Жаңа Қазақстан: Ішкі істер органдарының қызметі қалай өзгереді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда полицияның сервистік қызметінің жаңа моделі дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа Қазақстан: Ішкі істер органдарының қызметі қалай өзгереді

«Қазіргі таңда біз полиция қызметінің сервистік моделін жетілдірумен айналысып жатырмыз. Яғни, бұл деген - кез келген құқықбұзушылыққа жедел әрекет ету, жауапсыз қалдырмау. Бұл жұмыстың маңыздылығына Мемлекет басшысы өткен жылғы жолдауында тоқталып өтті. Осы шаруаны жүзеге асыруда ЕҚЫҰ мен ЕуроОдақтың елордадағы өкілдіктеріне алғыс білдіргіміз келеді. Аталған ұйымдар полицияның сервистік қызметі жобасын жүзеге асыруда қолдау көрсетті», - деді Алексей Милюк ZOOM платформасында өткен шарада.

Комитет өкілінің айтуынша, полицияның сервистік қызметін дамыту жобасы алдымен пилоттық жоба ретінде қолға алынды.

«Тәртіп сақшыларының жұмысын жетілдіре түсуге бағытталған бірінші жоба Қарағанды да қолға алынды. Ол жұмысқа жергілікті атқарушы орган өкілдері мен қатар қоғам белсенділері тартылды. Сол сияқты бүгінде қарағандылық әріптестеріміздің тәжірибесіне өзге өңірлер де қызығушылық танытып жатыр. Екінші жоба елордада жүзеге асып жатыр. Бүгінде қалалық полиция департаментінде ішкі істер органдарының қызметін тиімді етудің пилоттық жобасы іске асырылуда. Одан бөлек, ішкі істер органдарының қызметін цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Осы және өзге де атқарылып жатқан шаралар бойынша биыл жыл соңына дейін полицияның сервистік қызметінің жаңа моделі әзірленіп, Үкіметтің қарауына ұсынылады», - дейді ол.

Бұған дейін министрлік өкілі Қазақстанда ішкі істер органдарында 1,5 мың лауазымды тұлға қысқарғанын айтты.