Жаңа білім беру жүйесі: тиімді тұсы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап Қазақстан Скаут қозғалысы балалар мен жастарға арналған бейресми білім беру бағдарламасын әзірлеуге кірісті.
None
None

Бұл ерекше бағдарлама, өйткені оқыту - көпұлтты еліміздің халықтық, мәдени және рухани құндылықтары негізінде жүргізіледі. Ол отандық және шетелдік үздік тәжірибелерді ескереді деп күтілуде.

Осыған орай скауттар еліміздің бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды жобаға үлес қосуға шақырды. Скауттар бағдарламаны әзірлеуде барша қазақстандықтардың ұсыныстарын ескермек. Бастысы, ол ұсыныстар балалардың күнделікті сабақтардағыдай емес, еркін әрі қызық түрде дамуына сеп болса, болғаны.

Жалпы, скаутинг - балаларға түрлі ойындар мен қызықты сабақтар арқылы орта мектептен де мол мәлімет, зор білім мен дағды бере алатын білім жүйесі. Оны бейресми білім беру жүйесі деп атайды. Скауттар сол арқылы барлық нәрсені үйренеді. Жазда - табиғат аясында тіршілік етудің қыр-сырын үйренсе (отқа ас пісіреді, қос құрады, палаткада ұйықтап, отын жинайды, суда жүзеді, түрлі командық ойындар ойнайды, ағашқа өрмелейді т.б.), қыста - туризм бойынша жарыстарға, квестерге қатысып, түрлі акциялар өткізеді. Скаут болу үшін жас ерекшелігі маңызды емес. Қысқаша айтқанда, бұл жүйе балаларға жеке тұлға ретінде дамудың жолын айқындап бермек.

Бейресми білім берудің бұл түрін Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Индонезия, Малайзия, Швеция, Финляндия, Гонконг, Украина, Армения, Ресей, Әзірбайжан және басқа да көптеген елдер заңмен бекітіп, жемісін көріп отыр. Қазақстан скаут қозғалысы ұйымының президенті Ильдар Катеновтің айтуынша, скаутинг бейресми білім беру жүйесі екі тұжырымдамаға сүйенеді. Олар - өзіне өзі білім беру және «ішкі білім беру» тұжырымдамалары. Яғни, баланың ұстазы - негізінен оның өзі болмақ.

«Біз бұл бағдарламаны 2016 жылы мектептерде пилоттық жоба ретінде енгізе бастаймыз. Ал бағдарламаны 2017 жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жобаны жүзеге асыру қосымша қаржыны қажет етпейді. Өйткені негізінен еріктілердің көмегімен жүзеге асырылады. Мектептегі оқыту жүйесі білімге негізделсе, скауттық жүйе - құндылықтарға сүйенеді. Сондықтан да тиімді. Ол дәстүрлі білім беру жүйесінің баламасы емес, соған қосымша. Сондай-ақ, білім алушылардың жас ерекшелігі де ескеріледі», - дейді Ильдар Катенов.

Бүгінде скауттық қозғалысты ҚР Парламенті, жергілікті басқару органдары, ҚР білім және ғылым министрлігі, ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы, мектептер мен балалар шығармашылық үйлері, қоғамдық бірлестіктер, балаларды дамыту жекеменшік орталықтары мен жалпы бастамашыл ата-аналар қолдап отыр.

Әлем бойынша 50 миллионнан астам адам Скаут қозғалысының құрамында екен. Әлемнің 169 елінде қанат жайған белді қозғалыстың ұстанымы - «әрқашан дайын бол!». Скауттар ұйымы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, жастар арасында суицид пен қылмысты азайтуға, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты дамытуға, еңбексүйгіштік пен заңды құрметтеуді үйретуге арналған түрлі сабақтарды үнемі өткізіп тұрады. Бұл ұйым азаматтық қоғам қалыптастыру мен еліміздің болашақ бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеу және дайындауға қызмет ететін жаңа білім беру әдістемелерін тұрақты түрде енгізеді. Ал Қазақстанда бұл ұйым 1989 жылы құрылды. Бүгінде ол балалар мен жастарға арналған республикалық, қоғамдық, ерікті, тәуелсіз, бисаяси, тәрбиелік ұйым.

Соңғы жаңалықтар