Жаңа оқу жылы мен қазылған көшелер: Алматы көлік жүктемесіне дайын ба

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жылда қыркүйек айында кептеліс күшейеді.

дороги автомобили пробка жолдар көліктер кептеліс
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Жаңа оқу жылы басталған соң, таңғы және кешкі уақытта жолға шығатын адамдардың қатары күрт артады. Бұл, әсіресе, Алматыда білінеді. Ата-аналар таңертең балаларын балабақша мен мектепке апарса, студенттер колледж бен университетке барады. Кешкі уақытта бәрі үйге қайтады.

Жазғы уақыт аяқталған соң, демалыстан кейін жұмысқа шығатын адамдардың қатары көбейеді. Соның әсерінен онсызда көлігі көп қала көшелерінде кептеліс күшейіп кетеді. Қыркүйектің алғашқы апталарында жүргізушілер кептелісте 2-3 сағатқа дейін тұруы мүмкін.

Алматы
Фото: А.Павский / Kazinform

Алайда алматылықтар биыл бұл жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі мегаполистің біраз көшелерінде жол жөндеу, инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары аяқталған жоқ. Одан бөлек LRT құрылысы секілді осы жылы бітпейтін ірі жобалардың да көшедегі ахуалға әсері бар.

Әлеуметтік желіде бұл жағдайға қатысты пікірлер көп. Мәселен, Асылжан есімді тұрғын Өтеген батыр, Жұбанов, Алтынсарин көшелерін жаздың басында емес, оқу жылының алдында қазылып жатқанына таңданыс білдірген.

Алматы
Фото: А.Павский / Kazinform

Тағы бір желі қолданушысы Алматыда жолдар мен тротуарлардың мұндай ауқымды жөндеуін алғаш рет көргенін айтып, Тимирязев көшесіндегі жағдай бойынша бейнежазба жариялаған.

Дина есімді қала тұрғыны Сәтбаев көшесіндегі жөндеу жұмыстары мен қоршаулардың кесірінен аялдамаға жету қиындағанын хабарлады.

- Абай даңғылында жол жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйекте не болатынын елестетуге қорқамын, - деп жазды Ерке есімді желі қолданушысы.

Алматы әкімдігі көше мен жолдардағы ауқымды жұмыстардың басым бөлігін қашан аяқталатыны туралы ақпарат ұсынған жоқ. Дегенмен, қыркүйек айының басында кептеліс пен көлік жүктемесін азайтуға бағытталған шаралар туралы түсіндірді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік жүктемесін азайту және қала тұрғындарының жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, оқушыларды тасымалдау үшін 60 мектепке 300 мектеп автобусы жұмылдырылады. Олар 13 мыңнан астам баланы қамтиды.

Алматы
Фото: А.Павский / Kazinform

Ал білім беру ұйымдарының маңында жол қозғалысын реттеу күшейтіледі. 1 қыркүйек таңертең мектептердің маңында, жүргіншілер өткелдерінде және көлік қозғалысы ең көп учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады.

Одан бөлек жаңа оқу жылының алғашқы екі аптасында қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіледі. Қолданыстағы 3 200 автобусқа қосымша резервтен 500-ге жуық автобус шығарылады. Ал метрополитенде пойыздар саны 11-ден 13 құрамға дейін көбейтіліп, таңғы уақытта қозғалыс аралығы 3 минутқа дейін қысқармақ.

Алматы
Фото: А.Павский / Kazinform

- Жаңа оқу жылы қарсаңында әкімшілік полициямен бірлесіп, білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымының жағдайы тексерілді. Соның нәтижесінде 140-тан астам ескерту бойынша кемшіліктер жойылды. Барлық білім беру ұйымының маңында қажетті жұмыстар жүргізілді, - деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтілетінін атап өтті. Қолданыстағы шектеуге сәйкес, салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің белгіленген учаскелерде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруіне тыйым салынады.

Алматы
Фото: А.Павский / Kazinform

Көлік жүктемесін азайтуға бағытталған шаралардың бірі - ірі компаниялар жұмысының ішінара онлайн форматқа өту.

- Қала орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктерге және басқа да ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлердің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру мүмкіндігін қарастыру немесе жұмыс күнінің басталу уақытын икемді ету ұсынылды. Өз кезегінде әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен оларға қарасты ұйымдар 2026 жылы 1-5 қыркүйек аралығында қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру шараларын қабылдайды, - деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі мен полиция тұрғындарға үндеу жасап, 1 қыркүйекте жеке көлікті үйде қалдыруға шақырды.