Жаңа оқу жылына дайындық: Алматыда 100-ден астам мектеп маңында қоршаулар орнатылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы қаласының полицейлері мектеп автобустарының жай-күйін және білім беру мекемелерінің маңындағы көше-жол инфрақұрылымын тексерді.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондықтан 200 мектеп автобусын пайдалануға беретін автокәсіпорын тексерілді. Бұл автобустар қаладағы 57 мектепке оқушыларды тасымалдайды.

— Барлық көліктер 2023–2024 жылдары сатып алынған және заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Барлығында 6 бейнебақылау камерасы (салонда және сыртта), қауіпсіздік белдіктері, өрт сөндіру жүйелері, қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған пандустар орнатылған. Автопаркте жүргізушілер міндетті түрде рейс алдындағы медициналық тексеруден өтетін медициналық кабинет жұмыс істейді, — деп хабарлады полициядан.

Сондай-ақ депарамент оқу жылына дайындық аясында Алматының мобильділік басқармасымен бірге бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Олар:
• 216 мектептің маңындағы көше-жол желісі тексерілді;
• Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 275 нұсқама берілді;
• 300 жол белгісі ауыстырылды және жаңадан орнатылды, ;
• 8 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызылды;
• 207 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі жарық диодты шамдармен жарықтандырылды;
• 101 білім беру мекемесінің маңына темір қоршаулар орнатылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1-сыныпқа барған оқушылардың 57 пайызы қазақ тілін таңдағанын жазғанбыз.
Биыл Алматыда 127 мың оқушы тегін тамақпен қамтылады.