Жаңа кеден заңнамасы сыртқы экономикалық қызметті жеңілдетеді - Тимур Сүлейменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қазақстан Республикасының жаңа Кеден кодексінің негізі Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексінен алынды.

Осы құжатты қалыптастыру кезінде біз қолданыстағы ҚР Кеден кодексінің нормалары құрылысының логикасын негіз етіп алдық. Бірінші кезекте бұл екі құжаттың орнына бір құжатты пайдаланудың ыңғайлы болуына байланысты. Мәселен, сыртқы экономикалық қызметке қатысушы немесе кез келген басқа тұлға практикада тек ұлттық кодекс нормасына сүйене алады, себебі Кодекс жобасында Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелері толығымен имплементацияланған, ұлттық заңнамаға сілтеме нормалар көрсетілген, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың Кодексінде реттелмеген құқықтық қатынастар белгіленген», - деп тоқталды  заң жобасы бойынша баяндамасында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің электрондық декларациялауға, «бір терезе» тетігіне, тауарларды автоматты түрде шығаруға байланысты кедендегі бизнес процестерді автоматтандыру бөлігіндегі негізгі тәсілдері жаңа жобада толығымен көрсетілген.

«Жобада кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға арналған жеңілдетулер қамтылған. Мәселен, міндеттердің бірі белгіленген мерзімде есептілікті ұсыну болып табылады. Қолданыстағы нормаларға сәйкес есептілікті уақтылы ұсынбаған жағдайда тұлға тізілімнен алып тасталуға тиіс. Жаңа заңнама бұзушылық жойылғаннан кейін тұлғаның қызметін тоқтата тұруға және қайта бастауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Т. Сүлейменов.

Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында Кодексте кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша бірқатар нормалар көзделген. Қолданыстағы кодексте 24 сағатта кедендік транзитті аяқтау көзделген болатын, жаңа кодексте рәсімді аяқтау үшін 4 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты берілген. Бұдан басқа, транзиттік жүктерді кедендік тексеріп қарауды жүргізу қажет болған жағдайда, оларды жүргізу мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқартылды.

«Көліктің екі және одан да көп түрімен тауарларды тасымалдау кезінде транзитті ресімдеуде белгілі бір қиындықтар болды. Көліктің әрбір түріне жеке транзиттік декларация ресімделген еді. Жаңа Кеден кодексінде бір транзиттік декларация ресімдеу мүмкіндігі берілген, бұл мультимодальды тасымалдау рәсімін едәуір жеңілдетеді», - дейді ведомство басшысы.

Жаңа заң жобасы аясында бүгінгі күні бизнес қоғамдастық, сол сияқты мемлекеттік органдар тарапынан да бірқатар наразылық тудырып отырған мәселелер өз шешімін тапқандығын атап өту қажет.

Мәселен, бұл тауарлар шығарылғаннан кейін кеден органдарына сәйкестік сертификаттары ұсынылуы мүмкін шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты болып отыр.

«Осылайша, жаңа кеден заңнамасы сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетеді, Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді, отандық тауар өндірушілерді айтарлықтай қорғайды және оларға қолдау көрсетеді деп айтуға болады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар