Жаңа бап: Қылмыстық кодекс сталкингтен құтқара ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Қылмыстық кодекске сталкинг ұғымы енгізілді. Енді адамды аңдып, қорқытатындар қылмыстық жазаға тартылатын болады. Сарапшылар заңнамадағы өзгеріс көп адамның өмірін сақтап, қоғамдағы тәртіпті күшейтеді деп отыр. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы бұл жаңалықтың нақты құқықтық сипаты қандай болатынын сараптауға тырысты.

сталкинг
Фото: freepik

Аңду ма, қорқыту ма немесе сталкинг деген не

Атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа, сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.

Байқасаңыз, мұндай оқиға қыз-жігіт болып араласқан жұптарда, ажырасқан отбасыларда көп кездеседі. Екіге кеткенде де бұрынғы әйелінің өмірін бақылағысы келетін талай азамат сталкингтің түр-түрін жасаған. Бетін қайтарса да аяқ тартпайтын қаншама жігіт қызды қаратамын деп аңдумен болды. Қоғам мұндай істі «қалыпты қызғаныш», «жастықтың буы» дегенге салып біршамасын жазасыз жіберіп келген. Кейін көзқарастың салқыны қайғылы оқиғаға ұласқанын көріп жүрміз.

сталкинг
Фото: freepik

Сталкингті тек ерге тән деп тану дұрыс болмас, дегенмен жәбір көргеннің көбі — әйел. Еуропалық гендерлік институтының мәліметіне сүйенсек, әрбір оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Ұдайы бақылау мен аңдудың кесірінен психологиялық жағдайы нашарлаған адамдар жетіп артылады. Мұның мысалын әлеуметтік желіден мыңдап кездестіруге болады. Өкініштісі, Қазақстанда күйеуі не досы маза бермеген соң өзіне қол жұмсаған қыздардың саны көп.

Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды қорғау бағытында арнайы заңдар қабылданды. Қоғамдық резонанс тудырған тақырыптан соң талап пен бақылау күшейді. Осы орайдағы қоғамның соңғы сұрауының бірі сталкингке қарсы жаза болғанын жасыра алмаймыз.

Қандай бап қосылды?

Бұрын сталкингті отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік деп қабылдап келдік. Заңнамада «сталкинг» деген тармақ та, түсінік те болмады. Тіпті құқықтық анықтама берілген жоқ. Соған сай құқықтық жауапкершілігі босаң болғанын жасыра алмаймыз. Сәйкесінше оқиға қай бапқа сай келсе, соған орай іс қозғалатын. Шағымның басым дені Қылмыстық кодекстің «Жеке өмірге қол сұғу», «Қорқыту» секілді баптары бойынша қаралатын еді.

уголовный кодекс
Фото: bureau.kz

Мысалы, сталкингтің киберсталкинг деген түрі бар, яғни виртуалды әлемдегі аңду мен бопса. Жәбірленушіні жеке деректі жариялаймын деп қорқытқан адамға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айып тағылуы мүмкін-тін. Қылмыстық кодекстің 115 бабындағы жаза: адамды қорқытып, өлімге әкелуі мүмкін әрекет үшін 120 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 30 күнге дейін қамақ жазасы тағайындалады. Ал кодекстің 147-бабында айыпталушы зардап шегушіге 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 3 жыл бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Бары — сол. Демек, әлі де болса сталкингті дербес қылмыс ретінде қарастыратын тарау болмай келді.

Ендігі өзгеріс қалай болмақ? Президент қол қойған Қылмыстық кодекстегі сталкинг түсінігін қайдан табамыз? Міне, осы сауалға жауап іздеп көрейік.

Қылмыстық кодекскесталкингке қатысты әркеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Құқық тіліне салсақ, мұндағы сталкинг түсінігі мына қамдарды қамтиды:

  • Адамның еркінен тыс байланыс орнату;
  • Зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, алайда елеулі зиян келтірген әрекет;
  • Адамның ізіне түсу;
  • Адамды қудалау 115-1-баппен жазаланады.

Сонымен, кез келген адам өзгенің аңдып жүргенін сезсе, аталған баптар арқылы қауіптің алдын алуға қақысы бар. Құқық қорғаушылардың сөзінше, егер сталкинг жайлы күдік пайда болса, алдымен оны дәлелдейтін айғақ жинаған жөн. Оған екеуара сөйлескен әңгіме, әлеуметтік желідегі жазба, хат алмасу, бейнежазба секілді фактілер кіреді.

Бір дүниені түсінген жөн, мессенджелер арқылы хат алмасудың заңды күші бар. Дәлел ретінде әлеуметтік желідегі әңгіменің суретін (скриншот) ұсынуға болады. Ізіңізге түскен адамның тоқтаусыз қоңырау шалғанын видеоға түсірсеңіз, оны да дәлел ретінде қолдануға жол ашық.

Сталкинг ауыр қылмыс санатына енгізілмеді

Әділет министрлігі қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Думан Сүлейменовтің айтуынша, бүгінге дейін Қылмыстық кодексте арнайы бап болмағандықтан, сталкинг құрбандары көбейген.

— Сталкинг — адамның заңсыз қудалануы, ол қоғамға елеулі қауіп төндіреді. Бұл әрекет жәбірленушіге психологиялық тұрғыдан кері әсер етеді, яғни үрей, қорқыныш, алаңдаушылық тудырады. Сталкинг кезінде көбіне қорқыту, ар-намысқа тию, қорлау сияқты әрекеттер байқалады. Сондықтан бұл әрекеттер үшін Қылмыстық кодексте бөлек баппен жауапқа тарту талап етіліп отыр.

Сталкингке ұшыраудың арты физикалық зорлық-зомбылыққа, қорлық көрсетуге, мүлікке зақым келтіру қаупіне әкелуі мүмкін. Сондықтан отбасылық тұрғыда да сталкингке жауапкершілік енгізу жәбірленушілерді қорғауға мүмкіндік береді, — дейді Әділет министрлігінің өкілі.

Алайда жаңа баптың мақсаты — сталкингті қатаң жазалау емес, қатердің алдын алу секілді. Өзгеріс арқылы қоғамның жауапкершілігін арттырып, жазаның барын ескерту амалына ұқсайды. Себебі сталкинг туралы арнайы бап болғанымен, мұндай әрекет ауыр қылмыс қатарына жатқызылмаған.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірінше, сталкингті бірден ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар қатарына қосуға болмайды. Сондықтан заң жобасын әзірлеу кезінде барынша объективті ұстанымдар назарға алынған. Нәтижесінде қорқыту, аңду сынды әрекет жасаған сталкерлерге айыппұл салынады, алайда қамауға алынбайды.

Абзал Құспан
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

— Мақсатымыз — азаматтарды бұл норма бойынша бірден соттап, түрмеге тоғыту емес. Бұл — ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізіліп отырған норма. Бұл жерде насихат жұмысын да кеңінен жүргізуіміз қажет. Өйткені азаматтар жаңа жауапкершілік енгізіліп жатқанынан бейхабар болуы мүмкін. Жалпы қылмыстық жауапкершілікке қатысты өте абай болуымыз қажет, — деді депутат.

Әлем елдері сталкингпен күрестің түрлі жолын таңдаған. АҚШ пен Ұлыбританияда сталкинг үшін адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, Германия, Канадада бұл әрекет ауыр қылмыс қатарына қосылған. Сарапшылар Қылмыстың кодекстегі арнайы баптың пайда болғанын әрі сталкингтің ауыр қылмыс қатарына енгізілмегенін құптайды. Бұл қоғамның қазіргі әлеуметтік, психологиялық портретін ескере отырып жасалған деген тұжырымда. Бастысы, нақты жазаның барын түсінген азаматтардың заңсыз әрекеттен аяқ тартынатынына сеніп отыр.

Соңғы жаңалықтар