Жаңа Конституциядағы адам құқығы мен азамат құқығының айырмашылығы неде

АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның Х отырысында Нархоз университетінің профессоры Виктор Малиновский жаңа Конституция жобасындағы адам құқықтары мен азамат құқығының айырмашылықтарын атады.

о
Видеодан алынған скрин

- Конституция жобасындағы 14-баптың тұлғаның құқықтық жағдайымен байланысты ұстанымдарына байланысты пікір білдіргім келеді. Біріншіден, баптағы 14-баптың 2-тармағын адамның құқығы мен еркіндігі Қазақстан Республикасында қолданыстағы құқықтың мәні мен мазмұнын, қолдану тәртібін айқындайтыны туралы ережемен толықтыру аса маңызды деп есептеймін. Конституцияда жария етілген адамның, азаматтың құқықтары мен еркіндігі заң шығарушы, атқарушы органдар мен сот билігінің кез келген заңын, заңға бағынысты, нормативтік және басқа да құқықтық актісін қабылдауға негіз қалаушы критерий және мақсат болуға тиіс. Бұл жерде адамның құқықтары мен еркіндігінің мемлекеттік басқару, норма шығару, құқық пайдалану салаларында, сондай-ақ, мемлекеттің құқық қорғау қызметіндегі басымдығын айту орынды және жол беріледі, - деді ғалым.

Заңгер, жобадағы 14-баптың 3 тармағына Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен міндеттерін тікелей және екіұшты етпей бекіту керектігін айтады.

- Қазақстан Республикасының азаматына құқықтар мен міндеттер азаматтық мәртебеден туындайды, яғни, бұлар адамның мемлекетпен орнықты саяси-құқықтық байланысынан туындайды деп тікелей әрі екұшты етпей жазылу керек. Конституциядағы мұндай нақтылаудың қағидатты мәні бар. Өйткені адамның құқықтары мен азаматтың құқықтарын айқын ажыратып тұр. Бұл – Конституциялық құқықтың теориясы мен практикасындағы жалпы қабылданған тәсіл, - деді Виктор Малиновский.

Сондай-ақ, ол Қазақстан азаматтарына жүктелетін міндеттердің аясына тоқталды.

- Адам құқықтары абсолютті, ажыратылмайтын, әмбебап сипаты бар, туғаннан бастап тиесілі болады және азаматтыққа, құқықтық мәртебеге, тұрған мекеніне, басқа да жағдайға тәуелді емес. Адам құқықтары жоғары Конституциялық құндылық болып есептеледі және бүкіл қолданыстағы құқықтың мазмұндық мәні мен қолдану тәртібін айқындап тұр. 

Азаматтың құқықтары адамға тек оның азаматтық мәртебесіне байланысты ғана тиесілі болады және оның мемлекеттің саяси қауымдастығының мүшесі ретіндегі айрықша құқықтық мәртебесін білдіреді. Ондай құқықтарға бәрінен бұрын саяси құқықтар мен тек Қазақстан Республикасының азаматтығы болған жағдайда ғана іске асыра алатын өзге де құқықтар мен заңдық мүдделер жатады.

Сәйкесінше азаматтық тек азаматтық құқықтарды ғана беріп қоймайды, сонымен бірге Конституциялық міндеттер де жүктейді. Ол міндеттер басқа тұлғалармен тең көлемде жүктелмейді. Ондай міндеттердің санатына Қазақстан Республикасын қорғау, әскери борыш өтеу, тарихи-мәдени мұраны сақтауда қамқорлық таныту, табиғатты қорғау және табиғи байлықтарға ұқыппен қарау сияқты тікелей Конституция мен заңдардан туындайтын міндеттер жатады, - деді профессор.

Айта кетейік, Kazinform агенттігінің Telegram арнасында осы отырыстың мәтін трансляциясы жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар