Жаңа Құрылыс кодексі жыл соңына дейін қабылдануы керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын-үй құрылысы саласына айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.
— Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Сонымен бірге, құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары технологияға 1 млрд доллар инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.
Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.
Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.
Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.