Жаңа келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады - Н.Әбіқаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады. Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында сенатор Нұртай Әбіқаев осылай мәлім етті. Комитетте «Бір жағынан Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттерінің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Сенат депутатының айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің саяси-экономикалық маңызы зор. Жаңа келісімнің қажеттілігі туралы Елбасы Н. Назарбаев 2006 жылдың желтоқсан айында бастама жасап, 2011 жылдың маусым айында бұл келісімнің ресми басталғаны туралы мәлімдеме жасалды. Осы уақыт аралығында ресми келіссөздердің 8 раунды өткен. 2014 жылдың қазан айында Президент Н. Назарбаевтың Брюссельге сапары барысында келісім процесінің аяқталғаны туралы құжатқа қол қойылды. Ал 2015 жылдың желтоқсанында Астанада келісімге қол қойылды.

«Қазақстан ТМД елдері арасында Еуропалық Одақ бұндай келісімді жасап отырған бірден бір ел. Айта кетерлігі, келісім біздің елімізге саяси ассоциация мен экономикалық интеграция, терең саяси және экономикалық реформалар жүргізу бойынша ешқандай міндеттеме жүктемейді. Сонымен қатар, келісім ынтымақтастықтың 28 саласын, диалогты дамыту бойынша 15 саланы қамтиды. Сонымен қатар, құжатта ынтымақтастықтың экономикалық блогына үлкен мән беріліп отыр. Тәуелсіздіктен бері Еуропалық Одақ Қазақстанның жетекші сауда әрі инвестициялық әріптесіне айналып отыр. Қазақстанның Еуропалық Одақ елдерімен тауар айналымы 2015 жылы 31 млрд доллларды құрады, бұл еліміздің жалпы сауда айналымының 51,4 пайызына тең. Ал елімізге тікелей инвестициялар жалпы 215 млрд доллар болса, Еуропа Одағының инвестициясы 100 млрд доллардан асады. Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру мен ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу бойынша ЕО елдерімен ынтымақтастықты үдету көзделеді. Елбасы экономика өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жұмыс орындарын құруға бағытталған ауқымды міндеттер жүктегені белгілі. Бұл міндеттердің орындалуына Қазақстан мен ЕО арасындағы осы келісімді жүзеге асыру өз тиімділігін танытады деп ойлаймын. Еуропамен ұзақмерзімді ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасына толық сәйкеседі. Бұл келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ қарым-қатынасының жаңа парағын ашатын болады», - деді Н. Әбіқаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram