Жаңа Конституция жобасын жария талқылау қоғамның сұраныстарын ескеруге мүмкіндік берді — Роман Скляр
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Энергетика министрлігінің алқа мәжілісін қорытындылап, жаңа Конституция жобасы туралы пікір білдірді.
— Біз жаңа Конституция жобасына арналған республикалық референдум қарсаңында мемлекеттік дамудың іргелі негіздерін жаңартудың маңызды кезеңіне қадам басып отырмыз. Негізгі заңның жобасын жария талқылауға сарапшылар қауымдастығы, түрлі сала өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты. Мұндай формат процестің ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған қоғамдық сұраныстарды ескеруге мүмкіндік берді, — деді вице-премьер.
Сондай-ақ, ол елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселесі ел дамуының жаңа конституциялық моделіне сай екенін атап өтті.
— Бұл министрлікке ерекше жауапкершілік жүктейді. Басымдықты шикізат моделінен терең өңдеу мен жоғары қосылған құн қалыптастыруға көшіру талап етіледі, — деді Роман Скляр.
Бұған дейін 15 наурызда өтетін референдумды ТМД-дан 100-ге жуық байқаушы қадағалайтынын жазған едік.