Жаңа салынған ғимаратқа берілетін кепілдік 2 жылдан 10 жылға ұзартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа салынған ғимаратқа берілетін кепілдік 2 жылдан 10 жылға ұзарту ұсынысын қолдайтынын мәлім етті.

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Құрылыс кодексінің жобасына осындай түзету енгізуді ұсынған.
- Қолданыстағы Азаматтық кодексте құрылыс біткеннен кейін нысанды пайдалану мерзімі 10 жыл деп белгіленген. Ал салалық құрылыс заңнамасында 2 жылдан кем болмау керек делінген. Құрылыс компаниялары осыны пайдаланып, екі жылдық келісімшартқа отырады. Ал екі жылдың ішінде ғимараттың сырты бүтін, іші түзу көрінгенімен, уақыт өте келе ақаулар пайда болып, авариялық жағдайға жетіп жатыр. Үш жылдан кейін құлап жатқан мектептер, қасбеттердің құлап, сәл жел тұрса шатырлардың ұшып жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан екі жылдық кепілдік – жұмыс істеп кетсек болды деген түсініктің туындысы. Оның салдары - суық ауруханалар, төбесінен жаңбыр тамшылаған мектептер.
Кодекс жобасында сіздер 5 жыл деп отырсыздар. Бұл да жеткіліксіз. Біз бір топ депутат ұсыныс жасағанбыз. Іргетасқа, қасбетке, шатырға, тірек қабырғаларына кепілдік 10 жыл болу керек. Басқа элементтерге 5 жыл бола берсін. Осы ұсынысқа сіздің ұстанымыңызды білгім келеді, - деді депутат.
Министр Ерсайын Нағаспаев депутаттың уәжі орынды екенін атап өтті.
- Шынымен де қазіргі екі жылдық кепілдік құрылыста дефект шыққан кезде қиындықтар туындатады. Сондықтан біз құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту үшін кепілдік мерзімін кемінде 5 жылға дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Ал сіз атаған элементтерге 10 жылдық кепілдік енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Жалпы біз бұл бастаманы қолдаймыз, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, дәл қазір Мәжіліс құрылыс қызметін қағазбастылықтан арылтатын құжатты қарап жатыр.