Жаңа өлшемдегі жастық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аумалы-төкпелі бүгінгі заман жастыққа деген көзқарасты да өзгертіп жібергендей. Әйтеуір бүгінгінің жасына қояр талабымыз өзгеше, бүгінгінің адамынан күтер мінез де басқа. Құндылықтары біртіндеп ауыса бастаған бүгінгінің сыры мен жырын ұғу үшін «заманы соныкі» жастардың да бағыт алған жолын, ұмтылған мақсатын, қол созған асқарын біле жүргіміз келіп, жастар тақырыбындағы «дөңгелек үстелімізде» мәдениеттанушы, философия ғылымының докторы, профессор Құлсариева Ақтолқын, әлеуметтанушы мамандар Бейсембаев Серік пен Алтынбеков Айдосқа сөз бердік...
None
None

- Құндылықтар ауыса бастаған бүгінгі заман жастарының дүниетанымы, сұранысы мен талаптар жүйесі туралы сөз қозғасақ, қандай кемшіліктер мен жетістіктерді ерекшелеп көрсетуге болады?

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Қай кезде, қай елде болсын, жаңа да төлтума идеяларды жүзеге асыруға бейім, жоғары шығармашылық әлеуетке ие топ та, қоғамның барынша белсенді бөлігі де - жастар екені белгілі. Жастар қашан да ересектерге бір түрлі, қызықтау болып көрінеді, өйткені адамзат ұмытшақ қой, өздері сондай тауы шағылмаған жасөспірім кезден өтпегендей.

Дей тұрғанмен, қазіргі заман жастары бұрынғы жастардан өзгешерек. Расында, құндылықтар тұрмақ, мәдениеттің тасымалдаушысы түбегейлі өзгеріске түсіп отырған бұл заманда жастардың сұраныс-талаптары да түрленіп отыр. Бүгінгі қоғамды қоршаған ақпараттық шындық адамзатты 70-80 жылдары қоршаған шындықтан мүлдем бөлек екені анық. Ол виртуалды шындық туындатқан ғайып болмысқа байланысты. Бүгінгінің мәдениетіндегі компьютерлендіру үрдісі адамсыз технологиялар негізін салып, ақпарат қоғам өмірінің маңызды элементіне айналып қана қоймай, барлық салаға тікелей әсер етіп отыр. Компьютерлік технологиялар жетістігінің арқасында жастарда жаңа «өмір сүру» кеңістігі - киберкеңістік (көзбояу болса-дағы) пайда болды.

Қазіргі жастар мен ересектер әртүрлі кеңістікте өмір сүреді деп айтуға негіз бар. Бірі - нақты шындықта, енді бірі - ғайып шындықта. Желілік қауымдастық ретіндегі Интернет - Ғаламтор бүгінде жастардың ең бірінші тәрбиешісіне айналып отыр. Сондықтан ақпараттық зорлық сынды жаңа зорлық түрін туындатқан алмағайып заманда жастарға деген көзқарас та жаңаша болу керек. Оларды өткеннің үлгісімен пішіп-жонуға еш болмайды.

Әлеуметтік дамудың жеделдеуі, әрқилы ақпараттық дерек көздеріне кеңінен жол ашылуы балалардың көп нәрседен хабардар болып, олардың эрудициялық көкжиегінің кеңеюіне ықпал етті. Бірақ, әйгілі Гераклит айтпақшы, көпті білгенің әлі де болса ақылды болғаның емес.

Жастық шақ - албырт шақ, өмірдің байыбына бара бермейтін желөкпе кезең ғой. Алғашқы сезімдер, алғашқы сүйініш пен күйініштер, сағы сынбаған жастықтың беті қайтқандағы дәрменсіздігі... Бұл тұста ата-ана тәрбиесі, діни, рухани жолкөрсетушіліктің маңызы зор. Балаларының бойын материалдық құндылықтарға батырып қойып, жан дүниесіне сәуле шаша білмеген бүгінгінің ата-әжелері, өзім «қайтсем сол балаларымнан жас көрінер екенмін» деп әлек болған жасараңдаған әке-аналар. Ертелі-кеш зорлық-зомбылық, кесапат дүниелер көрсетумен әлек теледидар... Жалпы қоғамды меңдеген немқұрайдылық... Жастар өз бетімен кетті деуге болады.

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Дүниетанымы бойынша да, құндылықтары жөнінен де біздің қоғамның жастары әр түрлі. Бұл әлеуметтік-демографиялық топтың ұстанымдары тұрғылықты жеріне, білім деңгейіне, тіліне және тұрмыс жағдайына байланысты өзгешеленеді. Мысалы, ауылдық жерде тұратын, жоғарғы білімі жоқ, қара жұмыспен айналысатын және қалада өскен, Батыс елдерінде білім алып келген жастарды қандай құндылық немесе ортақ идея біріктіруі мүмкін? Бұлар екеуі де жас болғанымен, екі түрлі мәдениеттің, екі түрлі дүниетанымның өкілдері. Дегенмен жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарастыру бұрыннан қалыптасқан. Социология ғылымында, мысалы, Жастар социологиясы деген арнайы пән бар. Онда жастардың қоғамдағы ролі, айналаны өзгертудегі ықпалы секілді категориялар сарапталады.

Бізде жастарға байланысты арнайы зерттеу жүргізілген жоқ. Бірақ, әрбір сауалнамада респонденттердің жастық ерекшеліктері ескерілетіндіктен, жастарды бөліп алып, халықтың ересек топтарымен салыстыруға мүмкіндік бар. Бұл талдаулардың басты қорытындысы - біздің елде жастар мен ересектер арасында құндылықтық қайшылық жоқ. Кейбір посткеңестік елдермен салыстырғанда бізде ұрпақтар сабақтастығы сақталған. Біздің зерттеулер бойынша, жастар ересектермен салыстырғанда бостандық, тәуелсіздік идеяларына жақынырақ, бірақ демократия немесе либерализм деген түсініктер біздің жас буын үшін әлі де таңсық дүниелер.

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Қазіргі уақытта социологиялық зерттеулер нәтижесінде жастардың құндылықтарының ең бастылары - бақытты отбасы құру, денсаулығын сақтау, материалды жағдайдың жоғары болуы, жақсы жұмысқа қол жеткізу мен жаратушы алдыңдағы парызды орындау екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Бұл құндылықтардың алдыңғы орында болуы жастарымыздың құндылықтық санасының дұрыс бағытта екеніне дәлел. Адам берік әрі бақытты отбасын құрып, оны сақтауды басты құндылық ретінде алға қойғанымен, оның әрекеттері қарама-қайшылық туғызуы мүмкін. Отбасыдағы жауапкершілікті сезінбеу, өз міндетін дұрыс атқармау, түсініспеушіліктердің туындауы, немқұрайлылық, ажырасу мен туыстық қатынастарды үзу секілді фактілердің кең тарағаны да шындық. Жастарымыз денсаулық құндылығын алдыңғы орынға қоятынын атап өттім. Алайда, Блумберг агенттігінің дерегі бойынша біздің еліміздің денсаулық сақтау көрсеткіші 111 орында екен. Ал, денсаулықты шын мәнінде құндылық деп есептер болсақ, бұл көрсеткіш қайдан шықты?! Демек, біз денсаулықтың құнды екенін білеміз, бірақ оны сақтау үшін ұдайы дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, рухани және физикалық тұрғыдан өзін-өзі дамытып отыру, сол жолда қажымай, талмай еңбек ету қажеттігін естен шығарып жатамыз. Діннің, наным-сенімнің маңызды екенін білеміз, бірақ, қарапайым адамгершілік қағидаларынан аттап кетіп жатамыз. Осылайша, құндылықтар әлемінде тепе-теңдік сақталмай, адам толыққанды, тұрақты құндылық иесі бола алмайды. Оған себеп - жастардың құндылығының жоқ екендігі емес, олардың өз құндылығының құнын білмеуі. Құндылықсыз адам бола алмайды, бірақ, құндылығы әлсіреген, құнсызданған немесе «девальвацияланған» адам болуы мүмкін. Адам өзі саналы түрде мақсат еткен құндылығына жетер жолдағы әрбір әрекеті саналы болуы қажет деп есептеймін.

- Жастыққа қатысты категория әртүрлі екені белгілі. Жастықтың шамасы қандай?

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Біздің елімізде ресми түрде адам өмірінің жастық шағы деп 14 пен 29 аралығындағы жас шамасы қарастырылады. Ал әлемнің түрлі елдерінде түрлі классификация болуы ықтимал. Десек те, дүниежүзі бойынша жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді көтеретін ұйымдар бар екендігін білесіздер, солардың бірі - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Сол ұйым жақын арада, 2012 жылы білем, қазіргі кездегі өмір сүру сапасының артуына байланысты, өлім-жітім көрсеткіштерінің азаюына байланысты адам өмірінің жас мөлшерлемесін қайта қарап, жастық шақ деген кезеңді ұзартып берді. Жас мөлшерлемесінің жаңа жіктемесі бойынша: жастық шақ ендігі жерде 25 пен 44 аралығында орналасады. Ал 44-тен 60-қа дейінгі аралық - орта жас болып анықталыпты. Сәйкесінше, егде жасқа біздер 60 пен 75 аралығында өтеміз, ал 75-тен 90 аралығында қария болып жүріп, ол межеден аман-есен өткеніміз, шындығында, Құдай қарасқан ұзақ өмір сүрушілер санатына кіреді екенбіз.

Бұл жәй жалпыға ортақ сандық межелер ғой... Жастық пен кәрілік адамның тек күнтізбекпен жылдар санап білетін шамасы ғана емес, ол - адамның өзін-өзі психологиялық тұрғыдан қалай сезінетіндігіне қатысты шама. Меніңше, қаншалықты сенің жан сарайың таза, сүйіспеншілікке толы болса әрі миың үзіліссіз ізденісте болса, Жаратушының жаратқан әлеміне ғажайып ретінде сүйсіне білетіндей балалық таңданыс сезімі жоғалмаса, соншалықты сен ішкі рухи нұрға шомылып, әрдайым жас көрінетін боласың.

Адам өмірге деген қызығушылығын, арман қууын, тануға деген талпынысын жоғалтқан мезеттен бастап қартая бастайды деп білемін өз басым. Кімде-кім жаңа идеяларға, өмірді тануға деген талпынысқа толы болса, сол - жас. Сондықтан жас болып қалғың келсе ешқашан миыңды демалысқа шығармаудың амалын ойластыру керек шығар. Мынадай бір халық даналығынан асып айтпасымыз белгілі: «Тән иілуге келсе - жас болғаны, ақыл-есің оқып-ізденуге талпынса - жас болғаны, ал жаның сүюге жараса - жас болғаны».

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Мемлекетіміздің «Жастар саясаты туралы» заңында жастар деп 14 пен 29 жас аралығындағы ҚР азаматты көрсетілетіні рас. Заңда көрсетілген қатынастар көбіне жастарды жалпылай қамтиды. Заңның ішінде жастар, жас отбасы, талантты жас, кәсіпкер жас деген секілді категорияларға тоқталады. Мәселен, оқушылар, студенттер, ғылыммен айналысатын жастар, еңбек ететін жастар, жұмыссыз жастар, мүмкіндігі шектеулі жастар, ауыл және қала жастары секілді категорияларды да жастардың арасынан бөліп көрсетуге болады. Олардың проблемалары да өз категориясына сай. Оқушылар мен студенттерге білім алу мен өзін-өзі тану маңызды болса, 21 жастан асқаннан кейін жұмыспен қамтылу, 25 жастан кейін жастардың көпшілігі отбасы құратын болғандықтан баспана, балабақша мәселесі секілді түрлі проблемаларға ұшырайды. Ғылыммен айналысатын, еңбек ететін, кәсіпкер жастар мемлекет тарапынан қолдауды қажетсінетін болса, жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жастар сынды категориялар үшін нақты белгіленген әлеуметтік көмектердің маңызы зор. Заң да осы категориялардың проблемаларына сәйкес реттеушілік функцияны атқаруы керек. Проблемаларды атап қана көрсетпей, оны шешудің нормалары мен механизмдерін қамту керек деп ойлаймын.

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Қоғамдық ғылымдарда жастар қатарына 15 пен 30 жас аралығындағы халықтың тобын жатқызу кең тараған. Біз зерттеу барысында жастардың екі категориясын қарастырамыз: 18 бен 24 жас - бұл білім алатын және кәсіби өмірге аяқ басатын кезең, 25 пен 29 жас - бұл отбасы құрып, кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан белгілі бір статусқа қол жеткізетін кезең. Бұл екі кезеңнің жастары мүлде бөлек деп айта алмаймын, бірақ 18 бен 24 аралығындағы жастардың көңіл-күйі көтеріңкі келеді. Олар өздерінің мүмкіндіктерін, елдегі жағдайды және болашақтағы өзгерістерге оптимизммен қарайды.

- Жастыққа тән мінездерден мәңгілікке арылмаудың қасіреті мен басымдылығы неде деп ойлайсыздар? Өзін мәңгі жас сезінетін, есейгісі келмейтін ұрпақ үшін есеюдің басты шарты не болмақ?

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Сіз атап отырған мәселе ғылымда «инфантилизм» деп аталады. Яғни, мағынасы «балалық». Мәселен, адам 30 жаста болуы мүмкін, бірақ, әрекеттері, өмірлік ұстанымдары баланың албырттығына ұқсас. Бұндай дүниелер жауапкершілік ала білмеуден немесе жауапкершіліктен бас тартудан туындайды. Қазақта «Он үште отау иесі», «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» деген аталы сөздер бар. Бүгінде кім 13 жасар балаға отау иесі дейді, кім 15 жасар балаға жауапкершілігі мол жұмысты тапсырады? Ондай жағдайлар тарихта болды, ал бүгін жоқ.

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Жастыққа тән мінездерден мәңгілікке арылмау мүмкін емес, өйткені мәңгілік тек Алланың еншісі, қалғаны - фәни. Ал жастыққа тән мінездердің адам жастық шақтан орта жасқа немесе егделікке өткенде де кездесіп тұруы әбден мүмкін. Жастыққа ғана жарасымды немесе тек жас болғаны үшін оған кешіріммен қарайтындай мінез-қылықтар бар. Олар көбінде терең рухани діңгекке қатысы жоқ, көбіне сезіммен қабаттастырылған дүниелер болуы мүмкін. Мысалы, алды-артын ойламайтын аңғалдық, аңдамай сөйлейтін ұр да жықтық, қызуқанды қызбалық, адуын мінез, жүйке жүйесінің қайраттылығы, т.т. Сонымен қатар, адамның ішкі жан дүние түкпірінен қай кез болсын орын табар жағымды мінез түрлері бар ғой, олар - адам өмір жолының өн бойына серік болатын, адамгершілікке қатысты биік нысаналы қасиеттер деп білемін. Мысалы, арманшылдық, ашық-жарқындық, өмірден жерімеген қызығушылықты құлшыныс, риясыз көңіл, қайраттылық, тәуекелшілдік, жігерлілік, жылдам әрекет ету және сол сияқты қамкөңіл өмір күзінде сирек кездесетін қасиеттер.

Әр нәрсе табиғи үйлесімді болғаны дұрыс шығар. Қазірде гендік түрлендірілген тағамдарды жегеннен жадаған біздер нағыз табиғи өсірілген азық-түлік парқын біліп жатыр емеспіз бе? Сол сияқты, сырты әдемі, қап-қатты көрінгенімен, іші нәрсіз тағамды ағзамыз қаламайтыны секілді, кәрінің жасаң көрінгісі келгенімен, жасармайтыны белгілі. Жас көрінем деп рэпперлерше киініп, күлкі болып, көшеге шығып ролик тебем деп аяғын сындырып жатса, одан адам әбүйір таппас, сірә. Өз жасыңды сыйлай білу және сыйлата білу де - ақылдылық. Алла кім-кімді болса да қәдірсіз қартаю сұмдығынан сақтасын! Ал ол дегеніміз өзінің әлін білмей, жастыққа тән мінез-қылық стереотиптерінен арыла алмай, әлек болу деген сөз. Әрине, БАҚ, сән индустриясы, әсіресе, сән салондары бізге қаншама жылдар бойы жастыққа табынуды насихаттап келеді. Ол түсінікті жай, оған өкпелеп қажеті жоқ, себебі олар сөйтіп ақша табады, соны кәсіп етеді.

Есеюдің алғышарты - өзіңнің әлеуметтік жауапкершілігіңді мойындау, өзіңнен басқа адамдардың барлығын, олармен бұл өмірде санасуға тура келетіндігін мойындау. Есею отбасына деген қамқорлықтан, қиын-қыстау кезеңде көмек қажет адамдарға қол ұшын беруден, өзіңдегі бармен (материалдық құндылық болуы тіпті де міндетті емес) бөлісе білуден басталады. Содан кейінгі кезең өзіңді-өзің жеңе білуден - беймәлімділік алдындағы қорқыныш, үрейді, солар тудыратын өзіңе деген сенімсіздікті, кежегеңді кейін тартар жалқаулықты, өз-өзіңе жаның ашып немесе жаңыңды аяп кету сынды әлсіздіктерді жеңуге ұласуы керек деп ойлаймын. Осында реті келген соң Қадыр ағамыздың мына жолдарын келтіргім келеді: «Жылама, азамат, жігіттік қашар деп, жыла сен қарттыққа дайындық нашар деп!».

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Дәл осы жерде сұрақтың қай ұрпаққа қатысты екенін анықтап алу керек, себебі қазіргі жастар дүниетаным тұрғысынан аға буынмен салыстырғанда ертерек есейетін секілді. Оған себеп - қазіргі заман динамикасы, нарықтық экономика және коммуникативтік технологиялардың дамуы. Менің бір байқағаным - қазіргі жас ата-аналар, яғни 25 пен 35 жас аралығындағы буын өз балаларын ерекше еркелетеді, барынша жағдай жасауға тырысады. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының көптеп ашылуы, толып жатқан үйірмелер, байқаулар және осы секілді балалар интертейментін қамтамасыз ететін нарық бізде ерекше қарқынмен дамып жатыр. Әрине, бұл біріншіден халықтың тұрмысының түзелгендігімен байланысты. Сонымен бірге, менің ойымша, қазіргі жас ата-аналар - балалық шағын 90-ы жылдардағы таршылық заманында өткізген ұрпақ. Яғни олардың ойын ойнау, демалу мүмкіндіктері шектеулі болды, тіпті ауылдық жерлерде доп табудың өзі қиын болғанын білесіз. Сондықтан, меніңше, бұл ұрпақ өздерінің балалары арқылы өз балалық шағының есесін қайтаруда. Осы тұрғыдан мүмкін әлі де есейе алмай жатқан осы біздер, яғни 80-і жылдардың буыны шығармыз.

- Осы сауалға керісінше сұрақты қойсақ. Кейде жастардың өзін қартайып кеткендей, қарттықтың ауылы жастыққа ерте келіп қонғандай, болашаққа күйзеліспен қарайтын, ертеңгіге деген сенімі жоғалған, шау тартқан жастар қатары туралы не деуге болады? Жастардың мұндай тобының қалыптасуына заман қаншалықты «кінәлі?»

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Заман «кінәлі» деген тіркесті ұнатпаймын. Біздің елде өмір сүру, білім алу және жағдай жасау қаншалықты қиын болса да, табысқа жетуге мүмкіндіктер мол. Жақында АҚШ-та болғанымда сонда білім алып жүрген бірнеше жастармен таныстым. Барлығы да ауылдық жерден, қарапайым отбасыдан шыққан, бірақ өз білімі мен еңбегінің арқасында «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде оқу мүмкіндігін алды. Бір ұнағаны, олар оқу бітірген соң елге оралуды жоспарлайды, қазақ елінің болашағы үшін еңбек еткісі келеді және өздеріне деген сенімі мол.

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Кез-келген қоғамда тез есею әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға тән екені белгілі. Ондай отбасыдан шыққан балалар ерте жастан жұмыс істеуге, әлеуметтік жағдайын дұрыстауға, тәуелсіз болуға, өзін дәлелдеуге, ешкімнен кем емес екенін көрсетуге тырысады. Бұл бірінші себеп. Екіншіден, қазіргі уақытта Роберт Киосаки, Дейл Карнеги, Напалеон Хилл сынды авторлардың кең тараған мотивациялық кітаптары, мотивациялық фильмдері адамға сенім мен бағыт сыйлағанымен, бейсаналы түрде кері әсерін тигізіп жатады. Кітапта көз жеткізгендей тез әрі жеңіл жетістікке жету мақсаты адамды алдымен тез ержетуге, өз бетінше өмір сүруге итермелеп, уақытынан озуға шақырады. Осылайша адам жастық пен балалығын ұмытып, аға ұрпақша мінез танытса, жетістікке ерте жететініне сенімді болады. Кей жағдайда жастар өзін еркін, тәуелсіз сезіну үшін ерте есейгісі келеді. Кейбірі өзін өзгелерге мойындау үшін осыған қол созады.

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: «Жаман жігіт жасында шал» деп қазакем бекер айтпаған. Мен жақында әлеуметтік желілерден өз жастарынан әлдеқайда ересек көрінетін он жеті жасар қыздардың фотосуретінің астына жазылған мына жолдарды оқыдым «Қазіргі он жетідегі бойжеткендер! Жиырма жетідегі біздер сендердің жандарыңда көп көрім жас көрінетіндігіміз үшін сендерге алғыс айтамыз». Расында, сол фотодағы түсірілген мектеп бітірушілер дене бітімімен де, киім киісімен де, боянысымен де өз жастарынан әлдеқайда ересек көрінеді.

Кезінде қарт әжелер немерелеріне қарап күңкілдеп жүруші еді: «Іштен біліп туады бұлар» деп. Бәлкім, жаны кәрі болар деп эзотерикаға да ұрынуға болады... Қарттық ауылы ерте қонған жан иесі өмірден ерте жерінуге, оның құнын білмеуге, оған атүсті қарауға даяр тұрары белгілі. Бәлкім соның кесірінен біз жастар арасындағы суицидтің көбейгеніне куә болып отырған болармыз? Оған заманның қарқынының да әсері болуы керек - ақпарат ағымының толассыз өсуі, шапшаңдаған өмір салты тудыратын үздіксіз стресс, «қарны тоқтық, қайғысы жоқтық», рухани азғындық түрлерінің көбеюі, тағысын тағылар әсер етер деп білемін.

- Жастыққа тән албырттық, жалындаған мінездердің өзімшілікке ауысып кететін, «менікі ғана дұрыс» дегенге салатын көзқарастары мен ұстанымдары жайлы не деуге болады?

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Мен бұл мәселені екі себеппен байланыстырамын. Біріншіден, қазір көп отбасыларда балалар саны бір-екеуден артылмайды. Сәйкесінше, балалар өзіне сыни сөздердің айтылмауына, қалаған нәрсесіне қол жеткізуге дағдыланады. Көптеген ата-аналар балаларына мұғалімдердің дауыс көтеруіне жол бермейді. Бала кезде қалыптасқан тәкаппарлық сіз жоғарыда айтқан өмір қағидасына үйретеді. Екіншіден, бүгінгі мектепте балаларды кез-келген мәселеге сыни көзбен қарауды жеткілікті деңгейде үйретпейтін секілді. Сол себепті бала өсе келе өзіне деген сынды көтере алмайтын болады.

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Жастардың жалын мінезінің от сияқты жылытатыны да, абайламасаң күйдіріп түсетін тұсы да жетерлік. Эгоистік ұшқындар сол оттың бір көрінісі емес пе?! Менікі ғана дұрыс деп өзеуреу өзінің Мен-концепциясын мойындатпақшы болып отырған жастардың психологиялық қажеттілігі. Ол өзін әлемге жария етіп, өмірде тұлғалық ұстанымын қалыптастырып отырған кезеңге сай қасиет. Оны ересектерге даттау жеңіл де, түсіну қиын. Әрі болашақта қисынсыз өзімшілдікке жол бермес үшін дәп сол сәтте жасөспірімге психологиялық түзету жұмысын жүргізу - екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Ақыр аяғы, біздер - ересектер ең оңай жол тауып, өз эгоизмімізді оларға күштеп те болса мойындатумен тынамыз. Тәрбиелеген боламыз, ал шындығына келгенде, біз олардың өзімшілдігін латентті, жасырын күйге түсуге итермелейміз. Ол күндердің күнінде бәрі бір сыр берері сөзсіз. Сонда басталады бармақ тістеу...

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Жастардың өзімшіл және албырт болуы бұл табиғи заңдылық. Олар тәжірибесі және түйген аз болғандықтан асығыс бір қорытынды жасауға немесе ойланбастан шешім қабылдауға жақын тұрады және мұны бір ауытқушылық ретінде қарастырған меніңше дұрыс емес.

- Жаңа идеялар мен идеологияның дегеніне ергіш балаңдықтың әсерінен ұтылуымыз мүмкін-ау деген мінез бар ма? Шалалық, толық адам сезінбеуден туатын түрлі кемшіліктерден тезірек арылатын жол қайсы?

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Еліктегіш, еліргіш болу да жастардың міндетті түрде өтпей кетпейтін өсу сатысы. Жасөспірім өзіне түрлі әлеуметтік рөлдерді, оның ішінде, ересек болу рөлін де шамалап көреді. Ондай шалалық балалардың барлығы бір ауырмай тұрмайтын қызылша, шешек сынды міндетті түрде «шалдығатын» дүниелер. Шалалық - өмірлік тәжірибенің аздығынан. Әрбір жақсылы-жаманды оқиға біздің көзімізді әлденеге ашып, әлдеқандай жағдайға даярлайды. Балалықтан, шалалықтан өзің күйіп, бармағыңды тістеп барып қана көп нәрсенің байыбына баратын боласың. Әркім бұл өмірде өз жолын өзі өтіп шығуы тиіс....

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Жоғарыда айтқанымдай, біздің жастар жалпы алғанда қандай да бір бөлек идеологияның ықпалында емес. Ересектер секілді олар да көбінесе консервативтік және мемлекетшілдік құндылықтарға жақын. Дәл қазіргі жағдайда жастар қоғамда революциялық өзгерістердің бастамашысы болатын күш емес. Бірақ, егер елдегі жағдай тұрақсызданып, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс алатын болса, ең алдымен осы жастардың қарсылық әрекеттеріне баратыны сөзсіз, себебі олардың арандауы оңайырақ және эмоцияға берілуі де жылдам.

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Негізі әртүрлі идеологияның дегеніне еру, түрлі діни ағымдарға кіру адамның бойындағы «діни иммунитеттің» болмауынан. Яғни, адамның бала кезінен рухани дүниесінің қанағаттанбауы, өзінің ата дінінің, салт-сананың құндылықтары мен ұстанымдарын, тілін, ділін білмеуі өзге дінге, идеологияларға еруіне түрткі болады. Мәселен, өзіміз секілді ата діні ислам болып табылатын Малайзия, Түркия жастары өзге діни ағымдарға кіруі өте сирек. Бұл елдерде тұтас қоғам, отбасы тарапынан берілетін тәрбие жастардың санасына бала кезден сіңіріледі.

- Осы күні әлемде шовинистік пайымдар қайта тіріле бастады деп ғалымдар қауіп айтуда. Біздің ел бұл қауіптің алдын қалай алмақ? Жастықтың буымен түрлі әсіре ұйымдарға, әсіредіншілдікке, т.б. бұрыс ұстанымдарға мойын бұратын жастар десек, олардың бұл жолға түсіп кетпеуі үшін қандай шараларды қолға алуымыз керек?

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Шовинистік картаны ойнатудың қазіргі әлемге еш пайдасы жоқ екендігін саясат сахнасында соңғы уақытта өтіп жатқан оқиғалар дәлелдеп отырғандай. Одан ұшқындаған жалын жан-жақты шарпып кетпесе жөн... Жастықтың буына пісіп жүрген жастарды тісқаққандар өз мүддесі мен өз пайдасына жаратып, қолжаулық етпесіне кім кепіл? Бұрыс ұстанымнан жастарды аулақ ұстау үшін сарабдал ұлттық идеология болуы тиіс. Алдыңғы сұрақтың да шет-жағасы идеологияға қатысты еді... Бұл тұста идеологияны жәй бір жалаң сөз деп те емес, сонау марксистік тұрғыдан қарастырғандағы қандай да бір таптық әлде партиялық мүддені көздеу жолы деп те емес, біртұтас қоғам құраудың тарихи-мәдени тәсілі деп, ұлтты ұйыстыратын бағдарлама деп қабылдаған жөн. Оған қоса, жастар тәрбиесінде идеологияның болуы міндетті екенін айтқым келеді. Кеңестік идеологияның орнын ештеңе баса алмастай көрініп, рухани вакуумға кезіккендей болған шақта тамыры терең елдігіміздің қайнарынан шыққан, қайта жаңарған күйімізді ұғындыратын үндеу, бастама болып түскен «Мәңгілік Ел» идеологиясы қазақстандық жастарды бір тудың астына жинап, басбіріктіруші императив болуы тиіс.

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Әлем тарихы шовинисттік ұстанымдардың пайда болуы мемлекет құраушы ұлттың немесе жергілікті диаспоралардың мемлекетте «екінші сортты» ұлтқа айналуынан пайда болатынын дәлелдеп отыр. Мәселен, белгілі бір ұлттың тілінің, ділінің, дінінің қысым көруі, өзге ұлттардан әлеуметтік жағдайының төмен болуы, ұлтты ретсіз шеттету секілді мәселелерді атауға болады. Осындай мәселелерде мемлекет балансты сақтауға барынша тырысуы керек деп ойлаймын. Шовинисттік пайымдарды реттеудің үздік үлгісін Малайзия басшысы болған Махатхир Мұхаммедтің ХХ ғасырдың 70-жылдары жүргізген саясатынан көре аламыз. Ал дін мәселесіне тоқталсақ. Жалпы дін саясатына мемлекет араласпағанымен, ұлтқа қауіпті діни ағымдарды ашық түрде халыққа жариялап, оларды әшкерелеп отыруы керек деп есептеймін.

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Жастарды радикалды діни ұйымдардың және басқа да қауіпті жолға түсудің алдын алу үшін біздің мемлекет ең алдымен тәртіп орнату жағынан емес, идеология және экономика тұрғысынан мықты болуы керек. Қазір мемлекет тарапынан жаппай бақылау орнатуға, оқу орындары арқылы жастарды бір саяси бағытта тәрбиелеуге ұмтылыс бар. Меніңше, бұл дұрыс емес. Жастардың арасында патриотизмді дамыту үшін мемлекеттің өзі барынша тартымды болуы тиіс. Табысты, беделді, әділетті және халқына қамқор билік қана ғана жастарды өзінің айналасына біріктіре алады.

- Бүгінгі жастықтың, еліміздегі жастардың ортақ мінезі, ортақ бір бейнесі, келбеті, ортақ кемшілігі мен жетістігі қандай деген сауал қойсақ?

Серік БЕЙСЕНБАЕВ: Мен жастарға сеніммен қараймын. Бізде тәуелсіз елде өскен, жаңаша ойлайтын, 2-3 тілді білетін ұрпақ өсіп келеді. Олар түрлі әлеуметтік топтарда орналасқан, дегенмен ересек буынмен салыстырғанда олардың жоғары білікті маман болуына және әлемдік бәсекелестікке түсуге мүмкіндіктірі де, әлеуеті де жоғарырақ. Бірақ, мұндай мүмкіндік барлық жастарға бірдей берілмеген. Жаңа заман ағымына ілесе алмай, маргиналды топтарды құрайтын жастар да жетерлік. Негізгі мәселе осы жастарды шынайы экономикалық және қоғамдық өмірге тарту болып табылады. Сонда ғана олардың қауіпті жолға түсіп, радикалды идеялардың жетегінде кетуіне тосқауыл қоюға болады.

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА: Жастар өз ішінде әртүрлі - ауыл жастары, қала жастары, студент жастар, жұмысшы жастар және т.б. Ортақ сипаттың көп болмағаны да, бір жағынан, қуантуы тиіс, өйткені қоғам неғұрлым тоталитарлы болған сайын соғұрлым оның жастары біркелкі болатындығы өткен тарихымыздан белгілі емес пе? Алуан түрліліктің өзі сонысымен де қуантады. Десек те, жастарға қазіргі кезде ортақ болып отырған кеселдердің бірі әрі бірегейі деп мен олардың әлеуметтік инфантилизмін айтар едім, үлкендерге тым иек артып кетуін айтар едім. Оған ата-аналар да кінәлі болар, кішілерді тым қорғаштап әуре болып жатамыз. Одан соң, олар тым компьютер басты, тым виртуалды кеңістікшіл, нәтижесінде, нақты өмірге бейімделмеген, қарым-қатынаста тым жайдақ, тұтынушылық психологиясы басым.

Жақында тағы да бір әлеуметтік желідегі тәрбиелік маңызы бар мынадай сюжетке тап болдым - фотода қол ұстасқан қариялар жұбы, олардан соншалықты ұзақ бірін бірі сүюінің, сыйлауының сыры неде деп сұрағандағы олардың берген жауабы: «Біздер сынған нәрсені қайта желімдеп алып, ары қарай қолдана беретін ұрпақпыз ғой, сіздер сияқты тек шытынаған екен деп, лақтыра салмаймыз». Расында, қарым-қатынас парқын білмеген кей жастар үшін тыңдау, түсіну, кешіруден гөрі бірден үзілді-кесілді шорт кесу жеңіл көрінетін сияқты. «Обал болады, ысырап етпе, әрнәрсенің сұрауы бар, қанағат түбі - береке» деп үйретер әже тәрбиесінен кеткендіктен солай болды ма екен?!

Ал оң тұстарына тоқталсақ, қазіргі жастар - еркін, ашық ойлы, кембағалдық комплексінсіз, жаңашыл, технологиялық санасы қалыптасқан ұтқыр жандар.

Айдос АЛТЫНБЕКОВ: Біз, ғылыми сала мамандары кез-келген объектіге сыни тұрғыдан қарауға машықтанғанбыз. Бүгінгі жастарды құндылыққа тұрақсыз, еліктегіш, албырт дегенімізбен, олардың заман талабына сай артықшылықтарын да атап өту де біз үшін парыз. Қазіргі жастар аға ұрпаққа қарағанда жан-жақты, ақпараттанған, технологияларды жетік меңгерген. Заманауи жағдайда өз жолын таңдай біледі, өз қабілеті мен біліміне қарай өзін-өзі дамытады. Кешегі жастар еңбек жолына, өмір жолына жоғарыдан бекітілген жүйе бойынша барар болса, қазіргі жастар осы тұрғыда еркін. Қазіргі жастардың әлемге жолы ашық, дүниетанымы кең. Шет елде білім алып, түрлі тілдер біледі, түрлі мәдениетке өз деңгейінде баға беруге қабілетті.

Ең бастысы, демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан жастарымыздың кез-келген нәрсені таңдау еркіндігі бар. Мен еліміздің болашағы сенімді қолда екендігіне кәміл сенемін.

Әзірлеген: Қарагөз СІМӘДІЛ.

Соңғы жаңалықтар