Жаңа мектептер, жалақының артуы, тәрбие бағдарламасы – Білім саласының басты жетістіктері

колаж білім
Фото: Kazinform

ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылы мектепке дейінгі, жалпы және орта-техникалық білім беру саласына қандай өзгерістер болғанын айтып берді. Бүгінгі таңда министрлік құзыретінде 22 мың білім беру ұйымы бар. Бұл 11 мың балабақша, 8 мың мектеп, 800 колледж, 7 млн бала мен 500 мыңнан астам педагог, деп хабарлайды Kazinform.

Балабақшаларға бірыңғай кезек енгізілді

Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылы 81 мың орындық 300-ден астам балабақша ашылғанын хабарлады.

«Өздеріңіз білетіндей, ұзақ уақыт бойы балабақшаларға орын бөлудің шашыраңқы жүйесі ата-аналарға қолайсыздық тудырып келді. Барлық сын-тілектерді ескере отырып, министрлік биыл „Кезекті есепке алудың бірыңғай базасы“ пилоттық жобасы әзірленіп, іске асырылуда. Бұл жүйе ашық, айқын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды, ата-аналардың құжат жинауы қажет етілмейді, барлық деректер автоматты түрде расталады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылды.

Салаға кәсіби мамандарды тарту мақсатында қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға артты және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Барлық мектептің қауіпсіздігі күшейді

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі ІІМ, ТЖМ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізуде. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді. Бүгінде 100% білім беру мекемелері техникалық жарақтандыруға қол жеткізді. Атап айтқанда, бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, турникеттер мен арнайы күзет қазметкерлері бар», — дейді министрлік.

Техникалық шаралардан бөлек, қызметкерлер мен оқушылардың төтенше жағдайларға ден қою шараларына дайындығы назарға алынды. Бұған ТЖМ мен ІІМ әріптестері көмектескен.

«Тек жазғы кезеңде балалар үшін 100 мыңнан астам оқу-жаттығу іс-шаралары өткізілді. Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары әзірленіп, қабылданды. Құжатқа 53 ірі шара, оның ішінде балалардың құқықтарын қорқытудан қорғау жөніндегі әлеуметтік жобалар кіреді», — деп хабарлады ведомстводан.

Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленді

Мектеп пен балалардың өміріндегі ата-ана рөлін арттыру үшін мектептерге «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» енгізілді.

«Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы — тәрбие мәселесіне баса көңіл аударылды. „Біртұтас тәрбие бағдарламасы“ әзірленіп, барлық мектептерге енгізілді. Оның мақсаты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламаның басты ерекшелігі — бала тәрбиесінде „ата-ана-мектеп-қоғам“ ынтымақтастығын нығайту. Сонымен қатар, әр ата-ананы педагогикалық тұрғыдан сүйемелдеу мақсатында барлық білім ошақтарында „Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы“ ашылуда», — деп жазылған хабарламада.

Мектепте тегін тамақтандыру жалғасады

Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мектептерде тегін тамақтанады.

«Бүгінде министрлік тамақтандыру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдірді. Атап айтқанда, қызмет көрсетушілер алдын-ала СЭС қорытындысын алуы тиіс. Қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерінің өкілдерінен құралған бракераж комиссияларының қызметі күшейтілді», — деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Жаңа мектептер салынды

Биыл елімізде 132 мың орынға арналған 154 мектеп ашылған. Бұл мектептерді іске қосу арқылы 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп, 32 тозығы жеткен мектеп мәселесін шешуге және 92 мектеп оқушы орындардың тапшылығын шешуге ықпал етті.

Алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу көзделуде. Сондай-ақ, 210 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, робот техникасы, STEM, химия, физика, биология пәндерінен 1000 заманауи кабинет ашу жұмыстары жүргізілді.

Колледж студенттерінің стипендиясы көбейді

Биылғы оқу жылында 772 колледжде 531 мың студент білім алуда. Оның 341-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.

«Президент тапсырмасын орындау мақсатында алдағы екі жылда жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% тегін қамту көзделуде. 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 155 мыңға дейін артады. Оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған. Биылғы оқу жылынан бастап студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында стипендия 50%-ға өсті. Ал, келесі жылы тағы 50%-ға арттыру көзделіп отыр», — дейді министрлік.

Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» іріктеліп, пилоттық режимде даярлаудан өтіп жатыр. Педагогтерді аттестаттауға және біліктілікті арттыру жүйесіне қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестаттау процесі автоматтандырылуда. Платформа 2024 жылдың қаңтарында Шығыс, Батыс, Солтүстік және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылмақ.

Соңғы жаңалықтар