Жаңа салық кодексі: БАҚ-қа жеңілдік беріле ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қосылған құн салығын салғанда БАҚ-ты газет-журнал, теле-радио, интернет деп бөлу дұрыс емес. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Қозоғистонда журналистларнинг тинч йиғинларда ишлаш тартибини эълон қилинди
Фото: freepik.com

Жаңа Салық кодексін талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы құжат дәл осы бағытта қабылданса, онда еліміздегі БАҚ-қа түсетін салықтың салмағы арта түсетіндігіне алаңдаушылық танытты.

- Ал біз әлемде ақпараттық соғыстың қалай жүріп жатқанын, әр ел ақпараттық тұрғыда өз өзін қалай қауіпсіздендіруге тырысып жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан егер ҚҚС еліміздегі БАҚ-қа 16 пайызға жетсе, онда бұл отандық БАҚ-тың азаматтарымызға қажетті жобалар жасауға, қажетті дүниелерді жолдауына, яғни бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді. Соған орай шетелдік БАҚ елімізде қаптайды. Жұртымызға жақсылық әкеле қоймайтын шетелдік жобалар телеэкраннан да, радиодан да, интернеттен де түспейді деген сөз. Бұл – үлкен қауіп, - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар ол облыстық, аудандық, қалалық газет-журналдарының қызметкерлері мардымсыз айлыққа әрең күнін көріп отырғанына назар аудартты.

- Егер оларға салынатын ҚҚС 16 пайызға жетсе, онда көбісі жабылып тынады. Аймақтар тиісті ақпарат құралынсыз, журналистер жұмыссыз қалады. Сондықтан екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі – отандық газет-журналдарға ҚҚС-ті алып тастау, яғни 0 пайыз қылу. Екіншісі – елімізде ресми тіркелген отандық телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарға ҚҚС-ті 10 пайыз деңгейінде қалдыру, - деді Нартай Аралбайұлы.

Сауалға жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БАҚ-қа 16 пайыз ҚҚС қалатындығын айтты.

- Қазір оларға ешқандай жеңілдіктер көзделмеген. Әрбір БАҚ-тың жылдық тауар айналымына байланысты болады. Біз ҚҚС-тың шекті мәнін 40 млн теңге деп қолдадық. 40 млн-нан асса, арнаулы салық режиміне ілікпесе, онда ҚҚС төлейді. Ол ақиқатты дүние деп санаймын. Шетелдік БАҚ келсе, онда олар да салық төлейді. Сол себепті әрбір БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі оның берген ақпаратта азаматтардың қызығушылығын тудыруына, сапасына байланысты болады. Оны дұрыс деп есептеймін. Оларды журнал, газет, интернет, радио деп бөлу дұрыс емес деп есептейміз - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексінің жаңа редакциясына осындай норма енгізуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар