Жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістері қандай

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжат салық салу тәсілін түбегейлі өзгертеді. Сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, бизнес пен жеке тұлғаларға арналған цифрлық сервистерді енгізеді.

салық
Коллаж: Kazinform / Freepik

Негізгі өзгерістер 

— Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады, бірақ сараланған тәртіппен қолданылады:

  1. банктер мен ойын бизнесі үшін — 25 пайыз;
  2. әлеуметтік сала ұйымдары үшін — 2026 жылы — 5, 2027 жылы 10 пайыз;
  3. ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін — 3 пайыз (жеңілдік мөлшерлеме сақталады).

— Қосылған құн салығы 16 пайызға көтеріледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мынадай мөлшерлеме белгіленеді:

  1. 2026 жылы — 5
  2. 2027 жылы — 10 пайыз.
  3. Ал тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап басып шығару және археологиялық жұмыстар қосылған құн салығынан босатылады.

— Жеке табыс салығы прогрессивті жүйеге көшеді. 8 500 АЕК-тен (жылына шамамен 34 млн теңге) асатын табысқа 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Сондай-ақ дивидендтерге де прогрессивті салық шкаласы енгізіледі. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне берілетін салықтық жеңілдіктер сақталады.

— Қосымша акциз салығы (10%) енгізіледі, қымбат өнімдерге қатысты:

  1. бағасы 75 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктерге;
  2. 100 млн теңгеден жоғары тұратын кемелерге;
  3. литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге;
  4. бір данасы 10 мың теңгеден асатын сигарларға.

Егер жылжымайтын мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы өседі.

Салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіледі

Әкімшілендіруде басты назар «фискалдық сүйемелдеуді» енгізу арқылы тіркелуден бастап, барлық әрекет кезінде бизнеске қолдау көрсетуге бағытталады. Бұған көп жағдайда түрлі интернет-платформаларда салықтық электрондық сервистерді дамыту ықпал етеді.

— Салықтық әкімшілендірудің әрбір кезеңінде шаралар қарастырылған. Шаралар негізінен ойға салуға, кеңес беруге қатысты болады. Айталық, салық декларациясын толтыру барысында осындай қызмет жүзеге асырылады. Мұндай мүмкіндік салықтық бақылау түрінде қолданылып, салық төлеушіге қателіктерге бой алдырмауға септігін тигізеді. Келесі кезеңдерде де түрлі сервистер көзделген. Олар салықты қосымша консультациялық қызметтерге, бухгалтерлерге жүгінбей-ақ жеңіл төлеуге жол ашады, — деген еді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Қазақстанда салықтық тіркеудің жаңа қағидалары ұсынылды
Фото: freepik.com

ҚҚС төлеушіні тіркеу

Қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу кезінде Digital ID (Face ID) арқылы басшының аутентификациядан өтуі міндетті болады. Бұл бастапқы кезеңде-ақ жалған электронды шот-фактуралар жазып берудің жолын кеседі. Бұдан басқа, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгеннен кейін салық төлеуші ЭШФ ақпараттық жүйесін қалай дұрыс пайдалану керектігі, ҚҚС әдіснамасының негізгі ұғымдары, ЭШФ мерзімдері, декларацияны тапсыру мерзімдері сияқты кейбір базалық дағдыларды үйренуге тиіс болады.

Салық есептілігін ұсыну оңтайландырылады

Жалпы, 2009 жылдан бастап бүгінге дейін салық есептілігі нысандарының саны 44 пайызға немесе 70-тен 41-ге дейін қысқартылды. Енді олар 28-ге дейін азайды. Бірақ, бұл ретте есептілікке салық жеңілдіктерін қолдану кезінде толтыру үшін міндетті жолдар қосылды. Егер міндеттемелер сомасы 1 млн теңгеден аспаса, мүлік салығы мен жер салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебі алынып тасталды. Егер төлемдердiң сомасы 1 млн теңгеден кем болса, онда салық төлеушi жыл қорытындысы бойынша декларацияны 1 рет қана тапсырады және тиiсiнше төлем жүргiзедi.

Көлік құралдарына салынатын салық бойынша есептер мен декларациялар ұсыну алынып тасталды. Есептеу жол полициясы органдарының деректері бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ, маңызды жаңалықтардың бірі — салық есептілігін ұсынбағаны үшін «айыппұлдардан» бас тарту. Егер салық төлеуші декларацияны ұсынбаса, онда декларация 0 көрсеткішімен ұсынылған болып есептеледі. Салық төлеушіде салық есептілігінің қосымша нысанын табыс ету құқығы қалады. Тиісінше, есептілікті уақтылы ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады.

Салықтық тәуекелдерді басқарудың жаңа моделі

Салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі фискалдық әкімшілендірудегі маңызды құрамдас бөліктердің бірі. Тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйесі бизнес тарапынан көптеген сұрақтар туындатады. Қолданылатын өлшемшарттарға, олардың құпиялылығына шағымдар болды. Осыған байланысты тәсілдер қайта қаралды. Бірінші кезекте тәуекелдерді басқару жүйесіне көзқарас өзгерді. Жаңа Салық кодексінде салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне жатқызудан бас тартылды. Қазір Мемлекеттік кірістер комитетінде тіркеуден бастап жою процесіне дейін салық төлеушінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде туындауы мүмкін тәуекелдер тізілімін қалыптастыру бойынша жұмыс басталды.

салық
Коллаж: Kazinform/ Canva

Мәжбүрлеп өндіріп алу

Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері айтарлықтай қайта қаралды. Егер қазір салық берешегі 6 АЕК-тен, ал әлеуметтік аударымдар бойынша берешек 1 теңгеден өндіріліп алынса, енді бұл шек тиісінше 20 және 6 АЕК-ке дейін көтерілді. 20 АЕК-ке дейін салық берешегінің пайда болуы туралы хабарлама ғана жіберіліп, тек өсімпұл ғана есептеледі. Басқа тәсілдер мен шаралар қолданылмайды.

20-дан 45 АЕК-ке дейінгі берешек кезінде хабарлама жіберіледі, борыш өтелмеген жағдайда салық берешегі сомасына шығыс операциялары тоқтатылады және тек содан кейін ғана (қарызды өз бетінше өтемеген жағдайда) инкассалық өкімдер қойылады.

Берешек 45 АЕК-тен жоғары болған жағдайда мүлікті тізімдеу және сату, дебиторлар есебінен өндіріп алу қолданылады.

Берешек 27 000 АЕК-тен жоғары болған әрі берешек 3 ай бойы өтелмеген жағдайда сот актісі негізінде заңды тұлғаның бірінші басшысының елден шығуына шектеу қойылады. Бұл жаңашылдық 2026 жылдың 1 маусымынан күшіне енеді.

Берешекті бөліп төлеу

Жаңа кодексте бизнесті қолдаудың жақсы шарасы ретінде салық берешегі 1 500 АЕК (5,9 млн. теңге) дейінгі салық төлеушілерге мүлік кепілінсіз және банк кепілдігінсіз 1 жылға дейінгі мерзімге мерзімін ұзарту не бөліп төлеуді ұсыну көзделген. Бұл борышкерді кепіл мүлікке бағалау жүргізуден және оны міндетті сақтандырудан босатуға, сондай-ақ бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, деңгейлес мониторингіге қатысушыға кейінге қалдыру (бөліп төлеу) мүлік кепілінсіз және банк кепілдігінсіз 12 айдан аспайтын мерзімге беріледі. Мұндай салық төлеушілердің өлшемдері Қаржы министрлігінің бұйрығымен бекітілген.

Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында әлеуметтік инспекторлар 1100-ден астам тексеру жүргізді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Салықтық тексеру

Салықтық тексерулер бойынша жоспарлы тексерулер болмайды. Тексерулерді тағайындау Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс аясында алдын ала тыңдау рәсімімен салық төлеушінің қызметін талдау қорытындылары бойынша жүргізіледі. Шағын бизнес субъектілері үшін салық тексеруін 2-ге дейін тоқтата тұру саны бойынша шектеу қойылған. Бұл шаралар тексерулердің созылуын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, салықтық тексерулер электронды форматқа көшірілді. Нұсқама ғана қолма-қол беріледі, ал салық төлеушінің тексерушімен өзара іс-қимылы салық төлеушінің кабинеті арқылы болады.

Салықтық әкімшілендіруді «таза парақтан» жүргізу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жедел шаралар аясындағы тапсырмасын орындау үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты салықтық әкімшілендіруді «таза парақтан» жүргізу көзделіп отыр. Бұл ретте кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мынадай шаралар іске асырыла:

  • белгілі бір жағдайларды қоспағанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін камералдық бақылау, салықтық тексерулер жүргізу алынып тасталады;
  • 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін салық кезеңдері бойынша мәмілелер жарамсыз деп танылады және тіркеу (қайта тіркеу) туралы сот талаптарын беру тоқтатылады;
  • камералдық бақылау жүргізбей кәсіпкерлік субъектілерін таратудың оңайлатылған рәсімі жүргізіледі;
  • салық есептілігін ұсынбаған, ҚҚС бойынша міндетті есепке қою тәртібін бұзған адамдар әкімшілік жауапкершіліктен босатылады;
  • 2026 жылғы 1 сәуірге дейін негізгі қарызды өтеу кезінде салықтар мен төлемдер бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.

Айта кетейік, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2026 жылдың 1 қаңтарынан мобильді аударым бойынша салықтан жалтарғандардың берешегі қалай өндірілетінін түсіндірген болатын.

Соңғы жаңалықтар