Жаңа төлқұжаттағы «ұлты» деген сөздің алынып тасталуына байланысты тиісті қаулыны қайта қарастыру керек ? Б. Тілеухан

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда жаңа төлқұжаттағы «ұлты» деген сөздің алынып тасталуына байланысты тиісті қаулыны қайта қарауды сұрады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2008 жылғы желтоқсанның 24-індегі №1235-ші Үкімет қаулысы бойынша бүгінгі қоғам өміріне ендірілген жайт біраз ел азаматтарының рухани санасын сілкіндіріп отыр. Сол қаулы бойынша ағымдағы жылғы қаңтардың 5-інен бастап жаңа төлқұжат беріле бастады. Жаңа төлқұжатта азаматтардың «ұлты» деген сөз алынып тасталған. Бірқатар зиялы қауым өкілдері бұл шараға наразылықтарын білдіріп, хат жазып отыр. Негізі ұлттың намысына тиетін бұндай қадамға бармас бұрын ойлану қажет еді, әлі де болса кеш емес. Өйткені , біздің ұлттығымыз, тіліміз, дәстүріміз бен дініміз ата-бабаның аманаты. Сондықтан да, депутаттық сауалымда Үкімет басшысынан аталған мәселені қайта қарауды сұраймын», деді Б. Тілеухан. Сондай-ақ әріптесінің көтерген мәселесіне өз ойын қосқан депутат Алдан Смайыл, Әділет министрлігінің жауапты қызметкерлері тарапынан төлқұжаттағы «жаңалыққа» дұрыс түсінік ала алмағанын жеткізді. «Біз министрлікке қандай халықаралық талаптар бойынша төлқұжаттағы «ұлты» деген сөздің алынып тасталғанын, бұл мәселені қандай ұйымдар көтергенін, бұндай халықаралық ұсыныстар болған күнде де орындауға міндеттілігімізді сұрап сауал салдық. Төлқұжаттағы ұлт белгісі елдегі қай заңға сәйкес алынды? Әділет министрлігінің лауазым қызметкерлері бұл сұрақтардың бірде-біреуіне толық жауап берген жоқ. Керісінше, сол мамандар «жаңа төлқұжатты жасаған кезде, техникалық құрал-жабдық құжатта көрсетілетін ұғымдардың барлығын сыйғызуға қабілетсіз болды», деген баланың әңгімесін айтып отыр. Шындығында, бұл мәселеде ешқандай да халықаралық сүбелі талаптар жоқ. Ал министрліктегілер «сіз шетелге шыққанда ұлтыңызға қатысты кемсітушіліктерге ұшырауыңыз мүмкін» немесе «кейбір азаматтар өз ұлтын көрсеткісі келмейді», деген арзан ұғыммен жұрттың басын айналдырып отыр. Сондықтан да, бұл мәселені әлеуметтің, заңның, саясаттың тілімен түсіндіріп беруді сұраймыз», деді А. Смайыл.
Соңғы жаңалықтар