Жаңа оқу жылы: Кезекші сыныптардағы дайындық қалай жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталмайды. Дегенмен, ата-ананың таңдауына қарай, 1-4 сынып оқушылары үшін мектепте кезекші сыныптар болады. Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп лицейі де жаңа оқу жылына дайындалып жатыр. Осы орайда мектеп басшылығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау мен кезекші кабинеттердің дайындығы туралы баяндап берді.

«Бастауыш сыныптарға кезекші топтарда Ата-ананың келісімі бойынша оқытуды ұйымдастыру рұқсат етілген. Қазіргі кезде мектептегі бастауыш сыныптағы оқушылардың 453-і, яғни 60 пайызға дейінгісі кезекші сынып топтарында оқуға өтініш жазып отыр. Мектеп кезекші сыныптарды қабылдауға да, қашықтан оқытуға да толық дайын деп айтуға болады», - деді мектеп директоры Сапура Төлекова.



Оның сөзіне қарағанда, мектепте оқушылар мен ересектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық санитарлық шаралар қарастырылды. Осы орайда санитайзерлер, антисептиктер, түрлі бактериалды сабындар, тепловизорлар, дезинфекциялық төсеніштер сатып алынды.

«Маска мен қолғаптар бар. Кезекші топтарда оқушылар саны 15-тен аспауы керек. Сондықтан барлық кабинеттердегі орындар тек 15 балаға лайықталып дайындалды. Мектептің ішіндегі әлеуметтік қашықтықты балалар ұмытпай сақтауы үшін арнайы белгілер қойылды. Сонымен қатар, мектепке кіргізу мен шығарып алуда әртүрлі есіктер қарастырылды, өйткені үздіксіз қабылдау жүреді. Оқушылар 15 минуттық аралықпен қабылданады, яғни таңертең сағат 8:00-де бір сыныптың 15 баласын қабылдау басталса, келесі сыныпты 15 минуттан кейін қабылдаймыз. Сабақтардың арасындағы үзілістер де әр сыныпқа әртүрлі белгіленеді. Осы орайда мектеп дәлізінде бір уақытта оқушылар көптеп шоғырланбайды», - деді мектеп директоры.

Кезекші сыныптарға мұғалімдерді іріктеудің тиісті талаптары ескерілген. Бұл тұрғыда мұғалімнің келісімі болуы керек. Одан кейін педагогтың жасы назарға алынады, жасы үлкен әрі созылмалы ауру бар, дәрігерлік есепте тұрған мұғалімдер кезекші сыныптарға сабақ беруге тартылмайды.

«Кезекші сыныптар болған уақытта ересектер санын барынша азайтамыз. Тек қана педагогтар, тазалыққа жағдай жасайтын жұмыскерлер, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне жауапты мұғалімдер ғана болады. Бір сыныпта бір мұғалім жұмыс істеуі керек деген қағида сақталады. Кезекші сыныптарда тек негізгі пәндер оқытылады, қалған пәндер онлайн форматта қашықтан жүргізіледі», - деді С. Төлекова.


Таңертең балаларды қабылдап алу мектептің сыртындағы қоршаудан іске асырылады.

«Балада дене қызуы анықталса, бірден ата-анасымен қайтарылады. Бала мектептің алдындағы арнайы арақашықтық белгілері арқылы кіреді. Сабақ барысында балада дене қызуы, жөтел байқалса, онда арнайы медициналық кабинет жанынан оқшаулау бөлмесі жабдықталған. Сол оқшаулау бөлмесінде бала жедел жәрдем немесе ата-анасы келгенше болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram