Жаңа күйімнің жарыққа шығуына Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы әсер етті - Секен Тұрысбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күй - қазақтың ежелден-ақ, мұңдасы, сырласы, жансерігі. Күйдің ғажаптығы сол - өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам боп өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді шын түсінген пенде жамандыққа бармайды деп жатады. Сондықтан да күй құдіретті, киелі деп есептелінеді. Домбыра туралы ұлы ғұлама әл-Фараби еңбектерінде: «Қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды» деп жазылуы жайдан жай болмаса керек.
None
None

Бүгін біз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артісі, дәулескер күйші-композитор, «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Секен Тұрысбековпен болған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

- Секен аға, жақында Астанада өткен «Мың күй» мерекелік кеште cіздің жетекшілігіңіздегі «Ақжауын» оркестрінің жаңа шығармаларды тарту еткеніне куә болған едік. Астана қалалық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен биылғы «Мың күйдің» басқа күй кештерімен салыстырғанда қандайда бір өзгешеліктер болды ма?

- «Өнеріне қарап елін таны» деген. Біз ең алдымен өзіміздің ұлттық өнерімізді жаңғыртып, жаңалап отыруымыз керек. Күй, ән сияқты рухани құндылықтарымызды жас ұрпақ санасына сіңіре білуге тиіспіз. Батысты бүкіл әлем насихаттап жатыр. Біз өз өнерімізді дамытсақ, сол арқылы біздің кім екенімзді әлем тани бастайды. Қазақта бес мың да жеті мың күй бар деп айтылады. Тыңқылдағанның бәрі күй емес, ол өзінің формасына келуі, дамуы, сол арқылы шыңына шығуы керек. Күйдің шын жанашыры, таланттысы болса әры қарай ілгерлетуі, тереңдетуі тиіс. Мысалы «Аққуды» Нұрғиса ағамыз қандай формаға келтірді. Арғы жақтан айтар болсақ, Байжігіттің «Аққуын» алсақ та сол күй , бірақ, дамымай қалған. Бұл 15 ғасыр еді. 18-19 ғасыр - күйдің де, әннің де шарықтау шегі. Тәттімбет, Құрманғазылардың, Дина апамыздың, Қазанғаптың, Дәулеткерей, Сүгірлердің барлығы осы уақыттарда өмір сүрген адамдар. Біз солардан қалған асыл мұраларымызды бүгінгідей тәуелсіз, өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тиіспіз. Сол мақсатта жақында «Мың күй» кешіне қатыстық. 180 күйшінің қатысуымен өткен «Мың күй» кешінде «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі өз қоржындағы жаңа күйлерін тыңдармандарына тарту етті. Кеште көрермендер де жылы қабылдады.

- Сіздің өз туындыларыңыздың көбі халыққа танымал деңгейге жетті. Мысалы, «Көңіл толқыны», «Ақжауын» сынды көптеген күйлеріңіз бен әндеріңіз тыңдаушылардың ықыласына бөленді. Сізге осындай күйлер шабытпен келе ме әлде басқалай әсерлер арқылы туа ма?

- Әдемі бір әуен келетін болса соны ұстап қалуға тырысу керек. Ол уақытпен есептелмейді. Түн жарымында келуі мүмкін. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Найман ананың желмаяға мініп, белден бел асып, желіп бара жатқан сапары бар. Автор ол жерде не айтқысы келді. Ол ана мәңгүрт болып қалған ұлын емес, халықтың болашағы, тағдырын іздеп бара жатты деп таныдым. Сүйтіп, содан алған терең әсерден туған күйдің атын басында «Шығыс жұлдызы» деп қойдым. Шыңғыс Айтматовқа арнап. Бірақ, «Шығыс жұлдызы» деген атпен күйімнің образы ашылмайтын болғандықтан, атын кейіннен «Аруана» деп өзгерттім. Күй Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы Найман ананың образынан алған әсерімнен жазылды. Сол күй түнгі сағат екіде келді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен Күлтегіннің құлпытасын Еуразия университетіне алып келіп, Президент ашылу салтанатын жасаған кезде мен қатты толқыдым, керемет әсерге бөлендім. Содан «Күлтегін» деп күй жаздым. Орта ғасырдан арғы замандағы әуенді елестетуде мүмкін емес қой. Дегенмен, ат үстінде жүрген, Тоныкөктің ізбасары болған, елін, жұртын сыртқы жаудан аман сақтап қалу үшін, күндіз күлкі көрмей, түнде ұйқы көрмей, ат үстінде жүрген батырды сомдағым келді. Сол сәтті шыққан туындымнан кейін, сан ғасырдың қалқасында жасырынып жатқан асылдарымызды жаңғыртып, тарихымызды қайта тірілтіп отырған еліміздің көсеміне риза болдым. Күй қай заманда туса сол кезеңдердің рухани қорегі секілді болады. Ертедегі әндерді оның өлеңіне (сөзіне) қарап көп ел қабылдамай қалуы мүмкін. Ал күйде олай емес, аударманы қажет етпейді, тек адамда көкірек көз, құлақтың саңылауы болса болды.

- Сіз айтқандай, қазіргі уақытта көкірегінде көзі, құлақта саңылауы бар адамдардың қатары қаншалықты? Ұлтымыздың бүгінгі адамдары ойға да тілге де шорқақ болып барады деп жатады ғой...

- Иә, қазір күйді құлақпен емес көзбен тыңдайтын деңгейге жеттік. Неғұрлым жылдам ойнаса, қуалап ойнаса соғұрлым мықты екен деп ойлайтын болдық. Күйдің қасиеті оның тездігінде, жылдамдығында емес. Бұлай кете берсе күй өзінің болмысынан, табиғатынан, характерінен айырылып қалады. Дыбыс адамның жүрегін тербеп, жанына әсер ететін, ой салатын болуы шарт. Қазір, Құдайға шүкір, Қазақстанда оркестрлер үлкен қалалар мен облыстарда ғана емес, аудан, ауылдарға дейін бар. Бірақ солардың қоржынында жаңа күйлер өте аз. Бәрі кешегі жауыр болған, орындалып жүрген шығармалар. Өнер атаулы жаңалықпен түлеп отырады. Оны сапалы, жақсы күйінде дамыту үшін әрбір өнер ұжымына ізденіс керек. Сол тынбай ізденістердің арқасында жақсы күйлер ойналып, тамаша туындылар дүниеге келіп жатса адамдардың санасына сәуле болып құйылуға болады...

- Сіздің «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Жазғы қар», «Бесік күйі» («Балауса»), «Күлтегін», «Көк бөрі», «Дарабоз», «Ақжүніс», «Өкініш», «Боздақ», «Аруана» («Шығыс жұлдызы»), «Мәлғаждар» сынды тыңдаушы көңілінен шыққан күйлеріңіз бар. Сондай-ақ, «Толғау», «Аққу сазы», «Ерке қусым», «Қоңыр қаз», «Шағала», «Мен бір жұмбақ адаммын», «Анама», «Тарбағатай», «Қоңыр жел», т.б. ән-күйлер мен романстардың авторысыз. Жалпы өзіңіздің туындыларыңызды қалай бағалайсыз? Кейде «осы шығармамның мына бір жерін өзгерту керек еді, толық болмай қалған екен» деген сияқты ойлар мазалайтын кездер бола ма?

- Әрине, өзімнің туындыларым көңілімнен шығады. Ең алғашқы «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» сынды, «Жазғы қар», «Боздақ», «Өкініш», «Ақжүніс», «Көк бөрі», сыбызғыға арнап жазылған «Балауса», «Аруана», өз ұстазыма арнаған «Мәлғаждар» деген күйлер жазылды. Шығарма біткеннен кейін, өз-өзіңе қайран қаласың. Кез келген туынды жайдан-жай келе салмайды. Адамның жан дүниесін үлкен арпалысқа салып, азаптап барып келеді. Күймен ауырып, алысып жатқан уақытта қатты қиналасың. Мазаң болмай, жындануға шақ қалып, үлкен толғаныста, адам айтса нанғысыз күйге түсесің, содан ішіңдегің толығымен шыққан кезде барып тынысыңды аласың. Кейін сол арпалыспен шыққан шығармаңды халық тыңдап, жоғары бағалап жатқан кезде «е, дұрыс дүние жазылған екен-ау» деп жеңілдеп қаласың. Сосын тағы да жүресің тып-тыныш. Бір күні «құдайың» өзі түртеді «ей, оян» деп. Ән де солай. Ән жазғанда оған жеңіл-желпі қарамағанымыз жөн. Батыстан соққан «жел» үдеген сайын, соңғы уақыттарда музыка атаулы да әуен болмай бара жатыр. Ән мен күй адам жанына жылылық әкелетін, рухани шабыт сыйлайтын, өмірге құштарлығыңды оятатын болуы керек. Әйтпесе, құр айғай неге керек?!

- Сіз композитор сондай-ақ, орындаушы ретінде де кешегі Тәттімбеттердің жолын жалғастырушы әрі қарай дамытушы шертпе күйдің шеберісіз. Шығармаларыңызда шертпе күйге жаңалық әкелдіңіз бе?

- Мен шертпе күйге үлкен сағаны қостым. Бізде жиі орындалатын батыс күйлерінде көбіне кіші сағадан қайтып жатады. «Си» ден қайтады да ары қарай «до», «ре»-лерге бара бермейді. Шертпе күйлердің ортақ ерекшелігі онда қайталау бола бермейді. Ал, батыс күйлерінде 60-70 пайызы қайталаудан тұрады. Жоғарғы буын, ортаңғы буын, соңғы буын деп бірін-бірі қайталап келеді. Батыс күйлерінде үлгі боларлығы, менің ойымша, Құрманғазының «Серпері».

- Үлкен сағаны сіз шығардыңыз ба?..

- Жоқ, шығардым емес, күйлерді жаңғыртып, үлкен сағаға апардым.

- Ол айтқаныңыз орынды, шертпе күйде үлкен саға бұрыннан бары рас. Мысалы, Әшім Дүңшіұлының «Кеңес» күйінде.

- Иә, перне өзі қадау қадау санаулы ғана болады. Бұрынғы уақытта «қашаған перне» деген болды. Қазір оны бірде-бір қазақ пайдаланбайды. Ол «до» мен «си»-дің, «ми» мен «фа»-ның арасында. Ол күйдің дамуы еді. Әсіресе арқа мен шығыс күйлерінде қашаған перне қолданылады. Мысалы, Дина апамызбен Әбікеннің құлақ бұрауына қарап отырсақ, қашаған перненің бұрауын алады.

- Әдетте күйлерді үлкен жақтан төкпе күй, шертпе күй деп бөліп жатамыз. Айтыңызшы, күй атаулары қанша түрге бөлінеді?

- «Шертпе», «Төкпе» деген аттың өзі - арзан атаулар. Оны «нақысты» күйлер, «дауылпаз» күйлер дегеніміз дұрыс. Күйдің бәрі қай түрі болсада шертіледі емес пе? Шертпе деп жүргенімізді нақысты күй деп, батыстың ұшқыр күйлерін дауылпаз күйлер деп атауға тиіспіз. Дегенмен, батыста да Дәулеткерей сияқты күйшілердің күйі де нақысты күйлерге жатады. Баппен ойналады, жаныңды тербейді...

- Мұхтар Әуезовтің «Қазақ өнеріндегі ең күрделісі, ең толғаулысы, ең сырлысы - ол күй өнері» дейтін бір сөзі бар. Біз осы толғаулы, сырлы өнерімізді әлем сахнасына қалай шығаруға, танытуымызға болады?

- Әуен, үн - ұлы ұғым. Адамзат баласы ең әуелде үнді тудырған дейтін сөз бар. Сонау VII-IX ғасырдағы Қорқыттың күйлері бүгінге жетті. Адамзат баласында өнер ретінде ең алғаш әуенді тудырған делінеді. Бер жағындағы XV ғасырда Ықылас келеді. Сол Қорқыттың, Ықыластың күйлері қандайда бір симфониядан артық болмаса кем емес. Еуропада XVI-XVII ғасырлардан басталған. Дирижер деген болмаған. Композитор өзі жазады, өзі оркестрмен бояу енгізіп тірілтіп жатты. Біз мына дирижерлікке ұлттық бояу енгізуіміз керек. Дирижерлік деген Еуропадан келген ғой. Енді біз солардың «күпі киіп келген дирижерлігіне шекпен жауып қайтаруымыз керек». Яғни, осыған ұлттық бояу енгізуімізге болады. Көрерменге, тыңдаушыға сыртыңды беріп тұру бізге тән емес. Оны мимикамен, ыммен-ақ, иығыңмен, жай ишаралық көріністермен жеткізсе болады. Соның шетін кешегі Нұрғиса жасады. Қажет болса халыққа қарап дирижерлік ете береді. Даңықты күйші сол жаңалықты әкелді. Теріс қарамай, өзі орындап, көрерменге жүзін бере отырып дирижерлік жасау ең тиімді. Міне, осының өзі әлемдік музыкаға бір ерекшелік болып кіреді деген сөз.

- Сіздің сол кешегі Нұрғиса ағамыздың жолын жалғастырып, сахнада көрерменге қарап, күйді орындай отырып жасаған дирижерлігіңізді өткенде Тәуелсіздікке арналған «Мың күй» кешінен көрдік...

- Біз «Ақжауын» оркестрімен Қытайға барып Бейжіңде концерт бердік. Сонда әлемнің әр түкпірінен жиналған музыка алпауыттарының пікірін негізге ала отырып, Қытай баспасөзі «әлемдік музыканттардың, дирижерлердің бәрін көрдік, тыңдадық, бірақ, иығымен, шашымен, мимикасымен, арқасымен дирижерлік еткен музыкантты бірінші рет кезіктіруіміз» деп жазыпты. «Көңіл толқынын» қытайлар фортепианода ойнайды. Күй Секен Тұрысбековтікі демейді, Қазақтың күйі дейді. Солай күй арқылы бір жарым миллиард халық Қазақты мойындап таныса, қалған халық қайда барады. Бұрын орыстың бір ұлы суретшісі айтқан екен «мені ең бірінші Қытай мойындаса қалғаны ешқайда кетпейді» деп. Он жылдан артық уақыттан бері Қытайлар «Ақжауын» күйін ауа райы туралы хабарда беріп келе жатыр.

- Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен 2003 жылы 20 тамызда қазіргі «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі құрылды. Содан бері оркестрдің репертуарына елімізде бұрын сахнада орындалмаған немесе ел естімеген жаңа туындылар енді ме?

- «Ақжауын» репертуарында бұрынғы заманнның атақты күйшілерінің бірі, Алтайдың арғы бетінде өмір сүрген, өзі би болған Бейсенбі Дөненбайұлының «Кеңес» атты күйі бар. Бейсенбінің «Кеңесін» оркестрде кіргізу ойымда 20 жылдан бұрын бар еді. Өйткені ол оркестрге сұранып тұрған күй болатын. Арғы беттен келген халық күйі «Бұлғын-сусар», Мүкейдің «Қосбасқан», Жантөренің «Шалқымасы», «Қоңырқаз», Мәлгаждар Әубакіровтың «Таласы», Кенжебек Күмісбековтың «Сағыныш сазы», Мағауия Хамзинның «Қосбасары» сияқты күйлер енген. Бұлардың бәрінің өзіндік таңбасы айқын, бояуы қанық, тыңдаған адамды шаршатпайтын тамаша күйлер.

- Шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтардың бірі жаңа туындыңыз «Мәңгілік ел» атты күйіңіз туралы айтып берсеңіз.

- «Мәңгілік ел» туралы айтатын болсақ, мәңгілік ел болсақ деген, осы тәуелсіздігіміз баянды болса екен деген тілек. Осы елімді тыныш қылса деп жаратушыдан бір қолдау сұрау. Қазақстанның ұлан қайыр өлкесі Алтай мен Атыраудың арасын, өз тізгініміз өзімізде, бір ел болсақ деп біздің бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған. Сондай ойларды сіңіру бар аталған шығармада. Күй Алтай жақтағы Қазақтардың «Қара жорға» деген күйінің мәнерімен басталады. Негізі сол «Қара жорға» деген күй жақсы басталған да дамымай қалған, толыққанды күй емес еді. Содан ары қарай ауқымын кеңейткім келді. Қазақтың жері Атырау мен Алтай деп отырмыз ғой. «Қара жорғаның» сарынымен басталған күй батыс жақтағы күй ырғағынна ұласады. Басы Алтай жақтағы әуендерді әкеледі де Атырауға қарай көшеміз. Қысқасы Құрманғазының стиліне жақындайды, сонымен тұтасады.

- Осы «Мәңгілік ел» атты күйіңіздің тууына не әсер етті?

- Қазақстандық жолдың ортақ мақсаты, мүддесі, болашағы қандай қорытындымен түйінделетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын жан-жақты, диалектикалық қисынмен ашып берді, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбетін сомдады. Н.Назарбаев: «Қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүр­мін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жете­­лейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы» дегенін білесіздер.

Қай мемлекет болмасын өзінің ұрпағының, Отанының болашағы мәңгілік болғанын қалайды. Жаңағы Елбасының Жолдауда айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы да осы күйдің жарыққа шығуына әсер етті. Мысалы, әншілер, күйшілер Елбасына арнап ән, күй шығарып жатса теріс емес шығар. Бұл күй Елбасының ойына, идеясына қолдаушы болу, бір жағына шыққың келіп, сүйеу болса екен деген ізгі ниеттерден туындады. «Мәңгілік Ел» идеясы - алдағы болашақтан күткен үлкен үміт. Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мәңгі, қоғамымыз тыныш болса екен деген асыл арман.

Айта кету керек, бұл керемет идеяны қолдауыма тағы бірнеше себептер бар. Мысалы, менің «Ақжауын» деген оркестр құрам деген ойымда жоқ еді. 28 жасымда Қазақстаннның «Ленин комсомолы» сыйлығын алдым, 31 жасымда жеке домбырамен-ақ республикаға еңбегі сіңірген әртіс деген атақты алдым.

Елбасымен бір кездескенімде «Секен өз оркестріңді құрсаң қайтеді?» деген идеяны берді. Содан мен Елбасының бұл ұсынысын мақұл көрдім. Сөйтіп кейін «Ақжауын» оркестрі дүниеге келді десе артық айтқандық емес. Ұжымыммен Астанаға көшіп келуіме тағы да Нұрсұлтан Әбішұлы себепкер болған болатын.

Марқұм, талантты актер Құдайберген Сұлтанбаев өзінің жеке театрын ашсам деген оймен талпына жүріп, көп асулардан асса да, арманы орындалмай кетті. Ал менің жеке Мемлекеттік камералық оркестр құруыма бірінші Алла, екінші Елбасының ерекше қолдап, демеуімен мұратым орындалды дер едім. Сондықтан, өнердің қадірін біліп, бізді бағалап, өзіңе бір емес, бірнеше рет қол ұшын берген адамның ұзақ мұратты көксеп, көтерген идеясын қалайша қолдамасқа, қалайша содан әсерленбеске?!

Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтанұлы

(Суреттер Берік Жүнісбековтің мұрағатынан алынды)

Соңғы жаңалықтар