Жаңа заң жобасы әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайтуды дұрыс деп санайды - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов депутаттарға зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі заң жобасының жаңа редакциясын таныстырды. Бұл халықтың көптен бері алаңдай күтіп отырған заң жобасы болғандықтан, оған деген қызығушылық та күшті болды. Министр өзінің сөзінде бізде зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін реформалау 1998 жылдан бері енгізілгенін еске салды. Содан бері Қазақстан халқы 10 зейнетақы жинақтау қорларына 3 трлн. теңге зейнетақы активін жинақтаған екен. Ендігі мақсат осы қорлардың бәрінің басын біріктіріп, Қазақстан Үкіметінің басқаруындағы Біртұтас зей­нетақы жинақтау қорын құру. Осының себебін және ұтымдылығын түсіндіруде министрдің айтқан дәйектеріне тоқталайық. Алдымен ол зейнетақы қорларының жұмысына біршама сындар айтты. Соның ішінде жинақталған қаражатты инвестиция ретінде құя алмай, көбінесе мемлекеттік құнды қағаздар алуға ғана жұмсалғанын атады. Осы жұмыстарды Бүкіләлемдік банк те сынап, зейнетақы қорларының тиімді жұмыс істей алмағанын атап өтіпті. Сонымен қатар, Бас прокуратура қаржылық заң бұзушылықтарды да анықтады, деді министр. Бұл мақала «Әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту дұрыс деп санайды жаңа заң жобасы» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Күші тасыған» полицейлер қамауға алынды» атты материал жарияланды. Жамбыл облысы про­кура­ту­расының арнайы прокурорлар басқармасы қылмыстық істерді тексеру аясында Тараз қаласындағы ІІБ 2-полиция бөлімінің қызметкерлерін, яғни қылмыстық полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Г. Иген мен жедел іздестіру өкілі Т. Аужановты уақытша оқшаулау мекемесіне қамауға алды. Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Ж. Батыровтың хабарлауынша, полицейлер қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі азаматты істеген қылмыстарын мойындату мақсатында күш қолданған. Сон­­дай-ақ, денсаулығына залал кел­тіреміз деп қорқыту арқылы жәбірленушіні де жалған мәлімет беруге мәжбүрлеген.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда Тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігі құрылуы қажет. Парламент қабырғасында кеше осындай ұсыныс айтылды. Және оны ұсынған - Үкімет өкілі. Жалпы, елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау үшін құрылған ұйымдар қаптап жатыр, олардың қызметіне қолдау көрсету мақсатында жыл сайын ел қазынасынан миллиондап қаржы бөлінеді. Тіпті сондай ұйымды басқарған Светлана Романовская Мәжіліс депутаттығына қол жеткізді. Бірақ соның өзінде қазір тұтынушылар көбінесе, қорғаусыз қалады.


«Жалпы, мемлекет тарапынан сіз бен біз­дің тұтынушы ретіндегі құқығымыз­ды Бәсекелестікті қорғау агенттігі «қыз­ғыштай» қоруға тиіс еді. Бірақ бұл ор­ган­ның пәрменін қарапайым халық байқа­май отыр, рас, тек агенттік басшылы­ғының Үкімет отырысында мәселе етіп көтеріп, медициналық мекемелердің көбінде тұтынушылардың бахилласыз жүруіне қол жеткізгенін еске түседі. Ал енді осы құрылым басшылығының биік лауазымды тұлғасы дәл осы мәселемен жеке айналысатын агенттік құрмай, болмайды деп отыр. Осылайша, Бәсекеле­стікті қорғау агенттігі өз мойнындағы жүктен арылғысы келмей ме, деген де ой туады»,-деп жазады басылым.

- Біз Қазақстанда жаңа агенттікті - Тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігін құру мәселесін көтеріп, тиісті ұсы­нысты енгіздік, - деп мәлім етті кеше Мәжілістегі «дөңгелек үстелде» Бәсеке­лестікті қорғау агенттігі төраға­сы­ның орынбасары Алиакпар Матишев. - Ол осы мәселемен жүйелі түрде айналысуы керек. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Тұтынушылар құқығын қорғау мәселесін анағұрлым салмақты шешуге деген қажеттілік бар. Осы мақала көпшілік назарына «Тағы бір агенттік құрылуы мүмкін» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

Осы басылымда «Қадірін кетірген кәсіпкер жазаланады» деген мақала берілген. Елімізде жалған кәсіпкерлікпен айналысушылар көбейіп барады. Мемлекеттің міндетті салығын төлегісі келмей, түрлі айла-шарғыға басатындарға құзырлы органдар да тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Мұның бір ұшы кеден бекеттері арқылы тауар тасымалдаудан басталатын сияқты. Кеше Үкімет үйінде Қаржы министрі Болат Жәмішев бастаған мекеменің жетекшілері кедендік әкімшілеуді жетілдіруге қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Министрдің мәлімдеуінше, ел бюд­же­тінің негізгі кірісін толтыратын кеденнен 2012 жылы 1 трлн 146,9 млрд теңге түсім түсіп, тиісті жоспар 101,4 пайызға асыра орындалыпты. Мамандар мұндай көр­сеткішке жетуді саладағы өзгерістермен байланыстырады. Енді межені тағы да көтеру үшін тың қадамдарға баруға дайын­далып жатыр. Қаржы министр­лігінің арнайы дайындаған жоспары маңызды мәселелерді қамтитын 7 негізгі блоктан тұрады. Атап айтқанда, кедендік тарифтерді біріздендіруді, инфрақұры­лымдарды дамытуды, электронды дек­ларациялауды енгізуді, электронды рұқсат беру мен лицензиялау жүйелерін ық­палдастыруды, кәсіпкер мәртебесін тіркемей-ақ жеке тұлғаларға коммерциялық тауар­лар партиясын өткізуді ынталандыруды, өкілетті экономикалық операторлар инс­титутын жетілдіруді, Кедендік бақылау комитетінен фискалды өкілеттікті Салық комитетіне беруді көздейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Қызылорданың «Қайсар» футбол командасына бұдан былай жергілікті жастар ғана алынатын болады. Бұл туралы команданың бас директоры Болат Есмағанбетов газеттің спорт журналистеріне берген сұхбатында айтты. «Рас, бүгін сол мақсатта жоспар жасаудамыз. Сыр елінен талай талантты футболшылар шыққаны белгілі. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Жанкүйер қауым бұл азаматтарды жақсы біледі. Алайда кейінгі жылдарда сол дәстүр үзіліп қалғандай. «Қайсардың» сапында сырттан келген ойыншылар саны көбейіп кеткен. Есесіне, жергілікті футболшылар саны кеміген. Жасыл алаң төрінде қызылордалық жастар көріне бермейтін болды. Ендігі кезекте жастар облыс намысын абыроймен қорғайды деп сенемін», - деді Б.Есмағанбетов. Бұл туралы «Қайсар» қайсар ұлдарын қайта жинады» атты сұхбатта жазылған.

Осы басылым таяуда еліміздегі төрт банкке ақша айырбас операциясын жүргізуге тыйым салынатындығын жазып отыр. Атап айтқанда, Темірбанк, ЦентрКредитбанкі, Каспий банк және ресейлік Сбербанктің біздегі филиалы. Бұл тыйым Ұлттық банктің бұйрығы бойынша 28 наурызға дейін өз күшінде болмақ. Негізінен, мәселе қаржы мониторингі талаптарының бұзылуынан туындаған көрінеді. Алайда, мамандардың айтуынша, мұндай факт -біздегі екінші деңгейдегі банктердің басында бар ортақ жайт. Онда жаза неге аталған төрт банкке ғана қолданылған? Сауалдың жауабын және осы төңіректегі басқа да жайттар туралы қаржы журналисі Кәмшат Сатиеваның «Төрт банкке неге жаза қолданылды?» атты мақаласында жазылған.

Соңғы жаңалықтар