Жаңа Рим Папасын таңдау рәсімі 7 мамырға белгіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Ватикандағы Сикстин капелласында жаңа Рим Папасын сайлау үшін конклав 2025 жылғы 7 мамырда басталады, деп жазады ТАСС агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап. 

Жаңа Рим Папасын таңдау рәсімі 7 мамырға белгіленді
Фото: Oxu.az

Бұл шешім 28 сәуірде кардиналдардың жабық жиналысында қабылданған.

Папа Франциск 21 сәуірде 89 жасқа қараған шағында инсульттен көз жұмды. Оның жерлеу рәсімі 26 сәуірде Әулие Петр алаңында өтті, оған 200 мыңнан астам адам қатысты. Папаның соңғы тілегі бойынша, ол Ватиканның дәстүрлі жерлеу орны емес, Римдегі Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерленді.

Конклавқа 80 жасқа толмаған 135 кардинал қатыса алады. Сайлау Сикстин капелласында өтеді, онда кардиналдар жабық есік жағдайында дауыс береді. Әр дауыс беруден кейін түтін шығарылады: қара түтін — шешім қабылданбағанын, ақ түтін — жаңа Папа сайланғанын білдіреді.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында:

— Мен Рим Папасымен кездесулерімді және оның 2022 жылы Қазақстанға жасаған діни төзімділіктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналған Апостолдық тарихи сапарын ыстық ықыласпен еске аламын. Рим Папасы Францисктің есімі әлем жұртшылығының есінде әрқашан бейбітшіліктің ұлы жақтаушысы және конфессияаралық диалог пен келісімнің қорғаушысы ретінде мәңгі сақталады, — деп жазған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар