Жаңа мамандықтарға болжам жасау үшін форсайт жобалар қажет - Білім вице-министрі Е.Иманғалиев

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Жаңа мамандықтарға болжам жасау үшін форсайт жобалар қажет. Бұл туралы бүгін Астанада «Кәсіби білім және бизнес: әріптестер диалогы» атты V халықаралық форумында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.

Жаңа мамандықтарға болжам жасау үшін форсайт жобалар қажет - Білім вице-министрі Е.Иманғалиев

«Кадрлық жетіспеушілікті болжау жүйесін жолға қою керек. Сондай-ақ инновациялық технологиялар тарапынан болатын талаптарды есепке алғанда жаңа мамандықтарға болжам жасап, ол үшін форсайт жобалар қажет. Яғни, инновацияларды енгізуде қандай құзыреттер қажет болатынын зерттеуіміз тиіс. Мысалы, Ресейдегі Сколково бұл үшін «Құзыреттер-2030» үлкен форсайт жобасын іске асыруда. Кәсіптер бойынша қажеттіліктер болжамын құру үшін экономикалық қызмет түрлері, белсенділігі, кәсіптер бойынша жұмыспен қамтылғандардың мемлекеттік статистикасын енгізу қажет», - деді вице-министр.

Оның атап өткеніндей, сонымен қатар жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, кадрлардың болжамы, қажеттілігі туралы нақты деректерге негізделген кәсіби бағыт-бағдар беру жүйесін жолға қою керек. «Жастардың өз бейіміне қарай мамандық таңдау үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс. Ол үшін азаматтардың әр түрлі санаттары үшін кәсіптік бағдар берудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу, жұмыспен қамту орталықтарының базасында кәсіптік бағдар беру инфрақұрылымдарын құру қажет», - деп түйді ойын Е.Иманғалиев.