ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: Мемлекеттің қолдауы арқасында «Стекло-Сервис» ЖШС әйнек өндіретін ірі орталыққа айналды (ФОТО)

Аркадий Рубцов басшылық ететін кәсіпорын іргесі 2001 жылы қаланған болатын. Бастапқыда әйнек кесетін шағын шеберханадан бастау алған өндіріс орны біртіндеп кеңейе түсті. 2007 жылы австриялық «LISEC» фирмасының жабдығы негізінде әйнек пакеттері шығарыла бастады. Сондай-ақ жиһаз өнеркәсібінде, халық тұтынатын тауар шығаруда пайдалану үшін итальяндық жабдық кешенінде әйнек өңдеу де жолға қойылды. Көп қырлы қауіпсіз әйнек (триплекс) ғимараттар тұрғызуда қолданылса, компания 2010 жылдан бастап шыңдалған әйнек жасауды да өндіріске енгізді. Ең бастысы, құрылыс нарығына қуат үнемдегіш және қауіпсіз әйнектер ұсынылуда. Мұны Қазақстанда инновациялық технологияларды дамытуға қосылған үлес деп бағалауға болады. 2010 жылы Оралда ірі «Мир стекла» сауда орталығын ашқан «Стекло-Сервис» ЖШС өз өндірісін қазіргі заманғы өскелең талаптарға сәйкес дамыта түсуде.
БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Миржан Сатқановтың айтуынша, кәсіпорын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен 1294,4 млн. теңге қолдау алды. Соның ішінде пайыздық мөлшерлемені демеуқаржыландыру бойынша «Әйнекті өндірістік өңдеу, әйнек пакеттерін дайындау, әйнек шығарудың үздіксіз өндірісі» жобасына сәйкес 13,6 млн. теңге, «Әйнек пакеттерін өндіру, әйнек өңдеу, термотөзімділігі күшейтілген әйнек өндіру үшін жабдықтар алу» жобасына орай 742 млн. теңгеге қол жеткізді. Сонымен қатар аталмыш бағдарлама аясында серіктестік инфрақұрылымды тартуға қажетті 167,8 млн. теңге, «Әйнек пакеттерін өндіру, әйнек өңдеу, термотөзімділігі күшейтілген әйнек өндіру үшін жабдықтар алу» жобасын кепілдендіру бойынша 371 млн. теңге алды.
«Стекло-Сервис» ЖШС-ның өндіріс бастығы Анатолий Галицкийдің сөзіне қарағанда, осындай қолдаудың нәтижесінде аяғына нық тұрған кәсіпорында қазіргі таңда 120-дан астам адам еңбек етеді. Әмбебап жабдықтың арқасында компания елімізде алғашқылардың қатарында Jambo (форматы 6000х3210 мм) әйнегін автоматты түрде қайта өңдеуді іске қосты. Әйнек сынықтарын қайта өңдеу желісі де пайдалануға берілді. Бұрын қолмен жасалған жұмыстың бәрі қазір автоматтандырылған, бұл уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Еуропалық өнім өндірушілерден әйнек кесетін автоматтандырылған үстел, Glaston FC500 әйнегін шыңдайтын конвекциялық пеш сынды қазіргі заманғы жабдықтарға қол жеткізген компания Атырау, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өз филиалдарын ашып отыр.
Компания өнімдері Қазақстан ғана емес, Ресейдің Самара, Орынбор, Ульяновск, Екатеринбург қалаларында да сұранысқа ие. Glaverbel (Бельгия), SaintGobain (Франция) секілді белгілі еуропалық компаниялармен байланыс орнатқан «Стекло-Сервис» ЖШС бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы өнімді бұдан былай да шығара бермек.