Жаңа Рим Папасы туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі күні кешке Сикстин капелласының мұржасынан ақ түтін шықты, бұл папалық конклавта кардиналдардың Рим Папасы Францисктің мұрагерін таңдай алғанын білдірді. Таңдау 69 жастағы Роберт Фрэнсис Превоға түсті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Оның сайлануы екі күн ішінде төрт дауыс беруден кейін өтті, бұл осы конклав тарихындағы ең қысқала сайлау болып отыр.
Еуропа баспасөзі бұл кардиналдардың Рим Папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін көшбасшылықты тез арада қалпына келтіріп, бірлігін танытуға ұмтылуының белгісі деп жазды.
Америкалық кардинал Еуропадағы және әлемдегі көптеген адамдар үшін күтпеген жерден Рим-католик шіркеуінің 267-ші басшысы болды. Оның есімі айқын фавориттер қатарында болмаған, бірақ Р.Прево есімі Ватикан сарапшылары үшін беймәлім деп айту қате болар еді.
Жаңа Рим Папасы Лев XIV есімін алды.
Папаның таңдаған есімі оның болашақ саясатын көрсетеді деп саналады. Рим Папасы Лев XIII Қасиетті Тақта 1878 жылдан 1903 жылға дейін отырды және өзінің белсенді дипломатиясымен есте қалды. Оның билігі кезінде Ватиканның әлемнің көптеген елдерімен қарым-қатынасы жақсарды. Осылайша, Р.Прево сыртқы саясатқа үлкен көңіл бөледі деп күтуге болады.
Италияның Ansa ақпарат агенттігі жазғандай, кардинал Роберт Фрэнсис Прево — қызық тұлға және ол Солтүстік және Оңтүстік Америка кардиналдары — конклав сайлаушыларының едәуір үлкен тобынан папалыққа үміткер болған.
Роберт Фрэнсис Прево марқұм Рим Папасы Францискке жақын болған. 2023 жылдан бастап ол епископтар істері бойынша префект және Латын Америкасы бойынша Папалық комиссияның президенті қызметін атқарды.
Ол Чикагода француздар, августиндіктер отбасында дүниеге келген және «канондық құқық» мамандығы бойынша жоғары білім алды. 1985 жылдан 1999 жылға дейін Перуде миссионер болды.
Чикагоға қайтып оралған ол 2001 жылы Әулие Августин орденінің приоры болды, және бұл лауазымды 2013 жылға дейін атқарды. Сол жылы ол Перуге Чиклайо епископы ретінде оралды.
Рим Папасы Франциск оны 2023 жылы Римге шақырды.
Испан, португал, итальян және француз тілдерінде еркін сөйлейтін америкалық епископ Перудегі маргиналды халықтар мен мигранттарға ерекше көңіл бөлді, Франциск осыны өте жоғары бағалады.
Епископтардың префекті ретінде ол жүздеген прелат тағайындап, Франциск тәрізді діндар, ашық және ілгерішіл адамдар ұрпағын қалыптастырды.
Роберт Фрэнсис Прево ұстамды және салмақты кардинал беделіне ие болды. 2023 жылы ол Мемлекеттік хатшы Пьетро Паролинмен бірге Неміс синодалдық жолы мәселесін шешті.
Бұл неміс епархияларындағы пікірталас, олар тым жаңашыл бола бастап, алауыздық тудыруы мүмкін еді.
— Мықты кандидаттары жоқ латынамерикалық кардиналдар мен прогресшілдер мен консерваторлар болып екіге бөлінген америкалықтардың дауысы оның есіміне тоқталғаны анық, — деп жазды итальяндық баспасөз.
Жаңа Рим Папасы ең қызу тақырыптар бойынша сирек сөйледі: ол өзінің ұстамдылығымен ерекшеленеді және еңбекке қабілеттілігі мен тыңдай білу қасиеті үшін кардиналдардың арасында беделге ие.
Сонымен қатар, шіркеудің жаңа басшысы Франциск реформаларын жалғастырады, бірақ біршама қалыпты бағытта. Католик шіркеуі жаңа понтификтен осыны күтетін шығар.
Папаның алғашқы сөзі бейбітшілікке арналды.
— Баршаңызға бейбітшілік тілеймін! Қымбатты ағалар мен әпкелер, бұл Құдайдың отары үшін өмірін қиған ізгі бақташы, қайта тірілген Исаның алғашқы сәлемі. Осы бейбітшілік сәлемі сіздердің жүректеріңізге еніп, отбасыларыңызға, барлық адамдарға, қай жерде болса да, барлық ұлттарға, бүкіл жер бетіне жеткенін қалаймын. Бейбітшілік болсын! — деді католиктік шіркеудің жаңа басшысы діншілдерге.
Бұған дейін Жаңа Рим Папасы Роберт Прево болғанын жазған болатынбыз.
Мемлекет басшысы Рим Папасы XIV Левке құттықтау жеделхатын жолдады.