Жаңа Конституциядағы өзгерістер қалай жүзеге асып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияның қабылданғанына үш айдан асты. Заңдағы өзгерістер азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл нормалар іс жүзінде қалай жүзеге асуда? Заңгер, құқық саласының зерттеушісі Мереке Қонысханқызы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында түсіндірді.

Конституция
Фото: Ақорда

Сарапшының айтуынша, бірпалаталы Құрылтайдың, Халық кеңесінің және вице-президент институтының қызметі алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге негіз болды.

— Адам құқықтары жаңа Конституцияда нақты айқындалды. Күдікті ретінде ұсталған адамның құқықтарын қорғау тетіктері де жетілдірілді. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің оң нәтижесін көреміз, — деді Мереке Қонысханқызы.

Заңгер, құқық саласының зерттеушісі Мереке Қонысханқызы
Фото: Видеодан скрин

Маңызды бағыттардың бірі — киберқылмыспен күрес. Сарапшының мәліметінше, қазір мұндай қылмыстардың саны 40 пайызға азайған. Сонымен бірге алаяқтық пен трансшекаралық киберқылмыстарға қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

— Қазақстан киберқылмыспен күреске халықаралық деңгейде мән беріп отыр. Бұл бағытта заңнамалық шаралар қабылданып, мемлекетаралық ынтымақтастық дамып келеді, — деді сарапшы.

Конституциялық кепілдіктер азаматтардың баспанаға қатысты құқықтарын да қамтиды.

— Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға және одан шығаруға жол берілмейді. Тұрғын үйге кіру, оны қарап-тексеру және тінту заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес жүргізілуі керек. Сондай-ақ мемлекет баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Ол заңда белгіленген санаттар мен нормаларға сәйкес беріледі. Бұл талаптар азаматтардың жеке өмірі мен баспанасының қауіпсіздігін қорғауға арналған, — деп түсіндірді Мереке Қонысханқызы.

Айта кетейік, жақында Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер енді.