Жаңа Қазақстандағы жаңа облыстар: еліміздің территориялық құрылымы қалай өзгерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері еліміздің аумақтық құрылымы бірнеше рет өзгерді. Бірде облыс саны көбейсе, енді бірде азайып отырды. Мәселен, егемендік алған 1991 жылы республикада 19 облыс болған, ал 1997 жылы 14 облысқа дейін қысқарған. Ал биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үш жаңа облыс, атап айтсақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осылайша, Жаңа Қазақстан жаңа облыстармен толықты.
None

Ел Президентінің сөзінше, аталған аймақтардың ішкі инфрақұрылымы әбден тозып, халықтың да тұрмыс-тіршілігі төмендеп кеткен. Сол себепті де қазаққа дана Абай мен басқа да ұлы тұлғаларды сыйлаған, пайдалы қазбаға бай, киелі өңірлерді қайта жаңғырту үшін аталған аймақтарға облыс мәртебесі берілді. Бүгінде облыс құрамына кіретін аудандар да, оның басшылары да белгілі болды. Кейіннен Мемлекет басшысы жаңа облыстарға жұмыс сапарымен барып, өңірдің жұртшылығымен кездесті. Ендеше, жаңадан құрылған облыстарға шолу жасап көрейік.

Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін елдегі өңірлердің барлығына бірдей көңіл бөліп, бірдей дамытуға күш салу керек. Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында да аймақтарды жетілдіру бойынша мәселе көтерген болатын. Оның «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы да өңірлердегі инфрақұрылымды, халықтың тұрмыс деңгейін, білім, денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталып отыр. Содан да болар, биыл көктемдегі Жолдауында Президент өңірлерді жетілдіруге ерекше мән беріп, осыдан 25 жыл бұрын облыс мәртебесінен айырылған өңірлерге осы атауын қайтарып беруді ұсынды. Биылғы 4 мамырда Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы жарияланып, 8 мамырда күшіне енді. Енді аталған облыстарға жеке-жеке тоқталайық.

Абай облысының құрамына 8 аудан мен 2 қала енді

Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1997 жылы сол кездегі президенттің жарлығымен Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енген еді. Содан бері өңір халқының тұрмысы төмендеп, инфрақұрылымы да тозып кетті. Тұрғындардың Семей өңіріне облыс атауын қайтарып беру жайлы өтініштері БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде көптеп жазылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алатын ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да ел тілегін орындап, биылғы Жолдауында Семей өңіріне жеке облыс мәртебесін қайтарып беруді ұсынды. Осылайша жаңадан Абай облысы құрылды.

«Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңадан құрылған Абай облысының құрамына 8 аудан мен 2 қала енді. Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шыққан бұл өңірдің аумағы – 185,5 мың шаршы метр. Орталығы – Семей қаласы. Құрамына енген 8 аудан – Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар. Сондай-ақ 2 қала, нақтырақ айтсақ, Семей мен Курчатов қалалары енді. Жаңа облыста 638,3 мың адам тұрады. Облыс әкімі – Нұрлан Телманұлы Ұранхаев.

Фото: gov.kz

Қыркүйек айында Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Абай облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтың тұрғындарымен кездесті. Ол өз сөзінде облыстың қайта құрылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін тілге тиек етті. «Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар»-деген еді Президент.

Фото: akorda.kz

Осылайша, күзгі сапар барысында ол үкіметке Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Жалпы бұл жаңалықты өңір тұрғындары қуана қабылдады. Бұны қоғам белсендісі, Семей өңірінің тумасы Сәтжан Қасымжанұлының агенттікке берген сұхбатынан айқын аңғарамыз. Ол әңгіме барысында ширек ғасырдан бері дербестігінен айырылып, күні Өскеменге қарап қалған Семейдің қайта түлеуіне Президенттің өзі бас болып, жол ашқаны өңір халқын қуантқаны жөнінде айтып өткен еді.

«Шыны керек, бұл маған ғана емес, семейліктердің күнделікті өміріне ерекше әсер еткен елеулі оқиға болды... Қазір халықтың жаңадан жұмыс орындары ашылатынына, қала тынысына қан жүгіретін жаңа қадамдар жасалатынына, жалпы ертеңгі күніне деген сенімі оянып келеді. Әрине, көп жылдан бері тұралап қалған қала облыс орталығына айнала сала керемет болып шыға келмейтіні түсінікті жайт»,-деді ол сұхбатында.

«Ұлытау облысының туристік әлеуеті зор»

Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құруды ұсынды. Жезқазған да Семей өңірі секілді 1997 жылы облыс статусынан айырылған болатын. Президенттің айтуынша, «Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім». Осылайша, 4 мамырда жаңа облыстың құрылуы жөнінде Жарлыққа қол қойылып, аталған заң 8 мамырда өз күшіне енген еді.

Фото: akorda.kz

«Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз»,-деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Қазіргі таңда аталған аймақтың әкімшілік-аумақтық құрылымы да, басшылық құрамы да белгілі болды. Мемлекет басшысының 4 мамырдағы Жарлығына сәйкес, жаңа өңірдің құрамына облыстық маңызы бар үш қала - Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев, сондай-ақ екі аудан Жаңаарқа мен Ұлытау енді. Облыс аумағы - 188 936,61 км2, ал халық саны - 230 мың адам. Облыс басшылығына мемлекет және қоғам қайраткері, сол өңірдің тумасы Берік Әбдіғалиұлы келді.

Фото: gov.kz

Десе де, Мемлекет басшысы айтпақшы, өңірдің өндірістік қуаты мен логистикалық мүмкіндігін барынша пайдалану керек. Бұл пікірмен, әсіресе Жезқазған өңірінің тұрғындары толықтай келіседі. Жолдау жарияланған тұста жергілікті халықтың бұл хабарды қуанышпен қабылдағанын әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінен анық байқадық.

Биылғы маусымда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысына барды. Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының жағдайымен танысқан Президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол, экология, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырған еді.

Фото: akorda.kz

Осы тұста айта кетейік, Жезқазған өңірінің тумасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов біздің порталға берген сұхбатында жерлестерінің қатты қуанғанын атап өтіп, мұның Жезқазған өңірінің дамуына серпін беретінін айтқан болатын. Сондай-ақ ол жаңа облыстағы түйткілді мәселелерге тоқталып, өңірдің мүмкіндіктерін, шешімін табуы тиіс мәселелерді де тілге тиек етті.

«Жезқазған аймағы минералды ресурстарға өте бай. Сондықтан жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды пайдалану саласында инвесторларды көбірек тартуымыз қажет. Үлкен жер учаскелері де мал өсіруге мүмкіндік береді. Кеңес дәуірінде Жезқазған облысында миллион мал басы бар совхоздар, қожалықтар болған. Өңірдің мал шаруашылығын да басым бағыт ретінде мақсат етіп қоюына мүмкіндік зор. Кейде біздің мал еті Қазақстандағы «ең дәмді ет» шығар деп ойлаймын. Бұл – бірінші. Екінші бағыт – туризм саласы. Бұл туралы ел Президенті де Жолдауда тоқталып, айтып өтті»,-деп ой бөліскен еді.

Фото: akorda.kz

Алматы облысы екіге бөлінді: Жетісу және Алматы

Жаңадан құрылған тағы бір облыс – Жетісу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жолдауында Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Өйткені халық санының көптігі, одан кейін облыс орталығы мен аудан-ауылдар арасының қашық болуы өңірдегі азаматтар үшін проблемаға айналып отыр. Халықтың жұмысын жеңілдетіп әрі аймақтың дамуына жаңа әр беру үшін бұрынғы Алматы облысы территориясында Жетісу және Алматы облыстары құрылды.

«Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын»,-деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Сөйтіп, 4 мамырда ел президентінің Жарлығы жарияланып, Жетісу мен Алматы облысының аумағы бекітілді, кейіннен басшылық құрамы да белгілі болды. Жетісу облысында 650 мыңға жуық адам тұрады. Облыстың әкімшілік орталығы Алматы облысының бұрынғы орталығы – Талдықорған қаласы. Облысқа сегіз аудан – Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, екі қала - Талдықорған және Текелі қалалары кіреді. Облыс басшысы болып бұрынғы Сенат депутаты Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев тағайындалды.

Сонымен қоса бұрынғы Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонавтың есімі беріліп, шаһар Алматы облысының орталығына айналды.

Еске салайық, қазан айында Мемлекет басшысы Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің тұрғындарымен кездесті. Ол кездесу барысында бұрынғы Алматы облысының жер көлемі тіпті үлкен болғанын, жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. «Бұл – мұқият ойластырылып жасалған қадам және тұрғындар үшін қолайлы екені анық. Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді»,-деді ол.

Сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Жетісу өңірінің дамуына тың серпін беретін кейбір мәселелерге арнайы тоқталды. Ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді бірінші мәселе ретінде атады. Бұдан бөлек ол транзиттік мүмкіндікті ескере отырып, аймаққа халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту маңызды екенін де атап өтті. Өңірдегі тағы басқа да түйткілді мәселелерге тоқталып, өңір басшылығы мен Үкіметке аймақты дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселенің бірі. Мемлекет басшысының өзі Жолдауында облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткенін атап өткен еді. Енді міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін республикада жаңадан үш облыс құрылды. Сөйтіп, еліміздегі облыстар саны 17-ге жетіп отыр. Ендігі міндет – өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, ішкі инфрақұрылым мен өндірісті дамытып, жалпы аймақтың әлеуетін арттыру болмақ.


Соңғы жаңалықтар