Жаңа Конституция Қазақстандағы келісім мен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің сенімді тірегіне айналады – Сергей Пономарев

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Конституциясының жаңа жобасы – тұтас, теңгерімді әрі жан-жақты пысықталған құжат, сондықтан оны жалпыхалықтық референдумға шығаруға толық негіз бар. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның он екінші отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев мәлімдеді.

Сергей Пономарев
Фото: тікелей эфирден алынған кадр

Депутаттың айтуынша, Ата заңға ұсынылған өзгерістер қоғамның бүгінгі сұранысына тікелей жауап береді, әсіресе азаматтардың мемлекеттен күтетін теңдік пен ертеңгі күнге деген сенімі басты назарға алынған.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық түзетулердің түпкі мәні бір – ол адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Жаңа Конституция жобасы осы логикамен құрылған, – деді Сергей Пономарев.

Халық қалаулысы құжаттың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де қамтитынын айтты. Оның ішінде қоршаған ортаны сақтау, тұрақты экономика мен әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері өзара сабақтасқан.

– Маңызды элементтердің бірі – азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Қоғамдық бірлестіктердің еркін қызметі мен азаматтардың басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі ашық диалогқа жол ашады. Ал заң мен сот алдындағы бәрінің теңдігі – әділетті құқықтық тәртіптің негізі. Бұл адамдардың әлеуметтік мәртебесіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, олардың құқықтарының бірдей қорғалатынын білдіреді, – деді депутат.

Сергей Пономарев көпұлтты қоғамдағы бірлік пен келісім мәселесіне де тоқталып өтті. Оның пайымдауынша, жаңа Конституция әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеу арқылы тұрақтылықты нығайта түспек.

– Жаңа Конституция жобасы – халықтың үмітін арқалаған, мемлекеттің адам құқығы, қауіпсіздік және әлеуметтік сала үшін жауапкершілігін айқындайтын құнды құжат, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бұған дейін «Ақжол» партиясы жаңа Конституция жобасына 50-ден астам түзету ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар