Жаңа Құрылыс кодексінде тұрғындардың қауіпсіздігіне екпін қойылады - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше екпін қойылып отыр. Сол себепті мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейту пысықталып жатыр.

Атап айтқанда, бүгін елордада Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында Құрылыс кодексінің жобасы талқыланып жатыр.
- Жалпы, Құрылыс кодексінің жобасына қатысты бастапқыда біраз сын айтылды. Дегенмен, жұмыс тобының отырысы басталғаннан кейін, бернеше рет қайта талқылау өткізіп, құжат нормалары ретке келіп қалды. Депутаттар өзінің ұсыныстарын беріп жатыр, сарапшылармен де пікір алмасу болды. Қазіргі кезде 630 жаңа ұсыныс берілді. Құжат жобасынан үй құрылысына қатысты бір тармағын алып тастадық. 630-ының шамамен жартысы қабылданды, ал қалғандары пысықталып жатыр. Жұмыс тобының мүшесі ретінде 120-ға жуық сарапшы енді. Аптасына кем дегенді бір рет жұмыс тобының отырысын ұйымдастырып келеміз, - деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Құрылыс кодексінің басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Осы құжатта тек құрылыс саласы немесе құрылыс компанияларының жұмысын реттеу мақсатында ғана емес, бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігіне екпін қойылған. Қалаларда құрылысты реттеу қажет. Әкімдіктермен келісіп, бос жерге үй сала беруге болмайды. Әлеуметтік нысандар құрылысын ұмытпау керек. Әрине, талқылау кезінде түрлі көзқарас бар, қарама-қайшы пікірлер айтылып жатыр. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда құрылысқа қатысты салаларды мемлекеттік бақылаудан жеке компанияларға беріп жіберген. Бұл ретте сараптама, тексеру бағыттарын айтуға болады. Өкінішке қарай, осыны нарыққа беріп жібергеннен кейін, мемлекеттік бақылауды жоғалтып алдық. Сондықтан былтыр Президенттің құжат жобасына қатысты айтқаны негізінен адамдардың қауіпсіздігіне қатысты болды, - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, ірі жобалар – мектептер мен ауруханалар, ірі зауыттар, фабрикалар мемлекеттік деңгейдегі сараптамада қалады және қадағалау күшейтіледі. Аз қабатты нысандар, жеке ғимараттарды жеке салада қалдыру ескерілген. Жалпы, бұл бағытта құрылыстың күрделілігі қарастырылады.
- Мәселен, үш жыл бұрын салынған мектептің немесе балабақшаның апатты жағдайда екені анықталып жатады. Шын мәнінде, компаниялар құрылыс салу құқын алып, өздері нысанды салып, өздері тексеріп, пайдалануға беріп отыр. Осының салдарынан оларды қадағалау тиісті деңгейде болмады. Бұл жерде құрылыс компанияларының ғана мүддесі қорғалса, онда осы саладағы дау-дамай ушыға түсетіні анық. Бірінші кезекте кодексте адамдардың қауіпсіздігіне екпін қойылады, - деді Мұрат Әбенов.
Оның пайымынша, Құрылыс кодексін Парламент жылдың аяғына дейін қабылдауы мүмкін.
Еске салсақ, былтыр ақпан айында Мәжіліс депутаттарына құрылыс кодексінің жобасы ұсынылды.
Сол жиын барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аталған құжаттағы нормаларды сынға алды.
Сонымен қатар, былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала құрылысы туралы кодекстің жобасы талапқа сай емес екенін айтты.
2024 жылы наурыз айында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа құрылыс кодексінің жобасына қатысты депутаттардың айтқан сынына жауап берді.