Жаңа ереже: көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары нені білуі керек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұрғын үй қатынастары туралы заңға маңызды өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа талаптар көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласында тәртіп орнатуға, сондай-ақ МИБ, ПИК және басқарушы компаниялардың ашықтығы мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Басқарушы ұйымдар енді әрбір үй бойынша, оның ішінде қазіргі және жинақ шоттарын қоса алғанда, бөлек есеп жүргізуге міндетті. Тариф белгілеу кезінде меншік иелері жиналысында жылдық шығындар сметасын бекіту міндеті енгізілді.
- Әр үй бойынша шығындар мен мәліметтер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізіледі, - делінген хабарламада.
Техникалық пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылған: әрбір нысанның жыл сайынғы тексеру актілері, түгендеу тізімі және ортақ мүлікке қатысты толық құжаттамасы болуы тиіс.
Жаңа нормалар соңғы жылдардағы негізгі мәселені – МИБ төрағасы немесе басқарушы компания ауысқан кезде құжаттарға қолжетімділіктің жоғалуын тоқтатады. Енді беру тәртібі нақты реттелетін болады.
Осының барлығы тарифтердің артық белгілену қаупін төмендетіп, қаражат жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуі және басқарушы құрылымдардың жауапкершілігін арттыруы тиіс.
Айта кетейік, Елімізде тұрғын үй көмегін есептеудің жаңа тәртібі әзірленді.