Жаңа тіркелген микроқаржы ұйымы мен ломбардтар агенттікке бірден хабарламаса айыппұл төлейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті күшейтпекші. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті. 

микроқаржылық ұйымдар
Фото: РФ Қаржы нарығын реттеу агенттігі

— Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың (МҚҚЖҰ) әкімшілік жауапкершілігін күшейту бойынша бірқатар шараларды қабылдады, — делінген хабарламада.

Биылғы жылы 10 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (ӘҚтК) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына мынадай тиісті өзгерістер енгізілді:

— микрокредит бойынша сыйақының шамалары туралы ақпаратты қамтитын жарнаманы тарату және орналастыру кезінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің көлемін көрсетпегені немесе дұрыс көрсетпегені үшін МҚҚЖҰ-ға 50 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қолданылады;

— микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік немесе ломбард ретінде тіркелгені туралы Агенттікке хабарламағаны не уақтылы хабарламағаны үшін 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейінгі мөлшерінде айыппұл белгілене отырып, МҚҚЖҰ-ның жауапкершілігі енгізілді.

ӘҚтК-нің 211-бабына көрсетілген өзгерістер 2025 жылғы 13 наурызда қолданысқа енгізілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарына талапты күшейтетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар