Жаңа заң архив саласының мүшкіл хәлін түзей ала ма – Елнұр Бейсенбаевпен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Ертең Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқыға салмақ. Осыған орай архив құжаттарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласын құқықтық реттеуді кеңейту, сондай-ақ электронды архив құру көзделген құжатты әзірлеуші топтың жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевты сөзге тартқан едік.

- Елнұр Сабыржанұлы, еліміздің архив туралы заңы 1998 жылы қабылданған екен. Содан бері цифрлық технологиялардың, жасанды интеллектінің дамуын ескерсек, жаңа заң қабылдау қажеттілігі түсінікті. Осыған орай, Мәжіліс депутаттарының қарауына шығарылып отырған құжаттың негізгі мақсатына тоқталсаңыз. Бұрынғы заңнан басты қандай ерекшеліктері болмақ?
- Заң жобасының басты мақсаты – құжаттық тарихи-мәдени мұраның, оның ішінде электронды құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету.
Ал басты ерекшеліктеріне келер болсақ, біріншіден, заң жобасында архив құжаттарын, оның ішінде электронды құжаттарды қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласындағы архив қоры және архивтер туралы заңнаманың қолданылу аясын кеңейту мәселелері көзделеді.
Екіншіден, электронды архивті жүргізу тәртібі, оның ішінде архив саласындағы уәкілетті орган меншік иесі саналатын «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу есебінен регламенттеледі.
Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдардың архив ісі саласындағы еңбек қатынастарын реттеу бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері кеңейтіледі. Осы норма аясында әкімдік жергілікті өкілді органмен келісім бойынша ауылдық жерде жұмыс істегені үшін қосымша ақы төленетін архив ісі саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындай алады.
Төртіншіден, архивтік құжаттарды, оның ішінде тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық және қала құрылысы құжаттамасы, сондай-ақ сызбалар мен оларға қатысты мәтіндік жазбаларды сақтау және пайдалану тәртібі реттеледі.
Бесіншіден, үшінші тұлғаларға мәліметтерді сұрату кезінде архив қорларында бар азаматтардың жеке өмірінің құпиясын қамтитын дербес деректер мен мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік архивтердің функциялары, құжаттарды Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу, оларды сақтау, архив құжаттарына меншік құқығын нақтылау бекітіледі.
Өздеріңіз де білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен соңғы Ұлттық құрылтайда бірыңғай электронды құжат енгізуді тапсырған болатын. Сондықтан заң жобасы аясында архив ісін толықтай цифрландыру көзделіп отыр. Бұл өте маңызды. Себебі, архив дегеніміз тарих екенін түсінуіміз қажет. Бұл институционалды жады. Бұл – 100, 200, 1 000 жылдан кейін белгілі бір саяси жүйені, ел тарихын дәлелдеп отыратын қазық.
Мұнан бөлек, заң қабылданған соң мемлекеттік қаражат есебінен түсірілген фильм, шығарылған кітап, газет сынды дүниелердің бәрінің бір-бір данасы архивке міндетті түрде өткізіледі.
- Жаңа заң архившілердің әлеуметтік жағдайын қаншалықты жақсартады?
- Бірден айтайын, елімізде ең төменгі жалақы алатын қызметкерлер бар. Олардың қатарына ауыл-аймақтардағы архив ісіндегі мамандар, кітапханашылар, мәдениет үйінде қызмет істейтін қызметкерлер, спорттық үйірмелерде сабақ беретін жаттықтырушылар кіреді. Жалақылары орташа есеппен 100 мың теңгенің шамасында ғана. Бірақ, бүгінгі Мәжіліс қарауына шығарылып отырған заң жобасы тікелей архив ісіне ғана қатысты.
Жалпы, ауылдарда архив ісінде қызмет істейтін азаматтарға заң бойынша ауылдық квотамен үстемеақы төлеуге болады, яғни 25 пайызға дейін көтеруге кедергі жоқ. Енді соны осы заңмен бекітеміз. Содан кейін ауылдағы архивте қызмет істейтін қызметкерлердің бәрі 25 пайыздық үстемеақы алады. Өйткені, ауылдағы әкімдіктің құзіретін кеңейтеміз, жергілікті бюджеттердің де мұндай үстемақы төлеуге мүмкіндігі жеткілікті. Енді соны барлық өңірден талап етіп, архив ісі қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға көтереміз. Бұл заңда шегенделеді.
Архившілердің жалақы мәселесіне келгенде мынадай да проблема бар. Мәселен, өздеріңіз білетін Ұлттық архив бар. Ұлттық архив деген аты ғана. «Ұлттық» деп аталғанымен, мәртебе берілмеген. «Ұлттық» мәртебесі сол жерде жұмыс істейтін архив қызметшілеріне 1,75 коэффициентпен жоғары жалақы алуға жол ашар еді. Дәл осы мәселені көтеріп, республикалық бюджеттің комиссиясынан өткіздік, шешімін алдық. Енді заң жобасының нормасына енгізіп жатырмыз. Құжатты 2-оқылымда қабылдағаннан кейін 1 қаңтардан бастап еліміздегі екі архив – бірі Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив, екіншісі елордадағы Ұлттық архив қызметкерлері 1,75 коэффициентпен жоғары жалақы алатын болады. Демек, орташа жалақылары 173 мың теңгеден 393 мың теңгеге дейін артады.
- Жоғарыда екі-ақ архивіміздің «ұлттық» мәртебесі бар екенін айттыңыз. Ал өзге облыс орталықтарындағы мемлекеттік архивтерге «ұлттық» мәртебе беруге не кедергі?
- Жалпы, халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, мәселен, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Франция сынды көптеген елде мемлекеттік архивке «ұлттық» мәртебесі ешқандай аралық атақсыз немесе мәртебесіз беріледі. Ал бізде «ұлттық» мәртебе материалдық-техникалық базаны нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі архив мекемелерінің беделі мен маңызын арттыруға, архив саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 1,75 коэффициентке ұлғайтуды қамтамасыз етуге, жас білікті кадрларды тартуға, архивтер көрсететін ақылы қызмет көлемінің ұлғаюын ынталандыруға және оларды архивті материалдық-техникалық жарақтандыруға бағыттауға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, жергілікті атқарушы органдарға қарасты мемлекеттік архивтерден тек облыстық деңгейдегі және республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік архивтері «ұлттық» мәртебесін алуға өтініш бере алады. Алайда, мемлекеттік архивтердің қазіргі жағдайына жүргізілген талдауға сәйкес, алдағы 5 жылда жергілікті атқарушы органдардың архив мекемелерінен «ұлттық» мәртебесін алуға тек заманауи үлгідегі ғимараты бар Алматы қаласының мемлекеттік архиві ғана үміткер бола алады.
«Ұлттық» мәртебенің берілуі мемлекеттік архивтердің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуіне және инновациялық тәсілдерді қолдануына ықпал етер еді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік архивтер қызметінің, оның ішінде жұмыскерлерінің де тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
- 2019 жылы 2020-2025 жылдарға арналған Архив бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асыруға 14 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген еді. Осы қаражатқа қандай жұмыстар атқарылды?
- Бірқатар жұмыс істелінді. Мәселен, бағдарламаны іске асырудың кешенді жоспарына сәйкес 200 мың, 500 мың, 1 миллион, 1,5 миллион, 10 миллион сақтау бірліктеріне арналған мемлекеттік архивтер үшін арнаулы үлгілік ғимараттар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу қолға алынды. Бірқатар өңірлік архив ғимараттарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Архивтерге микрофотопленкалар, фиксаждар, лицензиялық антивирусты бағдарламасы бар жиынтықтағы компьютерлер, моноблоктар, көп функционалды құрылғылар, кітап сканерлері, А2, А3 форматындағы планшеттік сканерлер, фотосканерлер, ішінара реставрациялау мүмкіндігімен киноқұжаттарды пленкалы жеткізгіштерден цифрлық форматқа аударуға арналған киносканерлер сатып алынды.
- Бағдарлама аясында отандық және шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалардан және ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша құжаттар мен материалдардың көшірмелерін анықтау және сатып алу бойынша ғылыми іздеу-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру көзделген еді. Осы бағытта атқарылған жұмысқа қатысты мәліметіңіз бар ма? Қандай елдерден деректер сатып алынып, ғылыми айналымға енгізілді?
- Еліміздің төл тарихынан сыр шертетін дәйекті архивтік деректер мен нақты дәлелді тарихи құжаттарды шетелдік архивтерден, мәдени-ғылыми орталықтардан анықтап, оларды отанына қайтару, ғылыми айналымға енгізу – Қазақстан тарихын терең зерделеуде маңызы өте зор.
2022-2024 жылдары аралығында еліміздің Орталық мемлекеттік архиві Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақ жауынгерлерінің ерліктері туралы тың деректерді, сондай-ақ ұлттық идеологиялық маңызы бар сипаттағы архивтік құжаттарды анықтау мақсатында Ресей Федерациясына, Беларусь, Қырғызстан, Германия, Франция, Мысыр, Қытай, Түркия, Латвия, Грузия, Әзербайжан, Армения, Монғолия, Иран, Венгрия, Татарстан, Башқұртстан, Үндістан, Қатар және Польша мемлекеттеріне ғылыми-экспедициялар ұйымдастырды. Нәтижесінде 6 мыңнан астам тарихи құжат топтамасының электрондық көшірмесі алынып, Ұлттық архивке мемлекеттік сақтауға тапсырылды.
Шетелдік архивтерде, кітапханаларда, ғылыми мекемелерде анықталған Қазақстан тарихына қатысты материалдар мен құжаттар бойынша жинақтар, фотоальбомдар, фотошежірелер және басқа да ғылыми еңбектер басып шығарылды. 2022 жылы Ұлттық архив тарапынан «Отанына оралған құжаттық қазына» І, ІІ томдары, «История столицы Казахстана» жинақтары, «Архив-2025» жобасын іске асырудың кешенді жоспары бойынша шетел архивтерінде, ғылыми мекемелерде сақталған құжаттарды анықтау бойынша әдістемелік нұсқаулық» жарық көрді.
Қоғамның архивтік киноқұжаттарға, әлемдік ақпараттық кеңістіктегі ретроспективті құжаттарға деген қызығушылығының артуы «Қазақфильм» киностудиясының деректі фильмдеріне арналған нұсқаулық» (1925-1994 ж.ж.) басып шығаруға негіз болды. Бұл фильмдерде халықтың әр кезеңдегі өмірі, елдегі маңызды оқиғалар, қарапайым халықтың күнделікті тіршілігі, тың жерлерді игеруі, топырақ эрозиясымен күресуі, ата-баба дәстүрі, табиғатты қорғауы, кен орындарын зерттеуі, жаңа зауыттар мен қалаларды салуы, бидай өсіруі, бейбітшілік пен ядролық қарусыз өмір үшін күресі көрсетілген.
Бұлар - «Архив-2025» бағдарламасы аясында іске асырылған жұмыстардың бір парасы ғана. Айта берсек өте көп.
- Жаңа Мемлекет басшысы Ұлттық цифрлық архив құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керектігін айтқанын еске салған едіңіз. Бұл бағытта қандай ілгерілеушілік бар?
- Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуының маңыздылығы туралы атап өткен болатын. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігі жасанды интеллекті қолдана отырып, бірқатар цифрлық бастаманы іске асырып жатыр.
Нақты айтар болсақ, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» (Е-Архив) жобасы қолға алында. «Е-Архив» ақпараттық жүйесін енгізу қағаз тасығыштарды цифрлық нысанға көшіруді жеделдетуге және архивтік деректердің сақталуын қамтамасыз етуге арналған. Бүгінде жүйеге 5 мыңнан астам ұйым және 18 мыңға жуық пайдаланушы қосылған. 63 мыңнан астам қор бірлігі, 93 мыңға жуық тізімдеме бірлігі және 4 млн астам сақтау бірлігі цифрландырылып, жүктелді. Электронды құжат айналымы жүйесінен «Е-Архив» жүйесіне 2 млн астам құжат көшірілді.
Ал Ұлттық құрылтайдағы Президент тапсырмасына келер болсақ, Ұлттық цифрлық архив - ғылыми зерттеулерді, архивтік құжаттарды, өнер туындыларын және басқа да құнды деректерді біріктіретін платформа. Бұл шешім елімізде электронды архив саласын дамытуға, әсіресе қазақ тілімен жұмыс істеу контекстінде мүмкіндіктер ашады. Өз кезегінде Ұлттық цифрлық архив құжаттардың, тарихи артефактілердің, фотосуреттердің, карталардың, бейнелер мен аудио материалдардың сандық көшірмелерін, сондай-ақ олардың орналасқан жері туралы ақпаратты қамтитын интеграцияланған платформаны құруға бағытталған. Жоба қоғамдық құндылықты қамтамасыз ететін цифрлық ресурстарды сақтауға және оларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Порталды білім беру, ғылыми және мәдени мекемелердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланған. Ең алдымен, «Е-кітапхана» және «Е-Архив», Qazaq Culture, e-Museum интеграциясы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Ұлттық цифрлық архивін құру жөніндегі жол картасы, ведомствоаралық жұмыс тобы сарапшыларының тізімі бекітілді.