Жаңа Салық кодексі: кімдер ҚҚС-тан босатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов ҚҚС-тан босатылатын нысандарға қатысты түсінік берді.

— ҚҚС мөлшерлемесі салық салынатын айналымның 16% деңгейінде белгіленді. Дәрілік және медициналық заттар, сондай-ақ медициналық қызметтер үшін ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 5%, 2027 жылдың 1 қаңтарынан 10% шамасында қойылды. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу әрі импорттау және медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады, — деді Жәнібек Нұржанов.
Оның айтуынша, 2026 жылдан тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жойылады. Бұл ретте, тұрғын үйлер мен үй-жайлардың құрылысын жүзеге асыратын құрылысшылардың сауда айналымына келер жылдан бастап салық салынады. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталған құрылыс нысандары үшін салықтан босату ғимарат толық өткізілгенге дейін күшінде болады.
— Салық кодексінде ҚҚС-тан босатудың өзге де бағыттары ескерілген. Бұл тұрғыда ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтерін қарастырдық. Қазір елімізде кіру туризмі ғана ҚҚС-тан босатылған. Мұнымен қоса, отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітаптар шығару бойынша қызметтер, археологиялық жұмыстарында осындай жеңілдіктер бар, — деді ведомство өкілі.
Бұдан бөлек, арнаулы салық режимі қолданылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу ҚҚС бойынша айналым ретінде саналмайды.
Еске салсақ, биыл шілде айында Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды.