«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» кепілдігін беру рәсімі жеңілдетілді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде құрылыс компанияларының «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігін алуы үшін қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.

Бақытжан Жүнісбеков
Фото: Видеодан алынған скрин

— Құрылыс компанияларын қаражатты заңды жолмен тартуға ынталандыру мақсатында Бірыңғай оператор кепілдігін алу талаптары жеңілдетілді: тәжірибеге қойылатын талап 3 жылдан 2 жылға қысқарды, құрылыс көлемі бойынша талап республикалық маңызы бар қалалар мен астанада – 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге, өңірлерде – 9 мың шаршы метрден 5 мың шаршы метрге дейін төмендетілді, – деді ол ОКҚ алаңындағы баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, Бірыңғай оператордың кепілдігі — үлескерлердің құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетігі. Ол «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады және құрылыс салушының дефолты жағдайында нысан құрылысын толық аяқтауды қамтамасыз етуге бағытталған.

— Сонымен қатар, құрылыс салушы не уәкілетті компания қысқа және ұзақ мерзімді міндеттемелерді шегергеннен кейінгі жиынтық активтердің кемінде 10 %-ына тең активке ие болуы тиіс, – деді Бақытжан Жүнісбеков. 

Еске салсақ, 30 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдарына үлестік қатысу және мүгедек адамдарды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң қабылданды. Жаңа заң елімізде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы сын-қатерлерді азайтып, құрылыс салушылардың жосықсыз тәжірибесін реттеуге бағытталған нормалар бар.

Соңғы жаңалықтар