енді, құрылыспен тек ірі әрі тәжірибесі мен ресурсы бар компаниялар тобы айналысады. Екіншіден, жаңа бағдарламаға сәйкес үлескерлердің қаржысын құрылыс компаниялары емес, екінші деңгейдегі банктер жинайтын болады. Сондықтан үлескердің қажысына банк жауапты болмақ. Үшіншіден, банк өзінің қаржылық қауіп-қатерлерін алдын алу мақсатында арнайы жобалық компаниялар арқылы құрылыстың барысын бақылайтын болады. Бұл да біздің кейінгі екі-үш жылда жинақтаған тәжірибеміз. Бүгін Елбасы атап көрсеткендей, осы бағдарламаға биылдың өзінде 75 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 8 млрд. теңге - әкімшіліктермен қосымша тұрғын-үйлерді салуға, 10 млрд. теңге - қажетті коммуникацияларды жалғауға, ал қалған 57 млрд. теңге банктердің қатысумен бағдарламаның екінші бағытына жұмсалатын болады.
- Банктердің жанынан құрылатын арнайы бақылау компанияларымен қатар мемлекет тарапынан қандай да бір бақылау тобы құрыла ма?
- Иә, ол үшін арнайы топ құрылады. Мемлекеттік бақылау бірнеше сатылы деңгейде жүргізіледі. Бірінші - арнайы комиссия, екінші - банктерді тексеретін «Самұрық-Қазына» қоры, үшінші- банк өз кезегінде құрылыс компанияларын бақылайтын болады. Қазіргі кезде осыған байланысты Үкімет басшысының шешімін күтіп отырмыз. Жалпы, жаңа бағдарламаның алдын ала қорытындысын жария ететін болсақ, келесі жылы 3 млн. шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілмек. Бұл дегеніміз, 180-200 мың адам жаңа 45 мың пәтерге кіреді деген сөз.