Жаңа экономикалық модель қандай болуы тиіс – сарапшылар пікірі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барған кезінде Қазақстанның жаңа экономикалық модельге көшуі керек екенін айтып өткен еді. Ол өз сөзінде отандық экономистерді сынға алып, олардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Ел Президенті биылғы қыркүйекке жоспарланған Жолдауында да экономикалық саясатқа баса мән беріп, оның жаңа моделі жөнінде сөз қозғамақ. Осыған орай, біз бірқатар экономика саласының мамандарына жаңа экономикалық модель қандай болуы керек деген сауалды қойып көрген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Экономист Мақсат Халық қазір елдің экономикалық жағдайын тиісті деңгейде дамытуға мүмкіндік беретін нақты бағдарлама не мемлекеттік стратегия жоқ екенін атап өтті. Сондықтан да дәл қазіргідей уақытта жаңа экономикалық модель керек-ақ.

«Бұл жерде президенттің сынайтындай жөні бар, мысалы, Қаңтар оқиғасынан кейін бізде саяси өзгерістер бар, реформалар қолға алынды, бірнеше заңға өзгеріс енгізілді. Алайда халықтың экономикалық әлеуетін арттыруға байланысты ештеңе жасалып жатпағанын көріп отырмыз. Сондықтан да қазір бізде не нақты бағдарлама жоғын, не бір мемлекеттік стратегия жоқ екенін айтуға болады. Бұрын, мысалы, елу елдің қатарына енеміз деп көп айтушы едік, қазір бұл жайлы да бір ауыз сөз жоқ. Индустрияландыру бағдарламалары туралы да әңгіме жоқ. Сонда мемлекетімізді алдағы онжылдықта қандай болашақ күтіп тұр? Осы түсініксіз. Сондықтан да Мемлекет басшысы дұрыс айтып отыр, бізге Қазақстан экономикасын жаңа бағытқа жетелейтін жаңа экономикалық модель қажет», - деді ол.

Сарапшының пікірінше, бірінші кезекте, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесі тұруы тиіс. «Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм, баламалы энергетика салалары да жаңа модельдің басым бағыттары болуы керек деп санаймын. Сонымен қатар тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан өзінің логистика саласындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланса, осымен-ақ елдің, халықтың әлеуетін арттыра алар еді»,-деп атап өтті Мақсат Халық.

Сонымен қоса экономист Марат Қайырленов те жаңа модельге қатысты өз пікірін жеткізді. Оның айтуынша, экономикалық жаңа модель мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуы тиіс.

«Экономикалық жаңа модельде біз мемлекеттің функцияларын, рөлін өзгертіп, экономика құрылымындағы мұндай өзгерістерді дұрыс бағытқа салу керек. Мәселен, жеке секторға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. 2014-2015 жылдары да осы тәсілді жаңғырту қолға алынды, алайда дұрыс нәтиже берген жоқ. Сондықтан түбегейлі шараларды, мысалы, мемлекеттік холдингтерді таратып, мемлекеттің экономикадағы шамадан тыс қатысуын азайту керек. Өйткені қазір экономика тығырыққа тіреліп тұр. Бізде жалпы ішкі өнімнің долларлық көлемі соңғы 10 жыл бұрын болған көрсеткішке қайта оралып келе жатыр. Мұны қалпына келтіру жұмыстары жүруде, алайда өткен онжылдықта біраз дүниені жоғалттық», - деді ол.

Оның пікірінше, бірінші кезекте монополиясыздандыруға назар аударып, монополияға қарсы күрес жүргізіп, жаңа бизнестің өсуіне мүмкіндіктер жасау керек. Әйтпесе, инфляцияны жеңу мүмкін емес, халықтың тұрмыс деңгейі де жақсармайды.

«Егер біз назар аудару керек нақты мәселелерге тоқталатын болсақ, ең алдымен, көптеген нарықтың монополиялануына жол бермеуіміз керек. Бізде көптеген нарықта іс жүзінде монополия бар, сәйкесінше, ол жерде бәсекелестік жоқ. Шындығында, бәсекелестікті қалыптастыру үшін мұндай монополия жойылуы тиіс. Менің ойымша, бұл – назар аудару керек негізгі мәселе. Екіншісі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау, рейдерлікпен күресу, заңды сақтау, өйткені бұлар да еліміздің инвестициялық тартымдылығын, бизнесті дамыту мүмкіндіктерін айқындайтын өте маңызды тұстар. Сондықтан да оған баса назар аударылуы тиіс», - деп санайды Марат Қайырленов.

Бұдан бөлек экономист халықтың қалыпты өмір сүруі үшін қандай мәселелер шешімін табуы керек екеніне де тоқталып өтті.

«Бірінші мәселе – халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне байланысты. Біз инфляцияның халықтың нақты кірістеріне қатты әсер ететінін және тиісінше, бұл жағдайда ел үшін әлеуметтік-саяси тәуекелдерге әкеп соқтыру мүмкіндігі айтарлықтай жоғары болады. Бұл сондай-ақ инвесторлар үшін де тиімсіз. Өткен жылғы сандарға көз жүгіртсек, онда жалпы ішкі өнімге салынған инвестиция ЖІӨ-нің 15 пайызынан аз болды. Салыстырып қарайтын болсақ, бізде мұндай көрсеткіштер тек 25 жыл бұрын болған (1996-1997 жылдары), яғни Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде. Сондықтан бұл жерде, әрине, осы сұрақтарды, тәуекелдерді алып тастап, ақша-несие саясатын өзгерту қажет», - деп атап өтті маман.

Ол осы мәселелер шешілмейінше, қалыптасқан жағдай елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететінін, тиісінше, экономикалық өсу мүмкіндіктері де өте шектеулі болатынын еске салды.

Бұдан бөлек қазақстандық экономист Арман Байғанов та өз пікірін бөлісіп, жаңа экономикалық модельге не кіруі тиіс екенін атап өтті.

«Меніңше, жаңа экономикалық саясат адами капиталды дамытуды қамтуы керек, мұнда басты назар түрлі салалардағы өнімділік пен еңбек тиімділігін арттыруға аударылуы тиіс. Салаларға тоқталатын болсақ, ең алдымен өнімділікті арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және кластерлік тәсілді дамыту арқылы экстенсивті өндірістен интенсивті өндіріске көшуі тиіс ауыл шаруашылығын айтар едім. Ауыл шаруашылығы саласын дамытумен қатар, соның өнімдерін өңдеуді дамыту қажет. Өйткені біздің елде (тек қана біздің елде емес) азық-түлік тауарларының жоғары инфляциясы, көрші елдерден импорттың жоғары болуы және негізгі өткізу нарықтарымыздың шетте қалуы байқалып отыр», - деп есептейді экономист.

Оның пікірінше, баса назар аударуды қажет ететін екінші сала – цифрландыру.

«Екінші – цифрландыру, атап айтқанда, тауар-ақша қатынастарын цифрландыруымыз керек. Ал бұл жерде цифрлық теңгеге кезең-кезеңімен көшуді айтып отырмын. Бұл салық-бюджет саясаты, көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті сарапшы.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экономикамыздың жүйелі проблемалары: шикізатқа тәуелділік, еңбек өнімділігінің төмендігі, инновация деңгейінің төмендігі, сондай-ақ кірістің де біркелкі бөлінбеуі туралы айтып өткен еді. Осыған байланысты ол экономиканы дамытудың жаңа бағыттарын атады. Жаңа экономикалық бағдардың басты басымдықтары қатарында жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту; бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру; сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлу бар.

Жалпы соңғы бір жыл ішінде біраз шаруа атқарылды. Өткен жылы Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы 3,5%-ға дейін өседі деп болжам жасаған еді, бірақ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі, Үкіметтің мәліметінше, 4,9%-ға дейін өсті. Қазақстан экономикасы құрылыс, сауда, көлік, өңдеу өнеркәсібі және негізгі капиталға инвестиция көлемінің 16%-ға артуы есебінен өскен.

Ал биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8%-ды құраған. Оның ішінде нақты сектор – 4,6%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 4,7%-ға артты.

Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4%-ды құрады. Үкіметтің дерегінше, инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 58%-ға, білім беруде – 24,3%-ға, саудада – 22,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 21,3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 8,4%-ға өскен. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалып отыр.

Өткен жылдан бері сыртқы тауар айналымы да жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Мәселен, алдын ала қорытынды бойынша, 2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы саудадағы тауар айналым 4,3%-ға өсіп, $67,2 млрд-ты құраса, экспорт $38 млрд-ты құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты $12,1 млрд-қа жеткен. Тауарлар импорты $29,3 млрд-ты құрады. Жалпы, оң сауда балансы $8,7 млрд-қа жеткен.

Тұрғын үй саласы да жолға қойылып келеді. Биылғы қаңтар-шілде аралығында 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында байқалды.

Шынында да, Kazdata мәліметтері бойынша, 2022 жылмен салыстырғанда жаңа бизнес субъектілерінің саны 56 663-ке артып, негізінен үш бағытта өсті: көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу; құрылыс; басқа да қызмет түрлерін көрсету.

Биыл 170 жаңа индустриялық жоба пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Олардың ішінде бір аймақ үшін де, бүкіл сала үшін де аса маңызды ірі кәсіпорындар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың III тоқсанында Павлодар облысындағы Екібастұз моноқаласының маңында жылына 240 мың тонна көлемінде ферросилиций өндіретін зауыт іске қосылмақшы. Бұл 800 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаның құны 92 млрд теңгені құрайды.

Республиканың машина жасау орталығы Қостанай өңірі биыл коммерциялық жүк тасымалы көпірлерінің негізгі тетіктерін шығаратын орынға айналады. Зауыт жоғары деңгейде автоматтандырылған, халықаралық экологиялық стандарттарға сай және қазірдің өзінде жергілікті білім беру мекемелерімен ынтымақтасады. Пайдалану кезеңінде 300-ге дейін адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

Жалпы байқағанымыздай, өткен жылдан бері еліміздің экономикалық көрсеткіштері жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Десе де, қазіргі кездегі геосаяси жағдай, әлемдегі қымбатшылық мәселелері экономиканың бағытын өзгертуді талап етуде. Содан да болар, Мемлекет басшысы да жаңа экономикалық модельді енгізу керек екенін атап айтуда...

Еске салайық, ел Президентінің кезекті жолдауы осы жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар