Жаңа үй немесе өтемақы – өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға таңдау ұсынылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрттен зардап шеккендер жаңа үй немесе өтемақы ала алады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Бүгін Архимед Мұхамбетов эвакуацияланған тұрғындар уақытша тұрып жатқан мектепке барды. Аймақ басшысы зардап шеккендердің жаңа үй немесе өтемақы алуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Үйлердің құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылады», - деп жауап берді облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен тілші сауалына орай.

Алапат өртке байланысты Қостанай облысында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті құзырлы орган мәліметінше, әкімдік резервінен зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда қызыл жалын шарпыған аумақтардан 1 800-ден астам адам эвакуацияланған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кеткенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар