Жаңа Су кодексі Павлодардағы Өлеңті өзенінің мәселесін шешуге ықпал етеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Сенат қарауына жіберілген жаңа Су кодексінде өзен-көлдердегі бөгет иелерінің жауапкершілігін артытырып, мемлекеттік сараптаманы күшейту көзделген.

Жаңа Су кодексі Павлодардағы Өлеңті өзенінің мәселесін шешуге ықпал етеді
Фото: Жанат Ибраев

Су секторындағы ахуал мемлекеттің су шаруашылығы саясатын және саланы басқаруды түбегейлі жетілдіруді, қалыптасқан құрылымды қайта қарауды, су шаруашылығы субъектілерінің функцияларын бөлуді, экономикалық қатынастардың жаңа тетіктерін әзірлеуді талап етіп отыр.

Осы мәселені ескерген Парламент депутаттары былтырдан бері жаңа Су кодексін әзірлеуге кіріскен. Заң жобасы Мәжілістен өтіп, қазір Сенат қарауына енгізілді. Мамандар кодекс 1 сәуірге дейін қабылданып қалуы ықтимал деген пікірде. Жаңа нормативтік-құқықтық база қабылданса, су ресурстарын пайдаланудағы солқылдақ ережелер тыйылып, азаматтардың су үнемдеуге жауапкершіліктерін арттыра түседі деген сенім зор.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтің пікірінше, Су кодексі су бойларында салынған гидротехникалық құрылыстарды тиімді пайдалануға жол ашады. Әсіресе, бірнеше жылдан бері шаруалардың бас аурына айналып тұрған Павлодардағы Ақкөл-Жайылманың мәселесін шешуде маңызды роль атқармақ.

— Су кодексінің жобасында гидротехникалық құрылыстардың соның ішінде өзен бойларында бөгеттерді пайдаланып отырған жеке субъектілердің жауапкершілігін арттыруға мән берілген. Әсіресе, су айдындарының арнасын бұрып, бекітіп тастайтындарға қатысты жаза күшейтіледі. Ал жаңадан бөгет салуға ниеттенсе, әуелі мемлекеттік сараптама жүргізілуі тиіс болады. Қазақстан аумағындағы қолданыста тұрған барлық гидротехникалық құрылыстарды жыл сайын тексерістен өткізу де мақсат етілуде, — дейді депутат.

Былтыр Керекудегі Ақкөл-Жайылма алқабы мен Ақтоғай ауданының қырдағы халқы бірнеше жылдан бері әділдік іздеп, талай мекеменің табанын тоздырып келгені туралы мәселе көтерген едік

Тарқата айтсақ, Өлеңті өзенін көршілес Ақмола облысы Ерейментау ауданының «Айдар» шаруашылығы бөгеп тастап, 80-ге жуық шаруа қожалығын зар қақсатып отыр. Алайда су шаруашылығына жауапты министрлік пен саланың жергілікті ұйымдары аталған мәселені шешуге қауқарсыз болып шықты.

Жұртшылық мұны «мал өсіріп отырған ағайынға қолдан жасалған қастандық» деп бағалайды.

Нұржан Әшімбетовтің сөзінше, жаңа кодекс бұл мәселені халық пайдасына қарай шешуге ықпал етеді.

— Өлеңті өзенінің суына тосқауыл қойып тастаған кәсіпкер бөгетке кеңес өкіметі тұсында пайдаланған жобалар пайдаланылды деген сылтау айтқан еді. Бірақ оның зардабын ойдағы фермерлер тартты. Қолданыстағы заң жобасы бөгеттің жұмысын қайта қарауға мүмкіндік бермеді. Жаңа Су кодексі қабылданса, әлгі гидротехникалық нысанның құрылысын қайтадан сараптамадан өткізіп, өзгерістер енгізуге болады. Қазіргі кодекстің өзінде де «су барлығына жеткілікті болуы керек» деп жазылған. Бірақ онда кейбір жауапкершіліктер қарастырылмаған, — дейді ол.

Еліміз былтыр 2030 жылға дейін су ресурстарын басқаруды дамытудың тұжырымдамасын бекіткені мәлім. Тұжырымдамада 42 жаңа су қоймасын салу, тағы 37 су қоймасын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл 2 млрд текше метр суды жинауға мүмкіндік береді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпарынша, қазіргі жағдайды және халықаралық тәжірибені ескере отырып, Тұжырымдама жобасында су ресурстарын басқару жүйесін дамыту көрінісі жеті тәсілмен айқындалған.

Атап айтқанда:

— Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту;

— Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру;

— Су ресурстарын басқару жүйесін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жетілдіру;

— Экологиялық жағдайды жақсарту;

— Трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту;

— Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ғылыми-әдістемелік құжаттамамен қамтамасыз ету;

— Су саласындағы кадрлық қамтамасыз ету.

— Тұжырымдама 60 іс-шараны көздейтін Іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Ауқымды және бастапқы кезектегі іс-шараларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше шақырымға дейін су жинауға және үнемдеуге, сондай-ақ суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, — деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрдің айтуынша, елде ауыл шаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы су қорының 65%-ын құ­рай­ды. Су алу және өнім­сіз шығындар деңгейі туралы статистика суармалы егіншілікте суды ең тиімсіз пайдалану қарқыны бай­қа­латынын көр­сетеді. Жағ­­дайды түзету үшін су үнем­деудің озық техно­ло­гия­ларын енгізу керек. Фер­мерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігімен бір­ле­сіп су үнемдеу жүйелерін орнатуға және тамшылатып, жаң­бырлатып суару жаб­дық­тарын сатып алу шығын­да­рын субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөнінде жұмыстар басталған.

Айта кетелік Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанның Су кодексі қай елдің тәжірибесі бойынша қайта жазылып жатқанын айтқан еді

Соңғы жаңалықтар