Жаңа тариф саясаты, Конституциялық сот, заңсыз алынған қаражатты қайтару - Жолдаудан кейін не өзгерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайды. Онда Президент ел экономикасының дамуына баса назар аудармақшы. Осыған байланысты, 2022 жылғы Жолдаудан бері елде не өзгергені туралы материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолуында.

Өкілеттіктерді шектеу және президенттік сайлау

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Президенттің өзінен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі мемлекеттің барлық негізгі саяси институттарына әсер ететін мемлекеттің саяси жүйесін толықтай өзгерту керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев енді Президент қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық 1 мерзімге ғана сайланатынын мәлімдеді. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, әрбір Президенттің мемлекетке барынша пайда әкелуіне мүмкіндігі болады.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кезектен тыс президенттік сайлауды 2022 жылдың қарашасында өткізуді ұсынды. Сөйтіп, 20 қарашада Президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына үміткер ретінде алты адам тіркелді. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 81,31 пайызы немесе 6 миллион 456 мың 393 адам дауыс берді. Бұл ретте ОСК мен байқаушылар сайлаудың заңға сәйкес өткенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып ресми түрде тіркелді.


Саяси институттарды қайта іске қосу

Жолдау барысында Президент барлық деңгейдегі депутаттарды — Парламент Сенатының депутаттарын, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын, сондай-ақ 2021 жылы іске қосылған тікелей сайлау тетігі бойынша әкімдерді сайлау арқылы билік институттарының толық жаңартылғанын атап өтті.

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарда өтті. ОСК қорытындысы бойынша, 55 кандидат бюллетеньдерге енгізілді. Оларды сайлауға барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3167 депутаты қатысты. Нәтижесінде әр аймақтан 20 кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинап, сенатор атанды.


Келесі кезекте Президент Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетінін хабарлады. Сонымен қатар биыл Парламент Мәжілісінің, сондай-ақ мәслихаттардың сайлауы жаңа аралас пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша өтті. Мәжіліс депутаттарының 70%-ы (69 мүшесі) партиялық тізім бойынша саяси партиялардан, ал 30%-ы (29 депутат) – бір мандатты аумақтық округтерден (өз округінде ең көп дауыс алған) іріктелді. Облыстық, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының мәслихаттарында партиялық тізім мен бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болды. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау тек бір мандатты округтер арқылы жүргізілді.

Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау 2023 жылдың 19 наурызында өтті. Мәжіліске алты саяси партия кірді: «АМАНАТ» партиясы, «Ауыл» ХДП, «Республика» партиясы; Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Ал 27 наурызда Орталық сайлау комиссиясы бір мандатты округтер бойынша Парламент Мәжілісі сайлауының қорытындысын жариялады.


2023 жылғы 29 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясын ашты. Кездесуді ашқан Мемлекет басшысы саяси өзгерістер жалғасатынын атап өтті.

«Бір жылдың ішінде ауқымды жұмысты орындау нағыз ерік-жігері мықты адамдардың ғана қолынан келеді. Біз Отанымыздың дамуында бетбұрыс жасап, жаңа тарихи дәуір аштық. Алайда бәрі мұнымен тоқтап қалмайды. Бұл ұзақ жолдың басы ғана», - деді Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының отырысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қазақстанда бүкіл ел бойынша әкімдердің тікелей сайлауы өтетінін де атап өтті.

«Бұл өте маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Осыдан кейін республика бойынша аудан әкімдерін сайлауға көшеміз. Нәтижесінде барлық билік институттары жаңаша жұмыс істей бастайды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Биылғы 13 тамызда 7 өңірде 17 ауыл әкімі сайланды. 20 тамызда 3 өңірде тағы 21 ауыл әкімінің сайлау өтті. Барлығы 2023 жылдың соңына дейін 199 ауылды елді мекенде сайлау өтеді.


ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, соңғы 2 жылдың ішінде халық тікелей сайлау нәтижесінде 1668 ауыл, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қала әкімі сайланған.

«Олардың 75 пайызын саяси партиялар ұсынған. Қалған 25 пайызы - өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан көбі (57,4%) бұрын бұл қызметте жұмыс істемеген. Яғни, ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңартылды. Сонымен, сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайтындықтан, жер-жерлерде әкімдер құрамында біршама «жасару» болды», - деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram-каналында.

Мемлекеттің экономикалық өмірінде қандай өзгерістер болды?

2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Президент Қазақстанның мұнай мен газ экспортына тәуелділігін азайту және неғұрлым күшті әрі орнықты экономика құруға жәрдемдесу қажеттігін атап өткен еді. Нәтижесінде, осы жылы Үкімет шетелдік инвестицияларды тарту, шағын және орта кәсіпорындарды қолдау және инновацияларды ілгерілету бойынша шаралар қабылдады. Дегенмен санкциялық мәселелерден бөлек елімізде бірқатар проблемалар болып, жағдайды қиындатып жіберді. Мәселен, Қазақстандағы ЖЭО-дағы бірқатар ірі апаттар қыс кезінде бірнеше өңір тұрғындарын жылусыз қалдырды. Ең ірілерінің бірі Екібастұздағы ЖЭО апаты болды.

Фото Константина Шелкова

Жаңа тариф саясаты

Мемлекет басшысы елдегі коммуналдық кәсіпорындардың тозып кеткенін сынады.

«Елімізде электр желілерінің үштен екісі, жылу желілерінің 57%-ы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозған. Бұл сандар жағдайдың қандай екенін айтып отыр», - деп, Президент Үкіметке желілер тозуын кем дегенде 15%-ға төмендетуді тапсырды.


«Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты 2029 жылға қарай желілер тозуының 20%-ға төмендетуге бағытталған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бағдарлама аясында 2023-2029 жылдарға 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңартуға шамамен 3 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Салық кодексі

Жолдауда айтылған міндеттердің бірі ашық және болжамды салық саясатын қамтамасыз ету болды. Үкімет пен Парламент қазір Салық кодексінің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуде. Жаңа Салық кодексінің жаңалықтарының қатарында цифрлық бастамалар арқылы бизнес шығындарын азайту, ҚҚС өтеу жүйесі, салық төлеуден жалтару тәуекелдерін азайту, заңнаманы жеңілдету, салық төлеушілер үшін қиындықтарды болдырмауды ескере отырып, салық ставкаларын саралау, сондай-ақ арнайы салық режимдерін қайта қарау және оңтайландыру мәселелері қарастырылған.


Тәсілдердің барлығы салық төлеушінің қызметін жеңілдетуге бағытталып отыр. Жаңа Салық кодексі бұрынғыларға қарағанда тұрақты болуы кертиіс. Ол қазіргі салық төлеудің жеңіл болуымен, пайдалану жағынан қарапайымдылығымен ерекшеленетін болады.

Заңсыз алынған қаражатты өндіру және мектеп салу

Заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың соңында Үкіметке қойған негізгі міндеттерінің бірі болды. Шілде айында Президент «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Заңның тетіктері негізгі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік және билік ресурстары (байланыстар, ықпал) бар тұлғалармен бірге өскен олигополистік топтарға қолданылатын болады. Мемлекет басшысы жемқор шенеуніктерден тәркіленген активтерді елімізде жетіспейтін мектептердің құрылысына бағыттауды тапсырды. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, жемқорлардан тәркіленген қаржы 72 жаңа мектеп салуға жұмсалады. Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түскен. 106,7 млрд теңгенің 72 жобасы қолдау тапты, оның ішінде 85 мың оқушыға арналған 69 мектеп құрылысын аяқтауға 94,1 млрд теңге, жаңа үш нысанның құрылысына 12,6 млрд теңге жұмсалмақ.


Конституциялық сот жұмыс істей бастады

Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында елімізде жаңа институт – Конституциялық сот биылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп жатыр.

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованың айтуынша, сот соңғы сегіз айда біршама жұмыс атқарды. Осы уақыт ішінде оған 4 мыңнан астам өтініш келіп түскен, бірақ олардың көпшілігінде Конституциялық соттың құзыретіне жатпайтын мәселелер көтерілген, мысалы, үкімдерді қайта қарау, сот шешімдеріне дау айту, әлеуметтік мәселелерді шешу, субъектілердің немесе лауазымды тұлғалардың шешімдерінің күшін жою сияқты мәселелер бар. Конституциялық сот бұл өтініштерді қарай алмайды. Соған қарамастан, азаматтарға толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Фото: akorda.kz

Халықтың ақшалай кірістерін және әлеуметтік төлемдерді арттыру

Елімізде мемлекеттің саяси және экономикалық өміріндегі үлкен өзгерістермен қатар әлеуметтік реформалар да жүзеге асырылуда. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін өсті. Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жалақыны ең төменгі жалақыдан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті екенін ескеріп, 1,8 миллионға жуық жұмыскердің, барлық салалардағы және әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың жұмыскерлерінің ақшалай кірістері өсті. Ең төменгі жалақының өсуі басқа санаттағы жұмысшылардың орташа жалақысының да өсуіне әсер етті, өйткені жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткіші қолданылады. Мәселен, дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға өсіп, 531 мың теңгеге, медбикелердің жалақысы 20 пайызға өсіп, 250 мың теңгеге жеткен.


Биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен өсіру жүзеге асырылып жатыр. Жылдық өсім шамамен 13%-ды құрайды және әрбір зейнеткерге (2,2 млн) әсер етеді. 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемі 27 пайызға артуы тиіс.

Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімі 1,5 жылға дейін ұлғайды.

Елімізде сондай-ақ дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеруді көздейтін 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдау жаңа сайлау циклін бастады. Елдің саяси жүйесін толық жаңарту аяқталды. Саяси өзгерістер жалғасуда. Экономиканы монополиясыздандыру саласында елеулі жұмыстар атқарылды. Ал «Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» жаңа заң бұл жұмысты жаңа деңгейге көтерді. Бірқатар әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылды.

Бұдан бөлек қазақстандық тағы бір саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, Мемлекет басшысының Жолдаулары тек билікке ғана емес, әрбір қазақстандыққа тікелей әсер ететіндіктен, мемлекеттің жаңа тарихында ерекше орын алады. Еске салайық, жаңа Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің жаңа экономикалық моделін ұсынады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар