Жаңа тоқыма өнеркәсібін дамыту жол картасы әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа тоқыма өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

а
Фото: instagram.caspiylana

- Саланы одан әрі дамыту үшін кластерлік тәсілді және технологиялық жаңғырту шараларын күшейте отырып, Жаңа тоқыма өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу көзделген. Мақта саласының тиімділігін арттыру мақсатында Селекция және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында селекциялық бағдарламаларды қаржыландыруды 1,5-тен 7,5 млрд теңгеге дейін ұлғайту, 9 ғылыми-техникалық жобаны іске асыру, оның ішінде мақта селекциясын және бастапқы тұқым шаруашылығын, жабдықты жаңарту және шетелдік ұйымдарды тарта отырып, мамандар даярлау, Түркістан облысында мақта тұқымы зауытын жаңғырту (қуаты – жылына 1,5 мың тонна, пайдалануға беру – 2025 жылдың соңы) шаралары жоспарланған, - деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы сенаторлардың мақта өнімін сатып алу бойынша тұрақтандыру қорларын құруға қатысты ұсынысына жауап берді.

- Тұрақтандыру қорларының жұмыс істеу саясаты өңірлердің тұтыну нарығында азық-түлік қауіпсіздігін және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Басты міндет – бірінші кезекте қажетті әлеуметтік маңызы бар негізгі азықтүлік тауарларына (нан, тұз, ет, май және т.б.) бағаның өсуіне жедел әрекет ету және олардың тапшылығына жол бермеу. Мақта өнімі бірінші кезекте қажетті тауарлар қатарына жатпайтындықтан, оны сатып алу жөніндегі жеке тұрақтандыру қорын құру орынсыз деп есептейміз, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін сенатор Мұрат Қадырбек Үкіметке нарықтық экономикаға сай барлық тараптың құқығы қорғалып, әділ бәсекелестік пен сапалы өнім алу үшін арнайы мақта саласын дамыту туралы заң әзірлеуді ұсынған еді. 

Соңғы жаңалықтар