Жаңа экспедицияның ғарышқа ұшу алды дайындығында Байқоңырда үш елдің туы көтерілді
«Ресейғарыштың» баспасөз қызметінен хабарлағандай, экипаждар монтаждау-сынақ корпусына келген. Техникалық басшылармен қысқаша әңгмелескеннен кейін негізгі экипаж Александр Скворцов (командир), Олег Артемьев (бортинженер), Стивен Свонсон (бортинженер) «Союз ТМА-12М» кемесіндегі өз орындарына жайғасты. Олар кеменің радиобайланыс жүйесінің жұмысқа қабілеттілігін тексеріп, жүктердің орналастырылу барысымен танысты.
Олардың дублерлары Александр Самокутяев (командир), Елена Серова (бортинженер), Барри Уилмор (бортинженер) бұл уақытта ғылыми эксперименттер үшін жабдықтарды ретке келтірумен айналысты. Содан кейін негізгі экипаж ғарыш киімдерін өлшеуге және олардың кем-кетігінің бар-жоғын тексеруге кірісті. Дублерлар бұл уақытта кемеде жұмыс жүргізді. Скафандрларды тексеріп болған соң, негізгі экипаж қайтадан стапелге көтеріліп, жерге қону аппаратындағы өз орнына отырды. Дублерлар бірер минут үзілістен кейін қайта киініп, скафандрларды тексеріп, сол киіммен кемеде жаттығу жүргізді. Негізгі экипаж бұл уақытта лазерлік қашықтық өлшеуішпен және жерсеріктік телефондармен жұмыс істеуге жаттықты. Экипаждар жаттығуын аяқтағаннан кейін «Союз ТМА-12М» кемесі май құю стансасына апаруға әзірленді, онда кеме двигателі қондырғысы қажетті отынмен және қысымдалған газбен толтырылады. Бүгін Ю.А.Гагарин атындағы ҒДО ҒЗИ сынақ оқу-жаттығу кешенінің 17-ші алаңында ХҒС 39/40-шы ұзақмерзімдік экспедициясы экипаждарының ұшу бағдарламасын іске асыруға қатысатын мемлекеттердің туларын көтеру дәстүрлі рәсімі өтті. Айта кетейк, Байқоңырда Қазақстан, Ресей және АҚШ туларының көтерілуі ұшу алдындағы соңғы кезең - экипаждардың сапар алдындағы дайындығы басталғанын білдіреді. Ал ұшу 2014 жылғы 26 наурызға белгіленіп отыр. Ғарышкерлер мен астронавтарды «Ресейғарыш», «Қазғарыш» өкілдері, Байқоңыр қаласының әкімшілігі қарсы алды.