Жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамын — Магеррамов

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің негізгі заңы бүгінгі заманның талабы мен ішкі-сыртқы сын-қатерлерге сай үйлестірілуі тиіс. Бұл туралы Конституциялық комиссияның он екінші отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов айтты.

Магеррам Магеррамов
Фото: Мәжіліс

Депутаттың пайымдауынша, жаңа Конституция жобасында алғаш рет «Әділетті Қазақстан» құндылығы мемлекеттік дамудың іргелі бағдары ретінде бекітіліп отыр.

— «Әділетті Қазақстан» — бұл заң мен тәртіп қағидалары мүлтіксіз сақталатын, мүмкіндіктер теңдігі мен құқықтар кепілдік берілетін ел. Сонымен қатар, Ата заңның преамбуласында біздің ұлттық құндылықтарымыз, тарихи жадымыз бен Ұлы дала мемлекеттерінің сабақтастығы жазылған. Бұл — уақыт өтсе де өзгермейтін темірқазығымыз, — деді Магеррам Магеррамов.

Сондай-ақ, депутат Қазақстан Халық партиясының мүшелері еңбек ету құқығы мен экологиялық мәдениетке қатысты нормаларды қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, енді мемлекеттік саясат тек экономикалық көрсеткіштер емес, еңбек адамының мүддесі төңірегінде құрылуы тиіс.

— Жаңа Конституцияда еңбек — құндылық, ал жұмысшының әлеуметтік қорғалуы — мемлекеттің міндеті. Бұл өндіріс пен инфрақұрылымда еңбек адамының мүддесі бірінші орында болады деген сөз. Сондай-ақ біз бір палаталы Парламент, Халық кеңесі және Вице-президент лауазымын енгізу сияқты институционалдық өзгерістерді толық қолдаймыз. Мемлекет енді тек әкімшілік процестерімен емес, азаматтарға қызмет ету қағидатымен құрылады, — деді халық қалаулысы.

Сонымен қатар Магеррам Магеррамов Конституция жобасының ашық демократиялық пікірталастардың нәтижесінде дайындалғанын атап өтті. Ол партияның барлық өңірлік филиалдарында өткен кездесулерде халықтың жобаны бірауыздан қолдағанын алға тартты.

— Бұл құжат — өткенін саралап, болашағын бағамдаған халықтың бірлігі мен ынтымақтастығының нәтижесі. Осыны ескере отырып, жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамын, — деп түйіндеді депутат.

Айта кетейік, Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституция жобасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылық кепілдіктері күшейтілгенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум