Жаңа одақ - жаңа мүмкіндіктер
Қол қою рәсімінің алдында Ресей президенті Владимир Путин: «ЕЭО-қа қол қою рәсімінің Қазақстанның елордасы Астанада өтуінің символикалық маңызы зор. Өйткені, Еуразиялық одақты құру идеясын 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде алғаш жариялаған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұр» деп атап өтті. Оның айтуынша, үш ел 170 млн-нан астам адамды қамтитын аса қуатты да ірі өңірлік нарық құрады. Және еуразиялық «үштіктің» қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәдени әлеуеті бар және индустриалдық базасы да орнықты.
Владимир Путин өз сөзінде үш елдің энергетикалық ресурстарының қоры орасан зор екеніне тоқталды. Яғни, ЕЭО-ның аясында кооперациядан дамуға күш алатын салалардың бірі - энергетика. Мәселен, 2019 жылға қарай үш ел ортақ энергетикалық нарық құрады. Үш елдің энергетикалық әлеуетін біріктіру арқылы бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетуге болады. Өйткені, еуразиялық «үштік» энергетиктерін ортақ технологиялық база, білікті кадрлар және ортақ стандарттар біріктіреді. Алайда, энергетикалық құрылымдардың әркелкілігі, тарифтердің арасында алшақтық бары рас. Бірақ, бұл бірлесіп шешуге болатын мәселелер. Мысалға, қазіргі кезде ЕЭО-на кіретін елдердің электр энергетикасы 245-250 мың мегаватт қуатты құрайды. 162 мың шақырым жүйе құраушы электр желілері бар.
Ресей президенті өз сөзінде жаңа одақтың географиялық басымдықтары тек қана өңірлік емес, сондай-ақ жаһандық деңгейдегі көліктік-логистикалық бағыттар ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Шындап келгенде, бұл жаңа экономикалық бірлестіктің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Себебі, Қазақстан қарқынды дамыған Қытай мен Еуропа нарықтарының ортасында орналасқан. Мұны халықаралық сарапшылар да мойындайды. Мәселен. «DP World» компаниясының атқарушы директоры Мұхаммед Шарафтың айтуынша, Қазақстанның экономикасының ұтатын жері - қарқынды дамыған Қытай мен Еуропа нарықтарының арасындағы қолайлы жерде орналасуы. Әлемдік логистиканың қазіргі көшбасшыларының бірі - «DP World» компаниясы бізге тек темір жол ғана емес, сондай-ақ әуе және теңіз жолдарындағы тасымалдарды дамытуға көмектесуге ниеттеніп отыр. «Ең алдымен, біз қазақстандық әріптестерімізге заңнамалық базаны жетілдіруге кеңес бердік. Содан кейін, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады»,- деді М. Шараф VII Астана экономикалық форумының панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде.
Ал, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 19-20 мамырдағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында Қытай елінің басшысы Си Цзиньпинмен бірлесіп, Ляньюньган теңіз портындағы логистикалық терминалдың тұсауын кескені белгілі. Қазақстан-қытай логистикалық терминалы екі елдің ғана емес, ҚХР мен ЕЭО-ның арасындағы экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтереді. Өйткені, Ляньюньган - әлемдегі көлік инфрақұрылымы өте жақсы дамыған 25 ірі порттардың қатарына кіреді. Оның қазақстан-қытай терминалына бөлінген жүк тиейтін аймағы 21,6 гектарды алып жатыр. Осы терминалдың салынуы нәтижесінде Қазақстаннан жеткізілген транзиттік жүктер Оңтүстік-Шығыс Азияға, Австралия мен Канадаға дейін барады. Яғни, жаңа одақ Қазақстанға ғана тиімді емес, ол сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мүшелерінің де бәсекелестігін арттырады.
Әмірлан Әлімжан