Жаңа заң: Данияда зейнет жасы 70-ке дейін ұлғайтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Данияда зейнет жасын Еуропадағы ең жоғары деңгейге дейін көтеру туралы заң қабылданды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Дания
Фото: pixabay

Агенттік CNN-ге сілтеме жасап хабарлауынша, Парламентте 81 депутат «қолдап», 21 депутат «қарсы» дауыс берді.

Жаңа заң 1970 жылғы 31 желтоқсаннан кейін туғандарға қатысты болады. Қазіргі зейнет жасы орта есеппен 67 жас болса, 1967 жылғы 1 қаңтардан кейін туғандар үшін ол 69 жасқа дейін ұлғайтылуы мүмкін.

Еңбек министрі Ане Халсбо-Йоргенсен бұл шешімнің мақсаты — «болашақ ұрпақтың лайықты әл-ауқатын қамтамасыз ету» екенін айтты.

Данияның Статистика басқармасының ресми сайтындағы мәліметтерге сәйкес, елде шамамен 6 миллион адам тұрады. Олардың 713 мыңға жуығы 60-69 жас аралығында, ал 580 мыңға жуығы 70-79 жас аралығында.

Дания сақтандыру компаниялары мен зейнет қорларының сауда қауымдастығы хабарлағандай, соңғы жылдардағы үрдіс бойынша көптеген даниялық мемлекеттік зейнет жасына жеткеннен кейін де жұмыс істей береді.

F& P мәліметтері бойынша қазір Данияда зейнет жасынан асқан шамамен 80 мың адам еңбек етеді. Бұл өсімнің себебі — жақсы экономикалық жағдай, жұмыс берушілердің икемділігі, қаржылық ынталандыру және жұмысқа деген ұмтылыс.

Зейнетпен қамтамасыз ету директоры Ян В. Хансеннің айтуынша, 2040 жылға қарай мемлекеттік зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеру көптеген даниялықтар үшін таңғаларлық болуы мүмкін.

— Алайда статистика ұзақ уақыт жұмыс істегенді қалайтын даниялықтардың саны артып жатқанын көрсетеді. Жақсы жаңалық — көптеген даниялық денсаулығы мен еңбекке деген ынтасын сақтап келеді, — деді ол.

Дания — 60 жастан жоғары зейнет жасын белгілеуге көшкен алғашқы Еуропа елінің бірі. Бұл шешім Даниядағы зейнет жасын әлемдегі ең жоғарылардың бірі етіп, Ливиямен бір қатарға қояды.

2023 жылдың наурызында Францияда 64 жасқа дейін зейнет жасын көтеруге қарсы бір миллионнан астам адам наразылыққа шыққан еді — бұл Данияның жаңа зейнет жасынан 6 жас төмен.

Қыркүйекте Қытай үкіметі ерлердің зейнет жасын 60-тан 63 жасқа, әйелдер үшін — кәсібіне қарай 50 мен 55-тен сәйкесінше 55 пен 58 жасқа дейін арттыру туралы заң қабылдады.

Ұлыбританияда зейнет жасы 2026-2028 жылдары 67 жасқа көтеріледі, ал кейін 68 жасқа дейін ұлғаюы мүмкін.

АҚШ-та зейнет жасы Ұлыбританияға ұқсас, бірақ кейбір әлеуметтік төлемдер 62 жастан беріледі.

Денсаулығының жақсы болуы, өмір сүру ұзақтығының артуы және қашықтан жұмыс істеу көптеген америкалыққа егде жаста жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Дегенмен зерттеулер бойынша көбінесе қаржы тапшылығы оларды ұзақ еңбек етуге мәжбүрлейді.

Бұдан бұрын Қазақстанда 2025 жылы зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де өзгермейтіні хабарланды.

Соңғы жаңалықтар