Жаңа стандарт: Қазақстан мектептеріне «әлем әдебиеті» пәні енгізіле ме

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы қайта бекітілген Білім беру стандарты ел мектептерінде қазақ әдебиетімен қатар орыс әдебиетін де әрі қарай оқыта беруді көздейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

әлем әдебиеті
Фото: Kazinform/коллаж

- Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы №12 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік негізгі орта білім беру стандартына сәйкес білім беру ұйымдары, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті міндетті пәндерімен қатар, әлем әдебиетін оқытуды вариативтік компоненті есебінен жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылған. Әлем әдебиетін вариативті компонент сағаттары есебінен оқытылуы мүмкін, - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Ал осы вариативті компонент (педагогтің қалауы бойынша сабақтан тыс оқушылармен жүргізетін шығармашылық жұмысы) есебінен ұйымдастырылатын әлем әдебиеті пәнін оқу бағдарламасын мұғалім өзі әзірлеу керек.

- Қазіргі қолданыстағы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша әлем әдебиеті оқытылмайды. Вариативтік компонент есебінен жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылған жағдайда вариативті компоненттің курстары мен пәндерінің бағдарламаларын мектеп мұғалімдері әзірлейді. Ал мектеп оқулықтарын даярлау жалпы білім беру пәндері мен типтік оқу бағдарламаларына сәйкес баспалар арқылы жүзеге асырылады, - деп жазады министрлік мамандары.

Бұған дейін жаңа Білім беру стандарты кейбір мектептерге оқу пәндері біріктіріп оқытуға мүмкіндік беретінін жазған едік.